Қарағандылық білім беру мекемелері сапалы білім беруге сақадай сай

Қуаныш ЕРМЕКОВА

10.11.2021, 09:52

211

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұрпағымызға сапалы, халықаралық талаптарға сай білім беруге барынша көңіл бөлуде. Әсіресе білім беру мекемелері саналатын мектептердің жеткілікті, қолжетімді болуына айрықша назар аударып, Қазақстанда 2025 жылдың соңына дейін 1000 мектеп салуға тапсырма да берді. Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президентіміз «Орта білім беру жүйесінің өткір проблемасы — мектептерде орын жетіспеушілігі болып отыр. 225 мың орын тапшы. Шұғыл шаралар қолданылмаса, 2025 жылға қарай ол миллион орынға жетуі мүмкін. Бұған дейін мен 2025 жылдың соңына дейін кемінде 800 мектеп салуға тапсырма берген едім. Бүгін 1000 мектепке дейін жеткізу міндетін қоямын», — деген болатын. Сондықтан дәл қазір елімізде білім беру мекемелерінің жеткілікті болуына, қолда бар мектептердің талапқа сай болуына айрықша мән берілуде. Әсіресе ауыл мектептерінің білім беруге дайындығына, оқушының талабына сай болуына, қала мектептерімен тең ету жұмыстарына еліміздің барлық аймағында көңіл бөлінуде.

Осы орайда бүгінде Қарағанды облысында 300-ге жуық ауыл мектебін жаңғырту жұмыстарының жоспарлануы көңіл қуантады. Ауыл мектебінің де оқушыларының заман талабына сай білім алуына ерекше көңіл бөлініп, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту және инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Мемлекет басшысының әсіресе қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты қысқарту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін алдыңғы орынға шығаруы тегіннен тегін емес. Өйткені уақыт талабына сай осы мәселелер маңызды болып отыр. Сондай-ақ, осы өңірде он білім беру нысаны салынуда. Атап айтқанда ауылдық жерлерде үш мектеп, төрт қосымша құрылыс, екі балабақша және Сәтбаев қаласында оқушылар сарайы бой көтеруде. Яғни мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жұмыстар толығымен жүргізілуде.

Жақында ғана Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифингте Қарағанды облысы Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова «Ауыл мектептерін жаңғырту аясында 57 мектепке күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін 61 мектеп кітапханасы мен 9 асхана, 26 мектеп пәндік кабинеттермен жабдықталып, 12 оқу орнында жиһаз жаңартылады. Nur Otan жол картасы аясында 2025 жылға дейін тағы 299 ауыл мектебін жаңғырту жоспарланған. Ал өңірдегі білім беру мекемелерін үш ауысымдықтан арылту үшін 2025 жылға дейін 17 мектеп салу жоспарлануда, оның үшеуі МЖӘ есебінен және біреуі жеке меншік» деген болатын. Демек мемлекет басшысының тапсырмасына сай Қарағанды облысында білім беру мәселелерін шешу үшін ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде деп айта аламыз.

Балалар қауіпсіздігі бірінші орында!

Жақында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім беру орындарындағы күзетті күшейтіп, балалардың қауіпсіздігіне мән беру қажет екенін айтқан болатын. Бас ұстаздың тапсырмасына орай Қарағанды өңіріндегі мектептердің де қауіпсіздігі күшейтілуде. Атап айтқанда Жол картасы аясында өңірде турникеттер орнатылған нысандар саны 245-ке дейін жеткізіліп, мамандандырылған күзетпен – 282-білім беру ұйымы қамтамасыз етілді. Атап өтер жайт турникеттері орнатылған объектілер саны жазғы кезеңде 27–ден 245-ке дейін, мамандандырылған күзетпен — 119-дан 282-ге дейін ұлғайтылған. Мамандандырылған күзет және турникеттер негізінен оқушылар контингенті 500 адамнан асатын ұйымдарда енгізілген. Жақын арада турникеттер тағы 31 нысанда орнатылып, олармен қамтамасыз етілу 87%-ды құрайды деп күтілуде. Сондай-ақ барлық білім беру ұйымдары  дабыл түймелері, құлақтандыру және бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. Өткен жылы оларды жаңартуға 5,2 млн.теңге бөлініп, тиімді игерілген. Алдағы уақытта бейнекамералар санын арттыру, VPN-байланыс арнасын орнату, ЖБО-ға немесе өңірлердің кезекші бөліміне бейнесигналды шығару бойынша жұмыстар жалғасын таба бермек.

Өңірде білім беруді жаппай қамту мәселесі де назардан тыс қалған емес. Осы орайда Қарағанды облысы Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова «Аутистік спектрдегі аурулары бар балалардың ата-аналары тарапынан келіп түскен көптеген өтініштерін ескере отырып, Қарағандыда орталық ашу туралы шешім қабылданды. Ол үшін қалада ауданы 700 шаршы метр екі қабатты ғимарат пен қажетті қаржы бөлінген. Орталық келесі жылы «Асыл Мирас» қоғамдық қорының қолдауымен ашылады» дейді. Мемлекет басшысының «Мен Үкіметке бұл мәселені байыпты түрде шешуді тапсырамын. Әсіресе, қашықтан оқыту форматына арналған ақпараттық жүйелер сапасын арттыру арқылы. Білім беру қолжетімді және инклюзив болуы керек. Барлық бала біліммен қамтылуға тиіс» деп жақында ғана берген  тапсырмасына орай алдағы уақытта инклюзивті санаттағы балаларды да талапқа сай біліммен қамту жолға қойылып отырғаны қуантады. Жалпы Қарағанды облысында атқарылып жатқан қайсы іс болмасын барлығы жоспармен, мемлекет басшысының тапсырмасына орай дер кезінде қолға алынып отырғанын атап айта кету керек.

Барлық балаға балабақша қолжетімді болуы тиіс!

Сондай-ақ елімізде балабақшалар жеткіліксіздігі де көптен мәселе болып келе жатқаны белгілі. Қазіргі таңда Қарағанды облысында мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту бойынша көптеген жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні облыста мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 72% толығымен қамтылған. Балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамтуды қамтамасыз ету үшін 2021-2025 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды ашуды іске қосудың қадамдық жоспары әзірленуде. Осыған орай биылғы жылдың соңына дейін мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды 82,4%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Бүгінгі күні атқарылып жатқан жұмыстарға көз жүгіртсек ол меженің де ауылы алыс еместігі байқалады.

         Техникалық және кәсіптік білім беру саласында да оң өзгерістер жетерлік. Техникалық және кәсіптік білім беру саласында еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттерді қалыптастыруға баса назар аударылып, өңірде сұранысқа ие емес мамандықтар бойынша мамандар даярлауды қысқарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Оның орнына жаңа, перспективалы мамандықтар ашылуда. Яғни уақыт сұранысына сай әрекет етуді көздеген жергілікті жердегі сала басшыларының жұмысы нәтижесіз емес. Соңғы үш жылда осындай 10 мамандық ашылса, жаңа оқу жылында өңір экономикасының қажеттіліктеріне жауап беретін тағы 10 жаңа трендтік мамандық ашу жоспарға енгізілген. Сондай-ақ «Тегін техникалық және кәсіптік білім беру» жобасы аясында кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс 8 281-ден 8 815-ке дейін артқан. Бұл ақылы негізде оқитын студенттер санының азаюына ықпал етері анық.

Пандемияға орай карантиндік жағдай жатаханалардың жеткілікті болуы аса маңызды екенін аңғартты. Бөлмедегі студенттердің санын шектей отырып, әлеуметтік арақашықты сақтау уақыт талабы екенін көріп отырмыз. Осы орайда өңірде студенттерге арналған жатақханалар саны артып келеді. Мәселен биыл Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжінің оқушылары үшін 100 орындық жатақхана пайдалануға берілген. Шахтинск технологиялық колледжі жатақханаға өзінің оқу ғимараттарының бірін бөліп, қазір жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 80 орындық жаңа жатақхана осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Осылайша мектептерде ғана емес, орта кәсіптік білім беру мекемелерінің де мәселелеріне көңіл бөлініп, дер кезінде шешуге жолға қойылып отырғаны аңғарылады.

Сапалы кітап сапалы білім кепілі!

Қарағанды облысында жаңа оқу жылында «Оқуға құштар мектеп» жобасы   жалғасын табуда. Осы жоба аясында мектеп кітапханаларына 135 мың дана көркем әдебиет сатып алынған.

Жалпы өңірде қала және ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайту жұмыстарына ерекше назар аударылып жатыр. Ауылдық жерлерде тұратын дарынды балаларды анықтау жүйесі енгізіліп, оқушылардың білім олқылықтарын толтыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларды қолдауға ерекше көңіл бөлініп, жыл сайын 18 мыңнан астам бала жалпыға міндетті оқу қорынан көмек алуда. «Болашағымыз білімді ұрпақ» дейтін ел ретінде қарағандылық білім беру мекемелерінің жетістігі көңіл қуантпай қоймайды...

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16:19
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Бифат ЕЛТАЕВА 12:21
Ғибраты мол байқау
Сайт әкімшілігі 08:37
Павлодарда лак-бояу өнімдері қоймасында алапат өрт болды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 13:30
Қарағандыда тағы бір ферроқорытпа зауыты ашылды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 12:16
Жезқазған ақыны Қарағандыда өткен республикалық айтыста Бас жүлде иегері атанды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 26.11.2021, 09:15
Қара алтынның үстінде отырған Қарағандыда көмір қымбат

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30