Қараусыз қалған аулалар, қоқыс басқан Қарағанды

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

04.08.2021, 12:03

1344

Қаздай тізілген контейнерлерден аста-төк төгіліп жатқан қоқыстар, жол шетінде домалап жатқан қалталардағы тамақ қалдықтары...

Осындай жиіркенішті көріністі Қарағанды көшелерінен кездестіруге болады. Шаhардың белсенді блогерлері  көкейкесті түйткілге қатысты тұрғындардың шағымы  көбейіп  кеткенін алға тартты. Аудан әкімдерінен қайыр шықпасын білгендей, жақында аймақ басшысы әлеуметтік желі арқылы халыққа  үндеу жариялады. Онда: «Құрметті достар! Сіздерді көмектесуге шақырамын! Егер сіз стихиялық полигонның куәсі болсаңыз, нақты бұзушыларды көрсеңіз, жедел әрекет ету үшін Senim 109-ға жазыңыз немесе қоңырау шалыңыз», –деп, елді елеулі мәселеге атсалысуға шақырды. Өңір басшысы олқылықты қала сыртындағы қоқыс төгетін  полигондардың  құрылыс қалдығының ошағына айналуымен түсіндірді. Сонда, қала ішіндегі көзден таса, көңілден шет қалған аулалардағы қоқыстарды кім бақылауы тиіс?

                                      Әкімдер қайда қарап отыр?

Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының көлемі үлкен. Ол  қала орталығы мен «Оңтүстік-Шығыс»  мөлтекауданының аумағын қамтиды. Алғашқысында әкімшілік мекемелер басым орналасқан. Сондықтан барлық назар сол жаққа ауады. Көше тазартушылар күндіз-түні  көзге көрнекті көше бойын тырналап жатады. Керісінше, тұрғындар көптеп шоғырланған «Оңтүстік-Шығыста» қараусыз қалған аулалар аз емес. Қоқыстары  жайрап жатады. Қоршаған ортаның ластануына салғырт қарайтын халықтың да үлесі барын жоққа шығаруға болмас.

– Біздің үй биыл көктемде пайдалануға берілді. Үйдің алдына әуелден жеке контейнер орнатылмаған. Тұрмыстық қалдықтарды Сарыарқа, 19 мекенжайындағы қоқыс алаңына  апарып төгеміз. Ол жерде небары үш контейнер тұр. Өздеріне жетпей жатқанда енді біздің килігіп отырған жайымыз бар. Кейбір жауапсыз тұрғындар  50 метрлік жерге аяқ басуға ерініп, тамақ  қалдықтарын жолдың бойына тастап кетеді. Аптап ыстықта осы маңнан шығатын жағымсыз иіс терезені ашсақ, үйге тарап кетеді. Бұл берекесіздік қашан тыйылар екен? – дейді Шахтер көшесінің тұрғыны Айымгүл Тұрмағанбетова.

– «Оңтүстік-Шығыстағы» қурап тұрған талдарды көргенде  аза бойың қаза болады. Әр жерден таудай болып үйіліп жатқан қираған ағаш бұтақтарын көруге болады. Жол бойындағы жасыл желектер күтусіз қалған. «Степной-2» ықшамауданындағы «Караван» аялдамасының бойындағы көлік жолының сол жақ қанатындағы  жасыл желектер қырқылмаған. Сабақтары жайылып, салбырап тұр, – дейді Бақтияр Омарханов.

Октябрь ауданының тұрғындары адам өміріне қауіп төндіретін салғырттық пен экологияға зиян туғызатын әрекетке  жекеменшік қызмет көрсетуші мекемелер мойын бұрмай отырғанына қынжылыс білдірді.

– Майқұдықтағы көптеген кәріз құдықтардың қақпағы қолды болған. Ашық аспан астында аузы ашық жатқан осындай құдықтардың бетін ағаш бұтақтарымен, машинаның доңғалағымен нығыздап жауып кетіп жүрміз. Өткен аптада осы жайтты видеоға түсіріп, инстаграмдағы жеке парақшама салдым. «Қарағанды су» ЖШС мамандарының соңына түсіп, Майлин және Березова көшелеріндегі  кәріздердің бетін әрең дегенде жапқыздым.  Ал Майқұдық жолында жүріп жатқан жөндеу жұмысы  ауданды ғана емес, қаланы  шаңға бөгтіріп тұр. «Голубые пруды» мөлтекауданының жолын  мерзімінен бұрын күреп тастады. Жаңбыр жауғанда бұл маңда тұратындарға  малмандай су мен лай-батпақтан аяқ алып жүру қиынға соғуда. Ашық күндері шаң-тозаң аспанға көтеріліп, тынысты тарылтады, – дейді Октябрь ауданының тұрғыны Айсұлтан Жақып.

Тұрғындар толғаған Қарағандының  тұрпаты осындай. Әкімдіктегі коммуналдық сала қызметкерлері  кабинеттен ұзап шықпайтынға ұқсайды. Одан қалса, көше тазалығын қадағалауға шыққан аудан әкімдерін жергілікті БАҚ-тан естіп, көгілдір экраннан көрген емеспіз.

  

            Өктем басшының ауласынан қоқыс жәшігі неге алынды?

«Оңтүстік-Шығыстағы» Кеншілер көшесі, 20/2 үйінің тұрғындары наразылық білдірді. Шағымдары аудан әкімдігіне жеткен. Бірақ нәтиже жоқ. Олардың айтуынша, қарсы беттегі 23-үйдің сегіз  контейнері бірден бір тәуліктің ішінде көрші үйдің ауласына келіп қонжиған. Тұрғындар «ешқандай  кеңес өтпеді, ешкімге келісім бермедік, сырттай шешілген шаруа» деп отыр.  Көпшілік қоқыс төгетін жәшікті кім әкеп қоныстандырғанынан да хабарсыз. Бірақ жасырын істің мәнісін жұрт бірден сезген.

– Қоқыс контейнерлері аластатылған үйде Қазыбек би ауданының лауазымды тұлғасы тұрады. Контейнерлердің орнын қаңылтырмен қоршап, қалқалап тастады.  Бәрінен бұрын  аядай жердегі ойын алаңында бой жазатын балаларымызға  обал. Қазыбек би ауданының әкімдігі ата-аналарға жұбаныш болсын дегендей,  қаздай тізілген әлгі контейнерлердің  артқы қабырғасына тіркестіріп, балаларға  футбол алаңын салып берді. Біздің шенеуніктердің  жас ұрпаққа жанашырлық пиғылы осындай. Басқа түскен жайттан аудан әкімі Нұрлан Рыстин хабардар. Ол «қоқыс жәшігін көшіруге араласқан жоқпын, бұл іске  мені қатыстырмаңдар» деді.  Осылай деген Қазыбек би ауданының бірінші басшысы шешім қабылдауға  әлі асығар емес, – дейді Шахтер көшесінің тұрғыны Айтуған Ырысалды.

Артынша біз  аудан әкімі Нұрлан Рыстиннің жеке телефонына қоңырау шалдық. Ол  тұрғындар сынына ұшыраған мекенжайларды қадалып әрі қалап сұрады. Қол астындағы жұмыскерлерді жіберіп, жөнге келтіретінін мәлімдеді. Құзыретімізге жатпаса да, қиылып сұраған әкімге «адрестерді» жіпке тізгендей  жазып жібердік. Іле Нұрлан Болатұлы уатсапқа «принято» деген жауап жолдады. Рыстиннің халықты титықтатып тұрған мәселені шешу-шешпесін уақыт көрсетеді. Ал жаз аяғы болса жақындап қалды.

Тегтер: экология заң айыппұл мәселе тұрғындар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

М.СӘУЛЕБЕК 15:04
Инвесторлар үшін тартымды өңір
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 11:13
Жезқазғанда экспедиция қатысушылары бұрын зерттелмеген петроглифтерді анықтады
Сайт әкімшілігі 09:25
Нұр-Сұлтаннан Ыстамбұлға шыққан ұшақ шұғыл қонды
Еркежан АРЫН 23.09.2021, 15:30
Жастардың мемлекеттік саясаты өзгеруі мүмкін
Еркежан АРЫН 23.09.2021, 13:00
Еріктілер вакцинаның маңыздылығын насихаттауда
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 23.09.2021, 08:30
Сарандағы РТБ зауыты ауданында тіршілік жаңарды

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39