#Qazaqstan30: 30 жылдық қарсаңында Жетісуда мәдени күндері өтіп жатыр

Еркежан АРЫН

10.11.2021, 11:31

231

Өткен аптада Жетісу жерінде Жамбыл облысының мәдени күндері басталған болатын. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы аясында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек бастап келген делегацияны Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қабылдады. Сол сияқты облыс басшысы жамбылдық өнерпаздардың «Жаңарған Жамбылдан жерұйығы Жетісуға!» атты концертін тамашалап, тілегін білдірген еді.

Облыс әкімдігінде өткен қабылдау барысында қонақтарға «Қош келдіңіздер» деген Амандық Баталов ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңындағы облыс жетістіктері, екі өңірдің бұрыннан қалыптасқан байланыстары, Жамбыл Жабаевтың меретойына арналған шаралар жайлы қысқаша баяндап өтті:

— Жамбыл облысымен біздің өңіраралық байланысымыз бұрыннан қалыптасқан. Бұдан бірнеше жыл бұрын біздің облыс Таразда мәдени күндерін өткізсе, бүгін, міне, өздеріңіз өнер көшін Жетісуға әкеліп отырсыздар. Екі өңірге де тән ортақ құндылықтар, ортақ шаралар бар. Жамбыл бабамыз екі облысқа ғана емес, күллі қазаққа ортақ тұлға. Бұған дейін жыр алыбының музейін жөндеуден өткізсек, мерейтой қарсаңында Мәдениет және спорт министрлігі бұл нысанды қайта жаңғыртуды қолға алды. Жамбыл ауылын, көшелерін абаттандырдық, мәдениет үйіне күрделі жөндеу жасап жаңарттық. 114 миллион теңге бөліп, 30 томдық кітабын шығардық. Осының бәрі облыс экономикасының жақсарғанының арқасында атқарылып жатыр. Соның нәтижесінде әлеуметтік салаға көп көңіл бөлініп келеді, — деп атап өткен облыс әкімі Амандық Баталов өңірдің дамуы жайлы бірқатар шараларды әңгімелеп берді. 

 Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек:

— Жетісуға сапарымызды Жамбыл бабамызға тағзым етуден бастадық. Басына барып, дұға еттік, музейін тамашаладық. Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени музейін, Үшқоңырдағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін көрдік. Әсеріміз керемет. Жетісу өңіріне келеген делегация құрамында 150-дей адам бар. Ұлы Жібек жолының бойындағы Тараздың тарихының бір бөлшегін көрме ретінде ала келдік. Ән-жырымызды әкелдік. Жалпы екі өңірдің бір-бірінен үйренетін, бір-бірімен тәжірибе алмасатын бағыттары көп. Біздің өңірде қазір қант зауыты салынып жатыр. Биыл 6 мың га жерге қант қызылшасын ектік. Осындай шаруашылық жағынан болсын, өнер алмасу жағынан болсын қос өңірдің өзара әріптестік байланысы нығая берсін, — деді.

Қабылдаудан кейін мәдениет күні Б. Римова атындағы драма театрында Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармонияның концертімен жалғасты. Концертте облыс әкімі көпшіліктің алдында делегацияны Жетісуға арнайы жіберген Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа ыстық ықыласын білдіріп, өнерпаздардың шығармашылығына табыс тіледі.  

Атап өтсек, мәдени күндер аясында жамбылдықтар Б.Римова атындағы драма театрында «Тараз – Ұлы даланың көне шаһары» атты жылжымалы көрме ұйымдастырды. Кітапханалары «Өткені – өнеге, бүгіні – бекем, болашағы – жарқын Жамбыл өңірі» атты жылжымалы мәдени шара өткізді. Делегация Жамбыл Жабаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақынның музейін аралады. Мәдени шаралар бүгін де жалғасып, А. Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры жетісулық көрерменге «Жамбылдың қызыл жолбарысы» атты қойылымын ұсынады.

Сондық-ақ, Талдықорғанда І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай «Төгейін жырды халқыма»  атты Халықаралық айтыс өтті. Еліміздің аузымен құс тістеген ақындарымен қатар Қырғыз елінің төкпе айтыскерлері арнайы келді. Айтысты құттықтау сөзбен ашқан облыс әкімі Амандық Баталов Қырғыз делегациясын қарсы алды.

— Бұл – халықаралық айтыс Алатауды жағалай қоныстанған екі ел арасындағы ғасырдан жалғасып келе жатқан қасиетті өнерге деген құрмет. Бұл — кешегі Сүйінбай мен Тоқтағұл,  Жамбыл мен Қатағаннан қалған мәңгі сыйластық. Бүгінгі айтыста Жамбыл баба өнерінің жаңа қырлары жырланып,  айтыскерлер достықты ту етеді деп сенемін. Осы айтысқа Қырғыз елінен Қаныбек Қапашұлы Иманалиев бастап келген қадірлі қонақтарымызға, айтыскер ақындарымызға «қош келдіңіздер» деймін, — деген Амандық Баталов Қаныбек Иманалиевтің иығына шапан жауып, естелік сыйлықтар тарту етті. 

Қонақтар атынан сөз алған Қ. Иманалиев: 

— Қазақ пен қырғызды басқалардан өзгеше ететін өздеріне тән бір биігі бар. Ол – киелі сөз. Біз сөзді байлықтан да,  басқадан да,  тіпті өмірден де биік қоямыз. Қазақ пен қырғыз жылқыға мінгенде,  домбыра мен қомыз тартқанда және айтысқа түскенде арқаланады. Рухани жақындығы мол қос елдің тәуелсіздігі баянды болып,  өнері өрістей берсін,  — деді.

Еске салсақ,  Халықаралық айтысқа ел атынан Жандарбек Бұлғақов,  Мұрадым Мирланов, Жалғас Мақсұтов, Айшолпан Тілеутай, Сырым Әуезхан, Қырғыз ақындары Амантай Құтманалиев, Азамат Блогонбаев,  Асылбек Маратов,  Баян Акматов, Кубат Тукешов қатысып жатыр.

Сөз додасына Халықаралық Түркі академиясының президенті, алқа төрағасы Дархан Қыдырәлі, жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Жұмабай Шаштайұлы, Қырғызстан Жазушылар одағының мүшесі,  композитор, публицист, Қырғызстанның халық әртісі Түгөлбай Қазақов,  Қазақстанның Мәдениет саласының үздігі, айтыс ақыны Айтақын Бұлғақов,  ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Асыл арна» телеарнасының бас директоры Мұхаметжан Тазабеков, ҚР Мәдениет қайраткері, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының оқытушысы Серік Қалиев, айтыскер ақын Балғынбек Имашев қазылық етті.

Айта кетейік, жыр алыбына арналған шаралар алдағы күндері де жалғасып, «Жамбыл ізімен» атты экспедиция Алматы, Тараз, Бішкек, Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларына шығып, Жамбыл атамыздың есімін ұлықтайтын болады.

Тегтер: шара жоспар әкімдім мәслихат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 17:45
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Сайт әкімшілігі 16:19
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Бифат ЕЛТАЕВА 12:21
Ғибраты мол байқау
Сайт әкімшілігі 08:37
Павлодарда лак-бояу өнімдері қоймасында алапат өрт болды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 13:30
Қарағандыда тағы бір ферроқорытпа зауыты ашылды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 12:16
Жезқазған ақыны Қарағандыда өткен республикалық айтыста Бас жүлде иегері атанды

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30