"Қазақтың тағдыры – менің тағдырым"

Атом полигонының құрбаны Кәріпбек Күйіков туралы бір үзік сыр

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

08.10.2020, 09:54

1581

Жарық дүниеге екі қолсыз келсе де, тағдырдың тәлкегіне төтеп беріп жүрген жандар кемде-кем.  Ауызынан қыл қаламын тастамай бейнелеу өнеріне өзінше туындылар әкеліп,  жер жүзіне атом сынағының қасіретін әйгілеген суретші Кәріпбек Күйіковті Қазақстанда білмейтін жан ілуде-біреу шығар. Атом бомбасының кәрібі Кәріпбек Қарағандыда тұрады.  Әлем азаматының  тісіне қыстырып, бақайының күшімен салған суреттерінде  өмір тарихы сайрап жатыр.  Оның шығармаларынан  өскен өлкесінің сағым даласы мен өз мекенінің  табиғи ортасының  ахуалы жайында  туындыларды да көруге болады.  

                                   Қажеттіліктен туындаған  шешім

Жақында әлеуметтік желіден  Кәріпбектің  «Өрістегі мал» туындысы  42 500 теңгеге сатылымға қойылғанын  көріп қалдық. Саудаға шығарылған картинаның құны жұмыстың шығынын ақтамайтыны айтпаса да түсінікті. Мәселенің мәнісін білмек болып,  дарқандық танытқан қылқалам иесінің өзіне хабарластық.  Бірегей суретші  нарыққа шығарған  жұмысын  қазақстандықтардың күнкөріс деңгейіне шектеп қойғанын  айтып жеткізді.

– Сатуға ұсынған картинамды үкімет бекіткен күнкөріс деңгейініне сай  шағып көруге бекіндім. Ол жұмыс  күн құрғатпай өтіп кетті.  Өскемен тұрғыны балабақшаға сыйлаймын  деп сатып алды.  Сатыпалушыма бір-екі күннің шамасында такси жүргізушісінен беріп жіберуге уәде бердім. Бұл  қаражат туындымның  шығынын өтемейтінін жақсы білемін. Мұндай қадамға бір себептен,   келесі жұмысыма керекті жабдықтарды сатып алу үшін барып отырмын. Нарық заңдылығына қарай   бояу мен картиналардың бағасы үздіксіз өсу үстінде.  Жоғымды түгендейтін  демеушім жоқ.  Дегенмен, тапсырыс берушілер де жоқ емес. Тұтынушыларымның бетін қайтармай, өтініштерін  орындауға бармын. Бірақ жасымның ұлғаюына байланысты,  ұзақ отыруға   денсаулығым жарамайды.  Күннен күнге көзімнің көру қабілеті төмендеп,  тісімнің күші кеміп барады.  Аңғарсаңыздар, әлеуметтік желідегі  жеке парақшамда  «менің жұмысым» деген беттегі шығармаларыммен кеңінен  танысқан   мұғалімдер мен дәрігерлер маған  қоңырау шалып, сатып алуға сұраныс білдіреді.  Бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын ескере отырып,  70-80 мың теңгеге бағалаймын.  Артынша,  Америка мен  Германияда тұратын достарым: «жанкештілікпен жасаған жұмыстарыңды неге сутегін бересің?», –  деп кейінеді.  Кеңпейілдік пен қанағатшылдық  – қазақтың қасиеті деп қалжыңдаймын. 

Барға қанағат, жоққа сабырлық ететін кеңпейіл мінез мүмкіндігі шектеулі жандардың бойына біткен асыл қасиет  екенін жақсы түсінгендейміз.  Үлкен жүректі азаматқа облыс басшылары 50 жасқа  толған мерейтойына  орай,  бір бөлмелі пәтер сыйлапты. Онымен  қоса,  тегін такси қызметімен және көмекші курьермен қамтамасыз еткен. Тәубесінен танылмайтын жігіт ағасы жақсылық жасаушыларға дән риза екенін  біз арқылы жеткізуімізді өтініп сұрады.

                   Полигон  ошағын  қоршау керек

Кәріпбек Күйіков 1989 жылы Семей-Невада антиядролық қозғалысының жетекшісі, ақиық ақын Олжас Сүлейменовке жолдаған суреттерінде жеке тағдырын  дестелеген. Олжастың Кәріпбекті тануы осы кезде басталды.  Азамат ақын атом полигонының қасіретін арқалаған жігітті ит арқасы қияңдағы сонау Жапония,  Германия, Түркия сияқты шалғай елдерге ертіп жүріп, оның арнайы көрмесін ұйымдастырды. Содан бері шет мемлекеттердегі  үкіметті емес ұйымдардардың ұйымдастыруымен жеке көрмесі дәстүрлі түрде  өтіп тұрады.  Былтыр осы мақсатта  Америка мен Британияда, Ресейде болып қайтқан. 2014 жылы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев  Күйіковті Америкаға  ала барып, көрмесін ашқан.  Осы сапар барысында Назарбаев АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обамаға  Кәріпбектің «Жарылыс» деген суретін сыйға тартты. Өкіл әкесіне балаған Олжастың қылқалам шеберіне жасаған қамқорлығы ортайған жоқ. Билікті көтеріп көлік сыйлап, туған жерінен зәулім үй салғызып берді.  Ақыр соңы ұлы даланың ұлтжанды ұлы Олжас Кәріпбекпен әлемді кезіп жүріп, Семей полигонының жарылысын тоқтатты. Алайда ажал аждаhатының зардабы  әлі толық жойылған жоқ. Осыны ойлаған сайын  Кәріпбектің  жандүниесі қатты уайым шегеді.

— Семей полигонының ошағына айналған Егіндібұлақ ауданының халқына ешқандай әлеуметтік  көмек көрсетілмей отыр. Оларды сауықтыру шаралары да мүлдем ескерусіз қалған. Туған ауылыма экологиялық ауыл мәртебесін беру мәселесі талай көтерілгенмен, ескерусіз қалып келеді. Атом сынағының эпицентрі болған жерде және  полигон базасы болған Курчатов қаласының маңында  шағын көл пайда болған. Оның суына түсіп, жүзген адамдар артынша ауыр дертке ұшырайды.  Ең болмағанда, сынақ жүргізілген  қауіпті жердің аумағын түгелдей қоршап, кісі  аяғы баспайтын, мал жайылмайтындай етіп бекітіп, қоршау тұрғызу  кезек күтірмейтін мәселе.  Ел үкіметі осыны жеделдетіп қолға алса,  құба-құп болар еді. Ғалымдардың зерттеуі бойынша,  сынақтың зияны көпке дейін сақталады, тіпті ғасырға ұласуы мүмкін. Ал қазақ даласындағы  атом бомбасының тоқтағанына  небары он тоғыз жыл  уақыт  болды.

Атом жобасының құрметті елшісі, суретші Кәріпбек Күйіков 2017 жылы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ұсынылған болатын. Бірақ сол жылы бұл сыйлық ядролық қаруға тыйым салу жолында тынбай тер төккен ICAN  халықаралық компаниясына берілді. Кәріпбек  Стокгольмдегі салтанатты жиынға  құрметті қонақ ретінде шақырылды. Сапар шығынын түгелдей ұйымдастырушылар өз міндетіне алған көрінеді. Жарылыстың ащы зардабын көрген Күйіков осы жолдағы күресін тоқтатпақ емес. Себебі, адамзат баласының азасы мен наласын арқалаған Семей ядролық полигоны иеленген жер көлемінің 7 пайызы Қарағанды облысының аумағына тиесілі. Яролық сынақ толығымен тоқтағанымен, оның әсері әлі де елді алаңдатып отыр.  Кәріпбек осынау  күрмеуі  қиын мәселені  кеңінен қозғауға  қашанда әзір екенін аңғартты. Бұл келесі жолғы әңгімеге арқау болмақ.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Батырхан Тоғызов 20.10.2020, 10:58
Әр адамның еңбек өтілі дербес есептелсін
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 20.10.2020, 10:51
Биотехнопаркті мақсат еткен Аэлита
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.10.2020, 10:41
Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 20.10.2020, 10:17
Карантиндік шектеулер күшейтілді
Миуа БАЙНАЗАРОВА 20.10.2020, 10:13
Күштінікі – диірмен тартады
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 20.10.2020, 10:05
Қарағанды билігі жасыл желекке неге шүйлікті?

Аңдатпа


  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16
  • Ашық хат
    15.10.2020, 10:44
  • Билік жұртта қалған елу отбасыны көшіре алмай отыр
    15.10.2020, 10:38