«Қызыл аймақтағы» Шығыс Қазақстан

Тоғжановтың тапсырмасын орындай ала ма?

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

05.11.2020, 04:41

1238

      Апта басынан бері Шығыс Қазақстан облысын коронавирус індетінің көрсеткіші шыр айналдырып тұр. Премьер-министрдің орынбасары, COVID-19-дың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы  Ералы Тоғжанов осы жағдайға байланысты өңірге арнайы келіп, облыс әкімі Даниал Ахметовке 10 күн ішінде эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруды тапсырып кетсе де, оңалу оңай болмай тұр. Қауіпті вирустың төбесі көрінбей жатып, «біз екінші толқынға дайынбыз» деп ұрандатқан өңір басшысының сөзі мен ісі алшақ екенін Шығыс Қазақстан облысының «қызыл аймаққа» енгенінен-ақ байқауға болады. Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мұндай қорытындыға келуіне соңғы екі тәуліктегі көрсеткіштер себеп. Яғни 3 қарашада облыс бойынша бір тәулік ішінде 226 адамнан коронавирус анықталса, 4 қарашада індет жұқтырғандар саны 197-ні көрсетті.

     Аймақтар бойынша нәтижемен салыстырсақ, Шығыс Қазақстан облысының алаңдатарлық жағдайға жеткені соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұр:

Нұр-Сұлтан қаласы – 31Алматы қаласы – 23Шымкент қаласы – 1Ақмола облысы – 28Ақтөбе облысы – 5Алматы облысы – 13Атырау облысы – 9Шығыс Қазақстан облысы – 197Жамбыл облысы – 4Батыс Қазақстан облысы – 14Қарағанды облысы – 16Қостанай облысы – 17Павлодар облысы – 41Солтүстік Қазақстан облысы – 33Жалпы, ел бойынша ауырғандар саны – 113 741

     Ақталғанда алдына жан салмайтын облыс басшылығы қанша құбылып бақса да, денсаулық сақтау министрлігінің дерегі осылай дейді. Бұған Шығыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 10 521-ге жеткенін қосыңыз.

     Қазір облыс орталығы Өскемен қаласына әуе және теміржол арқылы қатынайтын жолаушы тасымалдау рейстері қысқартылды. Дегенмен түрлі себептермен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы туыстарына, балаларына, басқа да жақындарына барғысы келетіндердің ПТР-тест тапсыруға міндеттелгені тұрғындар наразылығына түрткі болуда. Өйткені ақылы тест тапсыру бағасының қалтаға салмақ түсіретіні өз алдына, жекеменшік емханалардың қорытындыны тәулік ішінде дайын етуі үшін түрлі қитұрқылықтарға баратыны тағы бар.

     Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласына бармақ болған семейлік Сұңғат Демесінов ешқандай медициналық талап жоқтығын, жекеменшік клиникалардан ғана тест сынамасын тапсырту арқылы әлдебір топтардың ауадан ақша жасап отырғанына ашынады.

— Емханаларда процедуралық кабинет деген жоқ. Мұрныңа мақта тығады да, қоя береді. Invivo, «Инвитро+», «Олимп» сияқты жекеменшік клиникалардың қызметіне бақылау жоқ. Таңғы сағат 7-ден қайсысына барсаң да, жер қайысқан жұрт. Бәрі де жол жүруі керек, амалсыз ПТР-тест тапсыруға кезекке тұрады. Оның қорытындысын алмай, ұшаққа, пойызға отыра алмайсың. Ол да түк емес. Әуежайға барғанымда «40 мың теңгеге тест қорытындысын шығарып береміз» деп, жүгіріп жүрген пысықайларды көрдім. Оларды ол жерге осы жекеменшік емханалар жіберіп отырған болуы керек. Адамның жаны қысылып тұрғанда мұндай жолмен ақша жасау адамшылыққа жата ма?! ПТР-тест құны бір адамға – 9 мың теңге. Жарыңмен бірге жолға шығатын болсаң, 20 мың теңгеге жуық ақша. Үш күн бұрын ұшаққа билет алып қойғанбыз. Бір күн қалғанда ПТР-тест тапсыру міндеттелді. Ертең ұшуымыз керек болған соң, «Инвитро+»-ке жанталасып барсақ, қорытындысы екі күнде дайын болатынын айтты. Оған күте алмайтынымды айтып едім, 10 500 теңгеге күнбе-күн әзір болатынын айтты. Сонда әйелім екеумізге 21 теңге төлеуім керек болды. Бұл – бір. Екіншіден, бес жасқа дейінгі баладан сынама алмайды. Алты жасқа толған балаларға да осы баға. Ересектермен бірдей бағаны балаға да қойғаны қалай?! Бұл, міне, біздегі медициналық қызметке бақылау жоқтығын көрсетіп тұр. Бар шығар, бірақ әлдебір жемқорлық жүйенің жұмысы жүріп жатқанына күмән жоқ, – дейді С.Демесінов.

      Қызық болғанда, елді әуре-сарсаңға салып, қалтасын қаққан ПТР-зертханаларының жұмысы сын көтермейтінін облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі де мойындап отыр. «Семейге жұмыс сапарым барысында  ПТР-зертханаларының құрылыс барысын тексердім. Өкінішке қарай, жекеменшік ПТР-зертханаларының жұмысы сапасыз, нормативтік мерзімдер барынша бұзылып келеді. Тест нәтижелері тиісті 24 сағатта емес, 30 күннен кейін берілуде. Мұның бәрі дәрігерлер мен тұрғындардың әділ наразылығын тудырып отыр. Осы себепті біз бес ПТР-зертханасын сатып алу туралы шешім қабылдадық. Олардың бірі 10 қарашада Семейдегі ЖМЖА-да құрастырылып іске қосылады, ал №2 жұқпалы аурулар ауруханасындағы қуаты 1000 зерттеуге арналған модульдік кешен 20 қарашаға дейін дайын болады. Ал Өскемен қаласының №4 ауруханасында жұмыс 7 қарашада аяқталады. Біз мұндай бассыздыққа шыдай алмаймыз. Өйткені бүгін тағы да жекеменшік зертханалар қуатына қарамастан, ұзын сонар кезек жасады. Бұл – вируспен күресудің тиімділігін төмендету», – деп мәлімдеді Д.Ахметов фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

       Облыс әкімі осылай деп, жұрт күйінген жағдайдан хабардар екенін аңғартқанымен, қарақұрым кезекке тұрған халықтың қалтасын қағып, «тест-сауданың» көрігін қыздырған жекеменшік емханаларды тезге салуға асығар емес. «Қызыл аймақта» қалған облыстың денсаулық сақтау департаментіне әлі күнге дейін басшы тағайындалмағаны да екінші толқынға қаншалықты әзір болғанымызды айғақтап тұрғандай.

Тегтер: коронавирус індет медицина ахуал науқас аймақ

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 17:56
Оңалту орталығына жасалған сый
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10:18
Өндірісті өлке өміршеңдігін танытты
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 09:20
Бір Өскеменге екі Пушкин әділет пе?
Сайт әкімшілігі 25.11.2020, 22:33
«Бизнеске арналған үкімет»
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 25.11.2020, 17:22
Батыс Қазақстанда азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін 30 мини-маркет ашылады
Нұрболат ӘЛДИБЕК 25.11.2020, 10:14
Байзақтықтар бала таптыру мен жол жөндеуден көш бастап тұр

Аңдатпа


  • Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
    25.11.2020, 10:40
  • «Жас Алаш» жазған жайдан соң: Тұғыл тығырықтан шықты (видео)
    24.11.2020, 15:57
  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    24.11.2020, 12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42