21.12.2020, 11:02
2110
Қызылорда қаласының әкімдігі жаңа жылдық мерекеге бюджеттен қаржы қарастырмаған.
Бұл жайлы қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов айтты.
— Пандемия басталғалы мерекелік шараларға бөлінген қаржыны біз мәдениет бөлімінен алып, басқа әлеуметтік қажеттіліктерге қарай бағыттадық. Дегенмен, халықтың мерекені сезінуге жағдай жасау үшін біз бұрын алған қажеттіліктерді орнататын боламыз, — деді әкім орынбасары.
25 желтоқсанда облыс орталығында бас шыршаның шамы жағылады. Бірақ шырша маңында жылдағыдай думанды кеш ұйымдастырылмайды. Әдеттегідей өнерпаздар концерті де өтпейді. Және дәстүрге айналып кеткен отшашуда болмайды. Биліктегілер «қала көшелеріне бұрын алынған тақырыптық көрнекі құралдарды қоямыз» деп отыр. Сондай-ақ ұжымдық жиналу шараларына да рұқсат етілмейді.
Ал келер жылғы қала бюджетінде біраз өзгерістер бар.
Бұл жайында қалалық мәслихаттың жылжабар сессиясында айтылды.
Енді фискалдық операциялардан түсетін түсімнің (салықтың) 90 пайызы облысқа тек 10 пайызы ғана қала бюджетіне бөлінбек.
— Келесі жылы өз кірістеріміз 8 млрд 570 млн 228 мың теңгені құрайтын болады, — деді сессияда қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова.
Бюджеттегі өзгерістерге қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев былай деді.
— Бюджет биылғыдан қарағанда төмендеу. 2021 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап республика бойынша білім саласы облыстық бюджетке ауысады. Жалпы бюджет қаржысының 40 пайызы осы білім саласына бағытталады. Былтыр бюджет 100 млрд-қа жақын болса, соның 40 млрд-қа жуығы білімге жұмсалатын. Бұл жолы да жылдың басында 30 млрд-тай қаражатымыз білім саласы арқылы облысқа ауысады, — деді әкім.
Келер жылдан бастап қала мұғалімдерінің айлығын енді облыстық білім басқармасы бөледі. Осылайша білім саласына бөлінетін қаржы орталықтан басқарылмақ.
Және бір жаңалық, осыған дейін соғыс ардагерлері мен тыл ардагерлеріне есептік көрсеткішпен есептелетін әлеуметтік жәрдемақы беріліп келді. Енді оның бекітілген сомасы анықталды. Атап айтқанда, келер жылдың 9-шы мамырында 2-ші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне 1 миллион теңге, тыл ардагерлеріне 100 мың теңге, соғыс ардагерлерінің жесірлеріне 100 мың теңге, халықаралық бітімгершілік операциясына және Таулы Қарабақтағы этносты реттеуге қатысқан азаматтарға 87 мың 510 теңге қаржы бір реттік әлеуметтік көмек беріледі.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР