Қызылжарда алаяқтар көбейіп барады

Сағындық РАХЫМЖАН

29.07.2022, 15:43

1082

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында алаяқтыққа қатысты 520 қылмыстық іс қозғалыпты. Оның 400-ден астамы киберқылмыстар санатына жатады. Алаяқтардың сүйікті тәсілі қарапайым, «классикалық үлгі» десе де болады. Өздерін өкілетті органның, не болмаса банк қызметкерімін деп таныстыратын олар, адамның сеніміне оңай кіріп, өз айтқанын істетеді.

Жуырда ғана мынандай бір оқиға орын алды. Қала тұрғынына «полиция қызметкерлері» хабарласып, оның пәтерін алаяқтар банкке кепілге қойып жатқанын хабарлаған. Тәртіп сақшысымын дап таныстырған «Остап Бендердің» сөзіне сеніп қалған ол, дереу  баспанасын сатып жіберген. Онымен қоймай, түскен 16 миллион теңгені алаяқтар көрсеткен есеп-шотқа аударыпты.

          Алданғанын кеш түсінген ол, бірден прокуратураға хабарласыпты. Іс бітті, қу кетті демекші, мұндай интернет қылмыстың ашылуы да қиын. Құқық қорғау органдары да, азаматтық ұйым өкілдері де, бұқаралық ақпарат құралдарында алаяқтықтың фактілері туралы күнде айтып жатса да, сан соғып қалғандар азаяр емес. Тіпті көбейіп барады. Осыған байланысты, облыс прокурорлары немесе полиция қызметкерлері хабарласса, бірден «102» нөміріне қоңырау шалуға кеңес береді. Бірақ аузы күймей сабақ алмайтындар барда, «Алдаушылардың» да азаймасы анық. Олардың тағы бір әдісі, банк қызметкері рөліне ену. Өзін банк менеджері немесе осы қаржы ұйымының қауіпсіздік қызметінің өкілі ретінде таныстырып, белгісіз біреулер «сіздің атыңызға несие рәсімдегелі жатыр, сондықтан шоттағы қаражатыңызды мына шотқа аударыңыз», – деп сендіреді де, ашықауыз клиенттің жиған-тергенін иемденіп кетеді. Бұл алаяқтардың жиі қолданатын тәсілі. Әсіресе жасы келген егде адамдар түседі бұл құрыққа.

          Және, мұндай интернет арқылы жасалатын қылмыстардың ашылуы қиын. Өйткені ғаламтор арқылы алаяқты анықтау қиынға соғады. Дегенмен соңғы уақытта ашық алдауға кіріскендер қылаң бере бастады. Солардың бірі – энергия тарату компаниясы өкілдерінің атын жамылушылар. «Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметі компанияға қылмыскерлердің сөзіне иланып, сан соғып қалған бірнеше петропавлдықтың шағымданғанын мәлімдеді.  

– Энергия таратушы компанияның қызметкерлері апат орын алған жағдайда жөндеу жұмыстарын жүргізбейді. Дегенмен екі нұсқама береді, олардың біреуі тұтынушыда қалады. Егер үйлеріңізге «Севказэнерго» АҚ қызметкері келіп жатса, одан маманның  деректері көрсетілген біліктілік куәлігін талап ету қажет. Ресми құжат ұйым қызметкерлерінде ғана бар, – деп хабарлады баспасөз қызметі.

Міне, соңғы кезде қымбатшылықтан титықтаған қарапайым халықтың қалтасына түсуді кәсіп қылған арам ойлылардың сиқы осындай. Ең сорақысы, дәніккен алаяққа тоқтау салуға тәртіп сақшылары да тосқауыл бола алар емес. Мұндайда халықтың құқықтық сауатын арттырудан басқа амал жоқ. Маңдайы тасқа тигесін, болашақта арамзадан аулақ жүрер. Бірақ оған дейін алаяқтар қанша адамды сан соқтырары белгісіз.

Тегтер: қылмыс тергеу тексеру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Арайлым ЕРКЕБАЕВА 15.08.2022, 09:05
Діннен тірек таба алмай адасқандарға ақпараттық түсіндіру тобы көмекке келуде
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 10:21
Қарағанды облысында жол-көлік апаты салдарынан үш адам қаза тапты
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 08:51
ШҚО-да қарттар үйінің лауазымды тұлғалары 7,4 млн теңге жымқырған
Бифат ЕЛТАЕВА 11.08.2022, 16:56
Жас таланттарды анықтайтын жоба
Сайт әкімшілігі 11.08.2022, 15:06
Қостанайда балабақша тәрбиешісі үш жасар бүлдіршіннің сүйегін сындырған – министрлік
Сайт әкімшілігі 11.08.2022, 10:22
Қазақстанның бірқатар өңірінде бейсенбі күні бұршақ аралас жаңбыр күтіледі

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49