Руслан Рүстемов, Жаңақорған ауданының әкімі: Жаңақорған жаңарып, жаңғыруда

Миуа БАЙНАЗАРОВА

07.10.2021, 08:57

1069

Жақында Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында 13 ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтіп, жеңіске жеткен әкімдер қызметтеріне кірісті.Сайлауға 17 сайлау учаскесінен 11 300 сайлаушы қатысып дауыс берді, яғни тұрғындардың 73,4 пайызы өз таңдауын жасады. Алты ауылдық округ әкімі орынтағын сақтап қалса, жеті әкім жаңадан сайланды. Осы орайда, ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы кеңірек білу үшін аудан әкімі Руслан Рүстемовті сөзге тартқан едік.

 

–Ағымдағы жылғы бірінші жартыжылдықтағы ауданның әлеуметтік экономикалық дамуына тоқталсаңыз.

    – Қазіргі таңда аудандық бюджет көлемі 7 млрд 533 млн теңгені құрайды. Қаңтар-маусым  айларында  жергілікті  бюджеттің кірістер болжамы 109,6 пайызға орындалды. Негізгі болжам 2 млрд 501 млн теңге болғанымен, орындалғаны  2 млрд 742 млн  теңгені құрады, 241 млн теңге артық түскенін байқап отырмыз. Оның ішінде өз кірістеріміз 1 млрд 104 млн теңге. Аудандық бюджет көлемі 21,1 млрд теңге. Қаңтар-маусым  айларында  жергілікті  бюджеттің кірістер болжамы 102,6 пайызға орындалды. Болжам  бойынша 9 млрд 302,1 млн теңге жоспарланғанымен, орындалғаны  9 млрд 543,7 млн теңгені құрап отыр. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін бюджет қаражаты 100 пайызға игерілді.

      Соңғы жылдары аудан экономикасында шағын және орта бизнестің үлесі артып келеді. Мәселен, биылғы 1 шілдеде тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 5640-қа тең болып, өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 16,9 пайызға артқан. Оның 291-і – заңды тұлғалар, 2773-і – шаруа қожалықтары, 2576-сы – жеке кәсіпкерлер. Ондағы белсенді субъектілер саны 5328 бірлікті құрап, өткен жылмен салыстырғанда 14,5 пайызға көтерілді. Бүгінгі күнде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі 94,5 пайызды құрап отыр. Аудан бойынша жыл басынан бері барлық қаржы көздерінен 423  жобаға 1 млрд 164 млн  теңге  қаржы тартылды. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына сәйкес, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы құны 230 млн теңге болатын 39 жоба;  «Өңірлік инвестициялар орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы 35 млн теңге болатын бес жоба; «Қамқоршы» несие серіктестігі арқылы 191 млн теңге болатын 17 жоба; «Бизнестің жол қартасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы құны 392 млн теңге болатын 46 жоба; «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде 65 млн теңге болатын үш жоба; «Бизнестің жол қартасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде кепілдендіру арқылы құны 79 млн теңге болатын 18 жоба  несиелендірілді. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы шеңберінде 295 жобаға 172 млн теңге мемлекеттік грант берілді.

        Алдағы жылдары ауданда  бірнеше инвестициялық жобалардың іске асырылуы жоспарлануда. Мәселен, «Қызылорда AGROPlus» ЖШС-нің қуаты жылына 24 мың тонна томат пастасын өндіруге лайықталған жобасы. Кәсіпорын 150 адамды жұмыспен қамтиды деп күтілуде. «Майнинг Консалт Ко» ЖШС-нің полиметалл кендерін өндіру және қайта өңдеу жөніндегі тау-кен байыту комбинатын салу жобасын келер жылы жүзеге асыру жоспарлануда. Жылына 1 200 мың тонна кен өндіретін комбинат 1216 адамды жұмыспен қамтымақ. Жобаның жалпы құны – 53 млрд 491 млн теңге. Сонымен қатар «Жан-Арай» ЖШС жол бойы қызмет көрсету кешенінің құрылыс жұмыстары жылдың соңына дейін іске қосылады деп отырмыз. Жоба құны 750 млн теңгені құрайды. Жобада 300 орындық тойхана,  30 орындық кафе, 50 орындық асхана, 20 нөмірлік қонақүй және 80 орындық монша қарастырылған.

Биыл еліміздің ауыл шаруашылығы саласы қиын кезеңді бастан кешіріп отыр. Осы орайда, қысқа дайындықтарыңыз қалай, жемшөп жеткілікті мөлшерде дайындалды ма?

     – Мал шаруашылығында өткен жылдың есепті кезеңімен  салыстырғанда түйе саны – 20,5, жылқы – 19,5, мүйізді ірі қара – 5, уақ мал 4,8 пайызға өскен. Аудан көлемінде алты ай ішінде 4216,8 тонна ет, 7235 тонна сүт, 916 мың дана жұмыртқа өнімдері өндірілді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ет өнімі – 103,8, сүт өнімі – 102,7,  жұмыртқа 102 пайызды құрады. Егіс көлемі 449 гектарға артып, жалпы 36 163 гектарды құрады. Су тапшылығына байланысты әртараптандыру жұмыстары жүргізіліп, күріш көлемі 1316 гектарға азайтылды. Жалпы, азайған күріш егісі көлемінің орнына бидай мен көкөніс орналастырылды. Облыстық бюджеттен екі ауылдық округтегі каналдарды қазуға 150,8 млн теңге және аудандық бюджеттен төрт ауылдық округтегі аяқ су каналдарын тазалауға 69,2 млн теңге қаржы бөлінді. Жемшөп дайындау барысы бойынша ауданда 23 260 гектар мал азықтық дақылдары орналастырылды. Қазіргі таңда 14 170 гектар ескі жоңышқаның бірінші орымы толық аяқталып, 45 мың тонна шөп жиналды. Екінші орымға орақ түсуде. Тау беткейіндегі ауылдарды Сыр беткейіндегі күріш егумен және мал азығын дайындаумен айналысатын ауылдық округтерге орналасу ерекшелігіне қарай шөппен қамтамасыз ету бағытында бөлініс жасап, мал азығы дайындалуда. Облыс әкімінің биылғы қуаңшылыққа байланысты Арал ауданына көмек көрсету іс-шарасына сәйкес, Жаңақорған ауданына бекітілген Қамыстыбас, Ақирек, Бекбауыл ауылдық округтеріне нарықтық бағадан 50 пайыз арзандатылған бағамен 1000 дана табиғи шөп, 2000 дана жоңышқа шөбі тегін жөнелтілді.

– Ауданда кадр тапшылығы мәселесі қалай шешілуде?

    – «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2021 жылға республикалық бюджет есебінен 358,8 млн теңге қаражат бөлінген. Ол қаржы 82 маманға әлеуметтік қолдау шараларын ұсынуға жетеді.

     – Әдетте ауданның дамуын құрылыс жұмыстарының көлемімен өлшеп жатамыз. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүргізілуде?

    – Құрылыс жұмыстарының көлемі 1,7 млрд теңгеге жуықтап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге артты. Халықтың әлеуметтік нысандарға қолжетімділігін арттыру мақсатында биыл Жаңақорған ауданында 2,2 млрд теңгеге әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізілуде. Олар: Жаңақорған кентіндегі 600 орындық орта мектеп пен  МАИ бекетіндегі 300 орындық мектеп, Бірлік елді мекеніндегі 90 орындық балабақша, Шалқия кенті мен Өзгент елді мекеніндегі 150 орындық клуб. ҚР Ұлттық қорынан Жаңақорған кентіндегі С.Сұлтанмұратов көшесі бойындағы 300 орындық мектеп құрылысына 456,3 млн теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу шаралары жүргізілуде. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Жаңарық елді мекенінде дәрігерлік амбулатория құрылысы жүргізілуде. Аталмыш нысан ағымдағы жылдың қазан айында пайдалануға беріледі. Облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, Қаратөбе ауылындағы дәрігерлік амбулатория құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасын (бұдан ары – ЖСҚ) әзірлеуге 3 млн 413,1 мың теңге, Қашқанкөл елді мекенінде медициналық бекет құрылысы  жобасының ЖСҚ-сын әзірлеуге және сараптамадан өткізуге 3 млн 800 мың теңге қаржы бөлінді. Есепті кезеңде аудан көлемінде 27 325 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сәйкесінше, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 19,4 пайызды құрады.

– Тұрғындарды ауызсумен қамту деңгейі қаншалықты орындалды?

    – Қазіргі таңда Жаңақорған ауданындағы 35 елді мекеннің барлығы ауызсумен қамтылған. «Ақбұлақ» бағдарламасынан бастау алып, «Нұрлы жол» бағдарламасымен жалғасын тауып, құрылысы жүргізіліп жатқан «Сырдария топтық су құбыры мен Талап топтық су құбырының  құрылысы» жобасында Сырдария өзенінің шығыс беткейіндегі 12 елді мекендегі 19 381 адамды және Сырдария өзенінің батыс беткейіндегі 15 елді мекендегі 23 564 тұрғынды таза ауызсумен қамту қарастырылған. Бұл жұмыстар жоспар бойынша биыл толық аяқталуы тиіс. «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Жаңақорған кентіндегі тұрғын үйлерге су құбырын жеткізу сервистік желісін салу  жұмыстарын аяқтауға Ұлттық қордан  214 млн 885 мың теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстар да биыл аяқталады. Сонымен бірге республикалық бюджеттен Төменарық, Сунақата, Екпінді елді мекендеріндегі сумен жабдықтау желісін қайта құру және кеңейту  жұмыстарына 808 млн 334 мың теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу шаралары жүргізілуде.

        Сондай-ақ тұрғындарды газбен қамту деңгейі де талапқа сай жүргізілуде. Жаңақорған кентінде газ құбыры жүйелерінің ұзындығы 284,5 шақырымды құрап, жүйеге 5700 тұрғын үй, 114 коммуналдық-тұрмыстық  нысан және 16 әлеуметтік-мәдени нысан қосылған. Ауданның қазіргі таңдағы газдандыру үлесі 38,8 пайызды құрайды. Үстіміздегі жылы аудандағы 12 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін 108 млн теңге бөлінді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 160 млн теңгеге  8,9 шақырымды құрайтын 10 көше орташа жөнделетін болады. Облыстық бюджеттен 94,7 млн теңгеге  6,5 шақырымды құрайтын алты көше орташа жөнделеді. Бүгінгі таңда аудан көлеміндегі электр бағаналары мен желілерінің 70 пайызының тозығы жеткен. Көпшілігі өткен ғасырдың 60-70 жылдары қойылған  бағаналар. Ауа райының қолайсыздығынан электр желілерінің үзілуі, бағаналардың сынуы мен құлауы жиі кездесіп жатады. Бұл мәселені жүйелі түрде шешу үшін  Жаңақорған кентінің электр желілері мен бағаналарын ауыстыруға жоба дайындалып, оның құны 3,4 млрд теңгені құрады. Жалпы, Жаңақорған жыл өткен сайын жаңарып келеді.

    – Пандемия кезіндегі аудан тұрғындарының денсаулық жағдайына да тоқтала кетсеңіз.

    – Аудан көлемінде коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша дайындық жұмыстары жан-жақты ұйымдастырылуда, емдеу шараларына қажетті дәрі-дәрмек қоры мен жеке қорғаныш құралдары, тепловизорлар мен залалсыздандыру сұйықтықтары жеткілікті деңгейде алынды. Санитарлық талаптар барынша күшейтіліп, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі уақытта аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіндегі  жұқпалы ауруларға арналған 40 төсек-орын емхана филиалының ғимаратына көшіріліп, КВИ-ге арналған 60 төсек-орын дайындалды. Сондай-ақ қауіпті індеттің күрт көбеюіне байланысты аудандық аурухананың күндізгі емдеу бөлімінен жедел түрде қосымша 40 төсек-орындық екі бөлім ашылып, жұмыс істеп жатыр. Аудан бойынша 1 қыркүйекке дейін екпенің бірінші дозасын 22 299 (63,7 пайыз), екінші компонентін 18 537 (52,9 пайыз) тұрғын қабылдады. Алғашқы жартыжылдықта 1037 бала дүниеге келіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бала туу саны 56-ға көбейген. Яғни ауданымыз да, халқымыз да өсіп, дамып жатыр.

Тегтер: әкім лауазым мансап тағайындау

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:14
Орал тұрғындары үйді бұзуға қарсы наразылыққа шықты
Сайт әкімшілігі 15.10.2021, 17:20
Жаңа заң жобасы қабылданды
М.СӘУЛЕБЕК 15.10.2021, 12:19
Үлкен жолайрық – үлкен қалаларға тән құбылыс
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 15.10.2021, 08:25
«Мұнайдың үстінде отырып мұнайға жарымаймыз»
Еңлік АРЫҚБАЙ 15.10.2021, 08:23
Мектеп құлап жатыр: рас па?
Сайт әкімшілігі 14.10.2021, 12:01
«Атамекен-Түркістан» микро қаржы ұйымы алғашқы жобаны қаржыландырды

Аңдатпа


  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29