Семей «қызыл аймақта», Байахметов қай жақта?

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

06.08.2021, 09:20

1550

      Облыс әкімінің орынбасарлығынан Семей қаласының әкімі қызметіне ауысқанына айдан енді ғана асқан Бақытжан Байахметовке орынтағында жайланып отыру әзірге арман болып тұр. Ішкі-сыртқы проблемасы шаш етектен шашылып жатқан Семейдің және оған қарасты ауыл, елді мекендердің кем-кетігін тез арада қалыпқа келтіру мүмкін емесі де түсінікті. Дегенмен семейліктерді жаңа әкімнің қайда барып, нені көріп, немен танысқаны тап қазір аса қызықтырып отырған жоқ.

        Қала халқын көктемнен бері қажытып келе жатқан басты қажетті мәселе – қоғамдық көлік қозғалысын реттеуге Бақытжан Байахметов асығатын емес.

Қаланың бұрынғы әкімі Ермак Сәлімовтен (қазіргі күнде облыс әкімі Даниал Ахметовтің кеңесшісі) қалған «мұра» – «Semey Bys» автопаркінің жабылып, жасыл түсті автобустар көзден бұлбұл ұшқалы семейліктердің не жұмысына, не қажетті жеріне дер кезінде жете алмай, таң атқаннан такси ұстап, кешкілікте тақыр-таза қайтатынын қалалық әкімдік біліп отырғанымен, дәрменсіз күйде.

      «Semey Bys» автопаркінің жасыл автобустарының қазір қайда кеткені жұмбақ, есесіне Семейдің «Семавтопарк» және «Таксопарк» ЖШС-лерінің ескі қоғамдық көліктері қолданысқа шыққанымен, жұрттың көңілі орнына түскені шамалы. Одан қалса, қалалық әкімдіктің бастамасымен Алматы, Талдықорған, Өскемен қалаларынан жеткізілген ақ және сары автобустар да үздіксіз қатынап жатқандай көрінгенімен, салон ішінің тазалығына шағымданушылар жетіп-артылады.

        Бұған дейін аялдамада тұрып, күткен автобусының қай жерде келе жатқанын ұялы телефонындағы «Инфобус» қосымшасы арқылы көріп тұратын тұрғындар ондай мүмкіндікпен де қош айтысқан. Семей жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Серғазинов ай бұрын әкімдікте өткен жиында «Семавтопарк» пен «Таксопарк» ЖШС-лерінің автобустары қала ішінде көбейе түсетініне сендіріп, тіпті тәулігіне 147-150 бірлік автобусқа дейін шығуы тиістігін айтқаны есімізде. Автобустарда валидатор орнатылып, «өркениетке» қайта оралатын күн жақын екеніне күмән болмайтынын да мәлімдеген.

         «Жазған құлда шаршау жоқ», автобустардың ескілігіне, онда валидатор жоқтығына да көпшілік көндіккен сыңай танытты. Бірақ та күн сайын қала тұрғындарының наразылығын туғызатын басты жайт – қай бағыттағы автобустың болсын ішіндегі санитарлық талаптың сын көтермейтіні. Күн ыстықта жанталаса мінген халықтың ішінде жас-кәрісі, бала ұстаған әйел –  бәрі ығы-жығы болып тұрса, «қызыл аймаққа» енген Семейдің коронавирус індетінің өршіп бара жатқаны белгілі болып тұрса, жағдайдың ар жағын ойлау қайда апаратынын елестетудің өзі қорқынышты. Оның үстіне бүгінгі күнде автобусқа енгендердің көбісі маска тағу талабын мүлдем ұмытқан. Осы тұрғыда Ақкербез Ораш есімді студенттің әлеуметтік желіде жариялаған пікірін келтіре кеткен артық болмас: «… Жұмыстан ертерек шығып, бос автобуспен үйге қайтайын деп едім. Болмады. «Орталық алаң» аялдамасы. Маған қажетті 33-нөмірлі автобус келді. Салон іші лық толы. Отырмасқа амал жоқ. Келесісі бар ма, жоқ па, тағы белгісіз. Ол жерде коронавирус екенін білмей жүргендер, байланыста болғандар, басқа да түрлі аурумен ауырып жүргендер, талмасы бар, анемиясы барлар жетіп-артылады. Осылай қашанғы жалғасады? Нағыз вирустың таралып жатқан, мекендейтін ортасы осы емес пе?

P.S. Демалыс күндері автобус тосу деген мүлдем айтуға келмейтін оқиға. Жұмыс күндері аз дегенде жарты сағаттан бір сағат ұзақтыққа дейін тоссақ, демалыс күндері кемінде 1,5 сағат, кейде күту уақыты 2 сағатқа созылады», –дейді Ақкербез.

          Қалай десек те, автобустардағы мұндай ауыр ахуалды біле тұра, қала шенеуніктері «дымбілмес» кейіпте отыр. Әйтпесе қала әкімі Бақытжан Байахметовтің өзі фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында мынадай мәлімдеме жасаған болатын (10.07.2021 сағ. 22:28): «Қазіргі таңда коронавирус инфекциясымен тіркелген науқастардың саны күннен-күнге ұлғайып келеді. Өкінішке қарай, Семей қаласы вирусты жұқтырғандар саны бойынша облыста көш бастап тұр. Сала мамандары науқастардан «дельта» штамының белгілерін байқауда. Бұл өз алдына, вирустың таралу қарқыны мен науқастың жедел ауырлауына тікелей себепкер болатын қауіпті фактор».

        Осылай деген қала әкімі жоғарыда айтылған қоғамдық көлік қатынасын 1 қыркүйекке дейін шешуге уәде бергені рас. Бірақ «Семавтопарк» ЖШС-і шілде айында қосымша 38 автобус сатып алғанда, салон ішіне кіріп, «тамсанып» шыққан қала басшысы Байахметов семейліктермен бірге жарты сағат автобус ішіне кіріп, бір-екі аялдама жүріп шықса, қалада вирустың таралу қаупі қайдан шығатынын бағамдар еді. Алайда жаңа әкімнің қала ішін аралап, «анда бардым, мынаны көрдім» деп, келе сала әлеуметтік желіге жабысудан қолы босайтын емес. Ине шаншыр орын болмайтын автобусқа сығылыса кіретін тұрғындар болса вирусқа тұншыққан күйі «Семей «қызыл аймақта», Байахметов қай жақта?» деген сұраққа жауап іздеп әлі жүр.

Тегтер: медицина коронавирус ПТР тест анықтама

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Таңшолпан ҒАЗИЗҚЫЗЫ 17.09.2021, 11:38
Қоқыс та қордалы мәселе
Мариям МАҚСАТ 17.09.2021, 09:13
«Басшымыз күн көрсетпейді»
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 17.09.2021, 08:28
Қарағанды облысындағы мектептерде короновирус қаулап барады
Б.СӘРСЕНБИ 17.09.2021, 04:29
«Балаларға вакцина салынады» деген жалған
Еркежан АРЫН 16.09.2021, 16:30
Қазақстандықтар министрліктердің нормативтік-құқықтық актілерін белсенді талқылауда
Еркежан АРЫН 16.09.2021, 13:30
Мемлекеттік қызметшілер қандай төлемдер мен бонустар алады?

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39