Семейліктер сайлауға дірдектеп барды

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

12.01.2021, 12:20

709

        Сонымен, «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, дода жарысы бірнеше айды еншілеген парламент мәжілісі және мәслихаттарды сайлау «сериалына»  нүкте қойылды. Анығында, бес партияның айтыс-тартысында атқарушы билікті уысында ұстап отырған «Nur Otan-ның» өзінен басқа, өзгені алға жібермейтіні белгілі еді. Партиялардың қорытынды пайызы, орны қаншалықты болғаны жұртқа сол күні (10 қаңтар) түн ортасына жетпестен жария болғандықтан, тәптіштемей-ақ қоялық.

         Өскемендегі №42 мектепте орналасқан 9-шы сайлау учаскесінде дауыс берген облыс әкімі Даниал Ахметов: «Сайлауға келушілер қарасы көп екен. Бұл өте қуантарлық жайт», – деп өзін-өзі жұбатып өзеурегенімен, сайлау күнгі жұртшылықтың бір кісідей жұмылып барғаны шамалы болатын. Облыс орталығының халқы аялдама алдында қалшылдап автобус күтіп тұрғанда, семейліктер жылуы жоқ ғимараттардағы сайлау учаскелеріне дірдектей кіріп, дауыс беруге мәжбүр болды.

— Жалпы, мұны алдында ұрандатып айтқандай, бұрынғыдан өзгерек сайлау деуге мүлде келмейді. Бәрі жаттанды қалып, қатып қалған қағида сол. Демократиялық бақылаудан гөрі тоталитарлық тәртіп көзге ұрып тұр. Сайлауға бәрі өз еркімен келіп жатыр дей алмаймын. Бәрі бюджеттік салада істейтіндіктен, орнынан айырылып қалмау үшін, енді бірі бастығының қабағын бағып амалсыз барады. Бюллетень нөмірін, қай партияға дауыс беретініне дейін құлағына құйып, талап қойып тапсырған соң, орындамасқа амалы бар ма? «Жоқ, менің өз қалауымдағы «Ауыл» атты партиям бар» деп айта алады деп ойлайсыз ба? Ал мен жұбайымды ертіп, өз қалауыммен келдім, қазір зейнеткермін, – дейді №4 мектепте орналасқан №257 сайлау учаскесінде дауыс берген Еңбек Жарасқұлов.

        Айтпақшы, дәл осы сайлау учаскесіне кіріп, іштегі жағдайды түсіру мүмкін болмады. Босағада антисептик сеуіп тұрған екі қызға тілшілік куәлігімді көрсетіп, залға өтіп, фотоға түсіріп, бюллетень салған адамды әңгімеге тартқаным сол еді, әлдебір азаматша ғимарат ішін түсіруге болмайтынын айтып, ит кіріп кеткендей кеудемнен итермелеп, кері шығарып жіберді. Аты-жөнін, іс-әрекеті қандай заңдық негізге сүйенетінін тәптіштей сұрасам да, жауап қатқан жоқ. Бар айтқаны – редакциялық тапсырма екенін айқындайтын анықтамалық қағазым болуы керек екен. Журналистік құжат болған жерде оның редакциялық тапсырма екені онсыз да түсінікті екенін қанша қадалып айтқаныммен, жауап қатпастан есігін тарс жапты.

        Ал қалалық мәдениет сарайындағы №256 сайлау учаскесінде дәл мұндай талап болған жоқ. Комиссия төрайымы Гүлжан Жақсыбайқызы БАҚ өкілдеріне қашанда ашық екенін байқатып, жұмысымды еркін атқаруға кедергі келтірген жоқ. Қойылған сұрақтарға да нақты, бар жағдайды баяндап, тиянақты жауап берді.

   – Жалпы, бізде 1167 сайлаушы тіркелген. 41 тұрғынға үй жағдайында дауыс беруге мүмкіндік жасадық. Сағат 12-ден бастап орынбасарым сол үйлерді аралап жүр. Тұңғыш рет дауыс беретін 14 жас тіркелген болатын, оның 8-і келіп, дауысын беріп қайтты. Сайлаушылардың белсенділігі бұрынғы деңгеймен салыстырғанда орташадан төмен деуге болады. Оның бір мысалы, күн түстен ауып, сағат 5-ке таяп қалса да, әлі 50 пайызға жете алмай отырмыз. Маңайымызда көпқабатты үйлерде тұратындар көп. Мереке, демалыс күндеріне қарамастан, сайлауға шақыру қағазын таратқанымызда көптеген тұрғындар пәтерінің есігін ашпай қойған кездер де аз болған жоқ. Үйінде болса да, аты-жөндерін айтпағандары бар. Бір қызығы, сөздің шыны керек, жастардан гөрі зейнеткерлердің белсенділігі жоғары болып отыр. Мен қартаң адамдар келмей қала ма десем, керісінше, ауырғанына қарамай, үйлеріне сайлау жәшігін алдыртып, дауыстарын беріп жатыр. Сондықтан ең алдымен сол кісілерге алғысымды айтқым келеді, – дейді Г.Қуанышева.

       Комиссия төрайымының айтуынша, келушілердің орта жас буыны участокта пандемия талабына сәйкес, дизенфекциялау шаралары жүріп жатқанда күте тұруға енжар қарап, кетіп қалғандар да көзге шалынған.

   Жалпы, бір байқалғаны, ғимарат іші де, дауыс беру бөлмесінің де жылуы солғын. Ауызекі тілде «Пушка» аталатын жылу құрылғысын қойып отырғанына қарап, бақылаушылардың, партия өкілдерінің, комиссия мүшелерінің таң бозынан кеш батқанша жетісіп отырмағаны көрініп тұр. Мұндай ахуал қаланың көптеген учаскелерінде орын алғаны және оның дені әлеуметтік желіде де аз айтылған жоқ. Ел өміріндегі елеулі шараны ұйымдастыруға жауапты қалалық әкімдік өкілдерінің салғырт қарағанының бір көрінісі еді бұл. Кеш болмай жатып қоғамдық көлік қозғалысының тоқтап қалғаны, дауыс беруге барғандардың таксимен қайтқаны тағы бар.     

Тегтер: сайлау саясат партия бірлік мәселе оппозиция ішкі саясат реформа

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 10:35
Оралда әйелін өлтірген шенеунік қамауға алынды
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 10:10
Жыры бітпеген электронды жүйе
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 19.04.2021, 15:25
Кәсіпкердің көлігі өзеннен табылды
Сайт әкімшілігі 19.04.2021, 09:17
Нұр-Сұлтанның сол жағалауы отқа оранды
Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 22:46
Жетісайдың қырықабаты экспортқа кетіп жатыр
Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 15:51
Түркістанда балық шаруашылығы жақсы дамып келеді

Аңдатпа


  • Жыры бітпеген электронды жүйе
    10:10
  • Артық мұнай қоры бітуге жақын - БАҚ
    19.04.2021, 10:25
  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08