Шалқар көлін құтқару «операциясы» қашан басталады?

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ

26.01.2021, 10:28

1279

Батыс Қазақстан бір кездері өзен-көлге бай, сулы-нулы өңір саналатын-ды. Жергілікті халық әуелі ағысы асау, арынды Ақ Жайықты жағалайтын. Сосын, сайын дала төсінде төңкерілген кеседей Шалқар көліне сапар шегетін. Балық аулап, шомылып, тынығып қайтатын. Соңғы жылдары екі су айдынының да басынан бағы тайды. Басты себеп – су тапшылығы. 

                                                                                                 

Көнекөздердің айтуынша, аумағы 21 мың гектарды құраған, шортаны шоршып, сазаны тулаған Шалқар көлінің дәурені жүріп тұрған кезең­де жыл сайын 1400 тонна балық аула­нған екен. Қазіргі көрсеткіш 100 тоннаға да жетпейді. Көлдің көлемі 25 пайызға тартылыпты. «Жығылғанға жұдырық» болғандай, 2008 жылы жазық далада жер сілкінді. Соның салдарынан көл жағасындағы «Рыбцех» деп аталатын балықшылар ауылы басқа жерге көшірілді. Жер сілкінгесін, су да біраз уақыт азайып кетті. Бұған Шалқардан шамамен 100 шақырым жерде орналасқан, әлемге әйгілі Қарашығанақ мұнайгазконденсаты кенішін жедел игеру әсер етті деген болжам бар. «Мұнай қоры азайған сайын, жер қыртысының текто­ни­калық қозғалысы жиілей береді» деп отыр экологтар. Тіпті болашақта «мұнайдан босаған қуыс­тарға көл суы түгелдей жұтылып кетуі мүмкін» деген қауіп те жоқ емес.

Айдынның ажарынан айырылуына әсер еткен тағы бір фактор – оған құятын Шола­қаң­қа­ты мен Есенаңқаты өзендерінің кеуіп қалуы. Бір кездері қарт Жайықтан Шалқарға канал тарту туралы жоба-жоспарлар болған екен. Бірақ күні бүгін қарт Жайықтың да жағдайы жетісіп тұр­ғаны шамалы. Өзі там-тұм суды көлге бұ­ра­тын болса, бір емес, екі бірдей экологиялық апат ошағы пайда болмасына кім кепіл?! Шал­қар­да­ғы су дең­гейін бақылап отыратын гидробекет кеңес­тік өкіметпен бірге келмеске кеткен. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері мұнда ешқандай ба­қы­лау жоқ. Гидробекетті қайта ашу үшін қаржы мәселесін шешуге ниет те байқалмайды. Нәтижесінде көл жағасындағы Сарыөмір ауылының тұрғындарына да, балық аулап, пайда тапқысы кел­ген кәсіпкерлерге де қып-қызыл зиян келіп жатыр. Айдынды мекен қылған шортан, сазан, көксерке, жайын, ақмарқа се­кіл­ді бағалы балық түрлері жойылуға жақындап, қызылқанат, алабұға, мөңке, оңғақ секілді құны төмендеу балық түрлері кө­бейген. Кезінде сары сазаннан басқа балықты менсінбеген тұрғындар күні бүгін торға түс­кен шабақтың өзіне шүкіршілік айтады.

Гидрологтардың мәлімдеуінше, көл суы азайғасын, оның құрамындағы от­тегі кемиді. Органикалық қосылыстар артады. Оның үстіне Шалқар – айрықша тұзды көл. Бұл да балық қорының жұтаңдануына ықпал ететін фактор. 2008 жылғы жер сілкі­ні­сі­нен кейін көлдің солтүстік-шығыс бөлігі жағалауындағы қамыс-қоға судан шығып тақырда қалды, кейін күн астында тұрып шіріп кетті. Ал қоға – ба­лық уылдырық шашатын мекен. Үйреншікті мекенінен айырылған соң, балық көбейе алмайтыны бесенеден белгілі. Шалқардың шығысынан құятын Шолақ­аңқаты, Есенаңқаты өзендері шағын әрі тек қар суына тәуелді. Айдынды мекен ететін балық түрлері көктемде уылдырық шашуға суы тұщы осы өзендерге шығатын. Сосын, шабақтар өзен ағысымен келіп, Шалқардың қойнауында жайылып өсетін-ді. Осы екі өзеннің суы тартылып қалған жағ­дайда Шалқар суының тұз­ды­лы­ғы шамадан тыс артып, тіршілік атаулы түпкілікті жойылып кетуі мүмкін. Ендеше көктемде екі өзеннің саға­сын таза­лап, мелиорациялық жұмыстар жүр­гізу маңызды.

Жалғыз Шалқарда ғана емес, облыс аумағындағы 300-ге жуық суқоймаларында, 40 шақты өзен-көлдерде балық күрт азайып кеткен. Балықты көбейту үшін кемі үш-бес жылға балық ау­лауға мораторий жариялау керек. Табиғатты пайдаланушылар табиғи қорды үз­діксіз пайдалана бермей, балықты өсі­ріп, көбейтумен айналысулары тиіс. Ға­лым­дар «балықтың өсіп-өнуіне кем дегенде үш-төрт жыл қажет, осы мер­зім­де ол жы­ныстық жағынан жеті­леді және өнім береді» деп есептейді.

Алда тұрған негізгі міндет – әуелі көлдің гид­ро­ло­гиялық режимін толық зерттеу. Сосын, су тарту көздерін іздестіруге жол ашылады. Мұның бәрі қаражатқа тіреледі. Шалқарды қалпына келтіру шараларына облыстық бюджет­тен қаржы бөлу жиі көтерілетін мәселе. Дегенмен әлі тындырылған мардымды іс жоқ. Яғни қаражат бөлініп, кешенді бағдарлама жасалмайынша, облыстың маңдайына біткен ғажайып көлді сақтап қалу, ондағы балық түрлерін молайту жайында әң­гіме қозғау қиын.

Көлдің экологиялық проблемасын көп жылдардан бері көтеріп жүрген азаматтардың бірі – БҚО экологиялық ұйымдар қауымдастығының төрағасы Ғазиз Хаймулдин ақсақал. Ол 2000 жылдары Шалқарды қорғау, демалыс орнына айналдыру мақсатында арнайы жоба жасалғанын айтты.

— Үлкен зерттеу жұмысы жүргізілді. Сол кездегі облыс әкімі Қабиболла Жақыпов жобаны қолдап, бекітті. Бірақ қаражат дұрыс қаралмай, басталған жұмыс аяғына дейін жеткізілмеді. Алтай Көлгінов облыс әкімі болған тұста көл жағасындағы Сарыөмір ауылына тас жол барды, газы, жарығы, ауызсуы бар. Енді қалып тұрғаны – көлге су жеткізу мәселесін шешіп, туризмді дамыту. Өкінішке қарай, Шалқардың қазіргі жағдайы мәз емес. Киіз үйлер тігілгенмен, көл жағасында жасыл желек жоқ, жалаңаш, құм басып барады. Құм-топырақ киіз үйдің ішіне кіреді. Көл жағасындағы антисанитарияны айтуға тіпті ауыз бармайды. Демалуға келгендерге қызмет ететін қоғамдық тамақтандыру орындары, сауда нүктелері жоқтың қасы. Азық-түлік немесе дәрі-дәрмек алу үшін көлден екі шақырым жердегі Сарыөмірге барасың. Бір сөзбен айтқанда, бізге жабайы жағажай емес, заманауи талаптарға сай демалыс орны керек, –  дейді Ғ.Хаймулдин. 

Иә, көлдің қордаланған мәселесі жақын жылдары шешімін таппаса, іргесіндегі ел көшіп, сары сазан мен шоршыған шортанды Қызыл кітаптан іздеріміз анық. Ол үшін жергілікті шенеуніктер Шалқар деп шапқылаулары тиіс.

Тегтер: мәселе қоғам түйін түйіткіл

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Арайлым ЕРКЕБАЕВА 08:30
Сарандағы РТБ зауыты ауданында тіршілік жаңарды
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 22.09.2021, 17:15
Оралдық Қайрат бағбан Қазақстанды таңғалдырмақ
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 09:47
Жол сапасы неге шытынайды?
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 21.09.2021, 15:00
Оралда көкөніс өсіру тиімді бизнес
Миуа БАЙНАЗАРОВА 21.09.2021, 08:40
Әділхан ЖӨЛЕКЕШОВ: Оқушыларымыз карантиндік талапқа сай білім алуда
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 21.09.2021, 08:30
Қарағандыда үлескерлер пәтерлерін ала алмай жүр

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39