Шалқыған Арал, қайдасың?

Айнұр ӘЛИ

20.12.2021, 08:30

4110

Биыл аралдықтар үшін оңай жыл болмағаны рас. Су тартылды. Су болмаған соң, шөп шықпады. Шөліркеген мал батпаққа батты. Қырылды. Қайтқан судан балығың да аман қалған жоқ. Көтерем малға жемшөптің өзі арман болды. Бұл да басылды. Басылды деппін ғой, расымен, солай ма? Қызылордалық билік суқойма саламыз деп жүріп-ақ жұт болды. Ойлануға әлі кеш емес еді. Бірақ суы сирақтан келмейтін Сырдарияны жырып, суқойма салудың салдары не болады? Аймаққа құт келеді деп жүргенде, жұттың көкесі осы болмай ма?

Келер жылы 15 мамырда Аралда «Аралға су келе ме?» деген акция өтпек. Кәнігі экомарафон ғой. Соған қатысты барлық шаралар фейсбуктегі арнайы топтарда айшықталып жүр. «Қазанға қарағанның қасығы бөлек болса да, азығы бір» деген. Бәрінің илегені сол бір терінің пұшпағы. Өмір сүрер ортаның экологиясы. Әйтпесе бұлардыкі не жорық дерсіз. Кейбірі «өй, сол баяғы Аралдың жыры ма» деп кеуде кереді. Ахметше айтқанда, «отбасына келерлік бәле болмаса, жұрт басына келерлік бәлені ойлап уайымдамаймыз». Реті келсе, өзіміздікі жөн болса, басқаныкі күл болмаса, бүл болсын. Қош.

Аралдың суы күрішке су беруден тартылыпты. Бұл – зерттеушілердің берген бағасы, түйген бағамы. Расымен, сол Сырдың ақ маржаны кінәлі ме? Екіұшты ой бар бәрімізде. Негізі, Арал теңізіне Сырдария мен Әмударияның құйылып келгенін бірі білсе, ендігісі хабарсыз. Қазір Әмудария Түрікменнің Қарақұм каналы арқылы сонда бұрылып, бір тамшы да Аралға құймайды екен. Өткен ғасырда миллиондаған текше метр суды жинайтын Қырғызстан, Өзбекстандағы суқоймаларды қосыңыз. Ал сол суқоймалардың қасында күрішке берілген су тамшыдай ғана. «Түйені көрмей, түймедейге шүйліге береміз» дейді бірі. Рас, айналып келгенде, нәпақасын күріштен тауып, ел күн көріп отырған күрішті айта беруді қою керек секілді.

Ресей үкіметі Арал мен Барсакелместі зерттеді. Одан соң Әмударияны тоқтатты. Өйткені Аралда сынақтардың залалынан балықтар уланды. Теңіз табанында тұратын тұрғындар да уланып жатты. Оған «Байқоңыр» ғарыш айлағын қосыңыз. Теңізге құяр екі дарияның суы азайса, айлақ жерасты суын кептіріп жатыр.

Көптің көңіліндегі һәм аузында жүрген мәселе – су тапшылығы. Мұның 2040 жылға қарай сезілетіні жайында әлем де жарыса жазуда. БҰҰ-ның мәліметінше, алдағы 20-30 жылда әлемнің 31 пайызы ғана су тапшылығын сезінбеуі мүмкін. Ал біздің өңір ше? Су тапшылығын ерте сезіне бастады. Арнасынан асып-тасыған дария емес, өзен қазір жоқ. Жүзіп өте алмайтын өзеннен қазір оп-оңай секіріп өтуге болады. Аймақта биылдың өзінде су мөлшері 25 пайыз көлемін жоғалтқан. Көлемі кішірейгеніне көршілеріміз кінәлі ме? Жә, өзгені кінәлауға асықпайық. Көршілердің суқоймаларындағы су да мәз емес екен. Тапшылықтың тамыры тереңде-мыс.

Орталық Азияны сумен қамтамасыз етіп отырған Тянь-Шань тауының мұздақтары 50 пайызға еріп, азайған. Халықаралық ұйымдардың мәліметінше, IPCC RCP сценарийі бойынша жаз мезгілі ұзарған. Бұл 1950 жылдары төрт мезгілдің жылы күндері 72 күн болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 95 күнге жеткен. Алда-жалда осылай кете беретін болса, Орталық Азия аймағындағы суық мемлекет болып саналатын Қазақстанда 2100 жылы жаз мезгілінің ұзақтығы 160 күнге созылады екен. Жауын-шашыны аз жаз айлары талай қиындықты тудырады.

Арал ауданындағы құрғақшылық мәселесі мінберде көтерілді. Мұны Қызылорда облыстық мәслихатының кезекті IX сессиясында облыстық мәслихат депутаты, «Nur Оtan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Аманжол Оңғарбаев көтерді.

– Биыл Арал ауданында құрғақшылық орын алып, төтенше жағдай жарияланды. Жауын-шашынның болмауынан және Сырдария өзенінде су деңгейінің төмен болуына байланысты шөлдеген мал жағалауда пайда болған ұйықтарға батып, шықпаған шөптің ізін қуып, құм жеп, қаталап қырылды. Ресми деректер бойынша – 600 бас. Одан бөлек, алдағы қыста қолда қалған малын қайтсем аман алып қаламын деген жүздеген шаруа қожалықтары көршілес Ақтөбе облысының территориясына көшірілді. Елде қалған шаруашылықтар да мемлекетке қол жайып қарап отырмай, жемшөп азығын әзірлеп, өз қамын жасады. Ал нарықта жемшөп құнының бірнеше еселеп өскенін көріп отырмыз. Облыс әкімдігі төтенше жағдай аясында бюджет қаражатының шегінде Бұрмақұлақ учаскесін бөгеу, Дің, Бектау және Ералы каналдарын қазып, тазалау жұмыстарымен қатар, Мергенсай, Ақбасты, Сексеуіл және Аққұм ауылдарынан су ұңғымаларын қазу жұмыстарына тиісті қаржы бөлді. Атқарылған жұмыстар жоқ емес, алайда әлі де қолға алынуы тиіс көптеген мәселе бар. Себебі алдағы жылы осы құрғақшылықтың жалғаспасына ешкім кепілдік бермейді. Егер биылғы қиындық қайталанса жіберген қателіктің алдын алуға дайынбыз ба? – деді ол.

Депутат биыл аудан бойынша облыстық бюджетке ұсынылған 15 су ұңғымасының төртеуі ғана қазылса, сегіз каналдың үшеуінің арнасы ұлғайтылғанын айтты. Ендігі кезекте Арал ауданының қыр беткейіндегі су ұңғымаларын қолға алмаса, тіршілігін төрт түлікпен түлетіп отырған аудан тұрғындарының күнкөрісіне облыстық әкімдік жәрдем береді дегенге күмәнмен қарайды.

Қуаңшылық мәселесімен күресуде Қызылорда облыстық табиғи ресурстар басқармасы сырт қалған. Яки күрес кезінде облыстық басқармадан осыдан екі жыл бұрын ұсыныс берілген СНП10/500 су айдау насосынан басқа, жәрдем берілмеген екен. Бір қызығы, бұл насостарды ұстап тұру шығындары бюджеттен қаралмаған. Сондай-ақ аталған насостарды қазіргі дариядағы су деңгейімен есептегенде пайдалану өте тиімсіз. Бұл тек Арал  ғана емес, сондай-ақ көрші аудандардың да басындағы мәселе.

Жақында облыста шыны зауытының тұсауы кесілді. Пеші енді жағылған бұл зауыттың кейінгі салдары қандай болмақ? Тағы да ойландыратын мәселе...

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 12:00
Жәйремдіктердің жанайқайы:«Мемлекеттік бағдарламамен берілген үйдің сиқы осы»
Мариям МАҚСАТ 08:53
Кім кімді алдады?
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 19.01.2022, 17:45
Қарағанды өңіріндегі дүрбелең қалай өрбіді?
Қайрат Балабиев 19.01.2022, 16:57
Атамекенді аялау – азаматтық парызымыз
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 19.01.2022, 15:33
Шымкент: шығын әлі есептеліп жатыр
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 18.01.2022, 15:30
БҚО-да бір полицейдің мұрны қанамады

Аңдатпа


  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48
  • Жарылысқа жол ашқан – биліктің мақтаншақтық идеологиясы
    19.01.2022, 09:05
  • Аренадан Алаңға дейін...
    18.01.2022, 08:39
  • Қазақты байытпаған «Самұрық-Қазына» «Жаңа Қазақстанға» жеткізе ме?
    18.01.2022, 08:38