Шенеуніктер неге тәртіп бұзады?

Бір  күнде  алты  рет  жол  ережесін  бұзған  басшы  кім?

Миуа БАЙНАЗАРОВА

04.03.2021, 18:13

1948

 Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің  Қызылорда облысындағы әдеп жөніндегі кеңестің отырысы болды. Қызылорда облысы  әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Хамит Тарбақовтың 2020 жылы атқарған қызметінің нәтижелері туралы есебі тыңдалды. Кеңес мүшелерінің айтуынша, облыс әкімдігі халыққа жақын емес. Әкімнің өзін  көру мұңға айналған. Халықпен етене байланысу жетпейді дейді. Қазіргі таңда облыс әкімдігінің аппараты ең «жабық» жер екенін түртіп өтті.  Әкімшілік аумағына көлікпен кіру неге тоқтатылғаны сұралды. Мүшелердің айтуынша, мұнда адамдар жұмыс барысымен келеді. Ал сырттағы тұрақта бос орын жоқ. Сонда әкімшілік ішіндегі тұрақ кімге арналған деген сауалдар қойылды. Бұл мәселеге тікелей іс басқармасы жауапты болғандықтан, шешім келесі отырысқа қалдырылды.

Кеңес төрағасы сөз кезегін  алып, өткен жылы облысымызда қызмет нормативін бұзғаны үшін 28 қызметкер тәртіптік жауапқа тартылғанын атап өтті. Оның 24-і – жергілікті атқарушы органдардың мемқызметкерлері. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда көп екені айтылды.

        Бұл жылғы әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің саны 11-ден тоғызға азайған екен. Қызмет орындарының ауысуына байланысты екі азамат кеңес мүшелігінен шығарылған. Өз кезегінде кеңес кеткен адамдардың орнын толтырмай, шағын құраммен жұмысты жалғастыруды ұйғарыпты. Ағымдағы жылдың тұсаукесері болған отырыста қоғамдық резонансқа түскен бірнеше мәселе қаралды. Алдымен Жалағаш ауданы әкімдігіндегі мемқызметкерлердің қызмет бабы жайлы аудан әкімі Асылбек Шәменовтің есебі тыңдалды. Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Рафхат Бисеновтің мәліметінше, ауданда электрондық форматта қызмет көрсетудің толық мүмкіндігі бола тұра, 2365 қызмет қағаз түрінде көрсетілген. Негізінде, бұл қызметтерді портал арқылы 100 пайыз электрондық форматта көрсетуге болады. Төрағаның айтуынша, бұл қызметкерлер тарапынан әдейі жасалуы мүмкін. Сол арқылы тұрғындарды өз алдына әкеліп, сыбайлас жемқорлыққа мәжбүрлеу үшін қолданылған шара болуы ықтимал екенін жеткізді. Ал аудан әкімі өз кезегінде бұл келеңсіздікке техникалық кедергілерді кінәлады. Бірақ көп ұзамай бұл мәселені толық шешуге уәде етті. Одан бөлек, өткен жылғы мемлекеттік қызметке кір келтірген 18 мемлекеттік қызметшінің бесеуі Жалағаш ауданының қызметкерлері болған. Сондай-ақ аудан әкімінің екі орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Осы фактілерді ескеріп, кеңес «ауданда тәртіптік жұмыстың ұйымдасқан жүйесі жоқ» деген баға берді.

Аталған жайтты ескеріп, әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Жалағаш ауданының әкіміне мемлекеттік қызмет заңнамалары мен Әдеп кодексі нормаларын қатаң сақтап, профилактикалық бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

– Баяндамаңызды көріп шықтым. Көптеген жұмыстар жүргізілген екен. Дегенмен жұмыс сапасы төмендеген. Бұны қалай түсінуге болады? 2020 жылға сіздер жасау керек талдауды біз жасадық. Нәтижесі жағамызды ұстатты. 3000-нан астам қызметкерді зерттедік. Өкінішке қарай, қызметкерлеріңіздің арасында мас күйінде көлік басқарған, куәліксіз көлік айдаған азаматтар өте көп. Бұл кісілер туралы сіз білесіз бе? Біріншіден, бұл кісілер туралы білуге міндеттісіз және оларды тәртіптік жауапкершілікке тартуыңыз керек еді. Одан бөлек, бір азамат 14 күн түзеу мекемесінде жатқан. Ол кісі сол уақыттың ішінде жұмысты қалай рәсімдеді? Неге сіз бұдан бейхабарсыз? Сонымен қатар қызметкерлеріңіз жол ережесін жиі бұзады. Атап өтсек, мәдениет басқармасының бас маманы С.Шаханова жеті рет жылдамдықты асырып ұсталған, білім басқармасының бас маманы Г.Ақжігіт үш рет, денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Пазилов бес рет, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы А.Сүйіндіков бір күнде алты рет жылдамдықты асырған. Бұл жайттардың барлығын неге білмейсіз? Осы секілді фактілер өте көп. Бұның бәрін білмесеңіз, қызметіңізді қалай атқарудасыз? – деді әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Рафхат Төлеуғалиұлы.

Келесі мәселеде Шиелі ауданының әкімдігі қаралды. Мұнда әкімдік қызметкерлері жұмыстан шығарылуы керек қызметкерді арашалап, жұмыста алып қалған екен. Шектен шыққан шенеунікке жеңіл жаза берумен шектелген. Қазіргі таңда жазалау уақыты өтіп кеткен соң, қайтадан ауыр жаза беру мүмкіндігі жоқ.

– Шиелі ауданы әкімдігінің Д.Аман есімді қызметкері шын мәнінде жұмыстан шығарылуы керек еді. Бұл жерде әкімдік тарапынан манипуляция жасалып, орнында қалуға мүмкіндік берген. Біз бұл тәртіптік жауапкершілікті бұза алмай отырмыз. Себебі уақыты өтіп кеткен, – деді әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Рафхат Төлеуғалиұлы.

Бұл Шиелі ауданында шыққан жалғыз қитұрқылық емес. Яғни Шиелі ауданы әкімінің орынбасары өзінің мемлекеттік кірістер органдарына жазған негізсіз хатымен «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 600 мың теңге көлемінде кедендік баж салығынан босатылуына жол берген. Алайда көлік прокуратурасының осы факті бойынша Шиелі ауданы әкімінің орынбасарының тәртіптік жауапкершілігін қарау жөніндегі ұсынысы облыс және аудан әкімдіктерімен әдеп жөніндегі кеңеске кеш жолданған. Әлгі шенеунік қазіргі таңда «Nur Otan» партиясының атынан Шиелі ауданы бойынша мәслихат депутаты атанған. Яғни мемлекеттік қызметкер болып есептелмейді. Прокуратураның айтуынша, бұл мәселе созбалаңға салынған. Олар жіберген хат әдеп жөніндегі кеңеске қараша айында жетуі керек еді. Алайда тиісті мекемелерге жетпей, тек 4 желтоқсанда ғана әдеп кеңесінің хатшылығына түскен.

Бұл мәселе бойынша облыс әкімдігіне хат жіберіп, алдағы уақытта анық-қанығын сұрайтын болады. Ал шенеуніктің тәртіптік ісі аудандық мәслихатқа депутат болып сайлануына байланысты тоқтатылды. Дегенмен кеңес мүшелері «Nur Otan» партиясының облыстық филиалына аудандық депутатқа шара қолдану үшін арнайы хат жолдау жөнінде шешім қабылдады.

Тегтер: жол апаты көлік жол қауіпсіздігі оқиға шара

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 03.12.2021, 16:35
Нұр-Сұлтанда 70 мектеп салынады
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 03.12.2021, 14:24
Жалақысы 2 миллионға жуықтаған әкім
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 03.12.2021, 10:15
Кәсіпкер әйелдер көбейіп келеді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 03.12.2021, 08:47
Советский, Карл Маркс, Полторацкий
Сайт әкімшілігі 01.12.2021, 17:01
Нұр-Сұлтанда мұқтаж жандарға 56 азық-түлік себеті таратылды (видео)
Сайт әкімшілігі 01.12.2021, 15:20
Түркістанда 40-тан астам полицей марапатталды

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00