Шығын азайып, ауа тазарады

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

10.09.2020, 11:00

471

Шығын азайып, ауа тазарады

     Аспаннан шұға жаумасы анық. Ата-бабадан қалған  ежелгі пәлсапа ғой. Бірақ құлға  ұлтарақ бұйыратын кез келеді екен. Бұйыртса, қоңыр күзде  бірқатар қарағандылықтардың үйі газбен жылиды. Ұзақ сарылтқан  ұлан-ғайыр игілікті кеншілер қаласының тұрғындары тақымын қысып күтіп отыр. 

Қарашаның қуанышы

      «Михайловка» ықшамауданы Сәкен көшесінің тұрғыны Ырысты Әміркенова өз қуанышын былай жеткізді:

   – Осы көшедегі жекеменшік үйде  18 жылдан бері  тұрып жатырмын. Жылда кем дегенде төрт тонна көмір сатып алып келдік. Үйімізді пешпен жылытамыз. Былтыр мұржамыз түтін тартпай,  иіс тиіп қала жаздап, бір қатерден құтылдық.  Газ құбыры үйіміздің  іргесіне тартылды  дегенді естігенде қатты қуандық. Енді уақытымыз  үнемделіп,  бұрынғы көрген қауіптің беті сейілетін болды.

        Ықшамаудан тұрғындары қуаныштарын айтып жеткізе алмауда.

  – Біздің маңымызда жекеменшік үйлер көп. Алты ай бойы қолқаны қабатын түтін иісі жаңа дерттің туындауына  әкеп соғатыны хақ. Осынау  экологиялық залалдың салдарынан қызым демікпе ауруына тап болды. Енді  қою түтіннен құтылсақ, балам кеселінен айығар деген сенім бар, – дейді Крылов көшесінің тұрғыны Қанат Смайылов.

                                                   Газ біртіндеп беріледі

      Өңір халқын көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмысын биылғы пандемияның қиындығы айналып өткен сыңайлы. Соның нәтижесінде жоспар іркіліссіз орындалды. Мамандар қыркүйектің 3-і күні  құбыр тартылған өңірлердегі газ жіберілетін  жүйелердің   әзірлік жұмыстарын бақылап шықты.  Қазіргі кезде  Талап елді мекеніндегі  148 үй және Пристанционый  ауылындағы  екі  көше   газ алуға сақадай-сай тұр.  Жылыту  маусымында   550  көше қатты отыннан бас тартады.  Бұл жобаның құрылысына  3,2 млрд теңге қаржы жұмсалған.  Орасан зор міндетті жергілікті атқарушы билік өкілдері  жіті бақылап отыр.

      Бұл туралы бізге пікір білдірген облыстық әкімдік жанындағы экономика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов былай дейді:

  • Облыс орталығына сұйық отын  60-қа   жуық көшеге  төрт кезең бойынша жіберіледі.  Құбыр тарту жұмысының  80 пайызы тәмамдалды.  Жылу берудің алғашқы айында 1865 үй көмір жағудан арылады. Тұрғындарға газ жеткізу ісіне 5,1 млрд теңге бөлінді.  Үстіміздегі жылы қанаттас тұрған Теміртау қаласындағы  506 үй орталықтандырған газбен қамтамасыз ету жүйесіне қосылады. Металлургтер өлкесіне көгілдір отын үш кезеңмен беріледі.  Жоспарланған  жұмыстың 90 пайызы аяқталды. Жұмсалған шығын көлемі 1,6 млрд теңгеге бағаланған. Тұрғындарды  газдың тариф бағамы алаңдатып отырғаны заңды.  Оның құны үйдегі  газ есептегіш қондырғы  іске қосылғанда белгілі болады. Тариф мәселесін жақында   ұлттық экономика министрлігінің қарауына жібердік. Елді сұйық отынмен қамту міндеті мұнымен тоқтамайды. Ендігі кезекте  Жаңаарқа, Осакаров аудандары, одан әрі Шахтинск, Саран, Ақтас, Дубовка  елді мекендеріне газ құбырын тарту ісі басталады. Осы күні жобалық-сметалық құжаты әзірлену үстінде.

Газ құбырының бағыты мен қайыры

       Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы 2018 жылдың қараша айында іске кірісті. Газ магистралінің  көлемі 1000 шақырым аумақты құрайды.  Бүгінге дейін дәнекерленген құбырдың ұзындығы 531 шақырым қашықтыққа жеткен. Бұл – жобаның тең жартысы игерілді деген сөз. Елдің әл-ауқаты үшін маңызды  магистральдің басым бөлігі Қарағанды облысына тиесілі. Қауырт қарқынға Америка мен Канададан сатып алынған 900-ге жуық озық техника   жұмылдырылған. Тұрғындар үшін тиімділігі – жұмысқа жергілікті  жердің жігіттері тартылады. Өз өңіріндегі газ желісін қадағалау ісін  келешекте сол елді мекеннің азаматтары атқарып, қадағалайтын болады. Осы шаруаға икемі барлар мен  ниет білдірушілер іріктеліп, тәжірибелік курста білім алады. 

Экономикаға тиімді,  экологияға пайдалы

     Қарағандылықтар күні кешеге дейін қатты отынды тұтынып келді. Оның   қоршаған ортаға зиянын айтпағанның өзінде,  өңделмеген күйдегі шығыны шаш етектен.  Ресей сұйық отынын экспортқа шығарып пайда тауып жатқанда, газдың мол қорының үстінде отырған Қазақстан иегінің астындағы  байлықты игермеудің  себебі не?  Іс тетігін  білетін  кадр жоқ па, әлде  қауқар жоқ па?

     Экологтардың мәліметінше,  еліміз жылына 50 млрд текше метр газ игереді.  Бір ғана «Сарыарқа» газ магистралінің үлесі 2,2 млрд текше метрді құрайды.  Одан әрі де  пайдаға асыруға  мүмкіндік мол. Бірақ амал нешік? Пұшайман халді құшып отырмыз. Әлем «жасыл  экономика» көшіне бет бұрған тұста дамыған мемлекеттер химия өнеркәсібінің құнды шикізатына жаппай ауысуда. Биылдан бастап кеншілер шаһарының белгілі бір бөлігі  газбен жылытуға көшсе, қала экологиясы 6 пайызға тазарады. Аз да болса көңілге демеу көмек.

   – Қалада салынып жатқан айналма жолдар мен газ құбыры арқылы тарайтын сұйық отынның  мекеніміздің экологиясын жақсартуға ықпалы көп. Бұған дейін әрбір жекеменшік тұрғын үйлер мен  үш жылу электр орталығы  көмірді  пайдаланып келді. Олардың ауаға тарататын қаупі мен денсаулыққа  тигізетін кері әсерінен  халық зардап шекті.  Тек газ құбырының желісі жер астымен  тартылса, жануарларға қаупі жоқ.  Бірақ, білуімше, осылай секілді.  Себебі Арқа даласы – ақбөкендер мекені.  Жарықтық жануарлар  жылдың төрт мезгілінде  көшіп-қонып жүреді. Мәселен, Канадада  орман жануарлары құбыр жолын жаншып өтпеу үшін орман ішінен жасыл желекпен көмкерілген көпірлер салынған, – дейді  эколог, ҚарМУ-дың биология кафедрасының аға оқытушысы Ернар Кейкин.

     Жаhандық үрдіске сәйкес,  қазір экология мен экономиканы  қосарлап айту әлемдік тенденцияға айналды.

   – Экология мен экономиканың жақындауына  әуелі  халықтың әлеуеті әсер етті. Логикалық тұрғыдан ой жүгіртсек, қоршаған орта ластанса адамның  кеселге тап болатыны сөзсіз. Оның зардабы табыс көзінің кемуіне әкеп соғады. Айналып келгенде, экология – денсаулықтың кепілі, әл-ауқатымыздың  қауқары. Бұған дейін қарағандылықтар жылына мың тонна көмір жағып келді. Соның кесірінен ауаға тараған зиянды химиялық қоспалардың қалдығы әр адамның бойына дерт болып жабысты.  Игіліктің ерте-кеші жоқ.  Енді  әр үйге  табиғи газ келсе, отын шығынынан құтыламыз. Көпқабатты үйдегілердің басым көпшілігі электр плитасын қолданып отыр. Газға қосылса, тоққа жұмсалатын қаражаттың  едәуір бөлігі отбасы бюджетін толықтыруға ықпал етеді.  Экономикалық тиімділіктің басты мұраты осы емес пе? – дейді экономика ғылымының докторы Әбілдә Әмірханов.

      Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 30 жылға жуықтады. Қанағатшыл қазақ «Ештен кеш жақсы» деп, жанын жұбатудан  тайған емес. Көгілдір отынның кешігіп келуі халықтың алдағы күнге үміт отын қайта тұтатқандай. Ең бастысы, байлықтың бір бөлшегіне қолы жеткен қараша жердің астындағы қазынаның  иесі өзі екенін сезгендей.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:55
Шымкенттік жас ғалым ғаламат технология ойлап тапты
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:44
Кавасакимен ауырған бала жоқ
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:37
Қоқыс мәселесі шешімін табуда
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 28.09.2020, 14:28
Қарағандыда тағы да төрт елді мекенде құс тұмауы бар деген жормал жасалды
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 09:57
Павлодар облысында 9 оқушыдан коронавирус анықталды
Сайт әкімшілігі 27.09.2020, 15:39
Шымкенттің ирригация жүйелері жаңаруда

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43