Шымкент әуежайы сатылады

Шенеуніктер осыған қатысты әңгімеге түсінік берді

М.СӘУЛЕБЕК

15.10.2020, 10:09

444

Шымкент әуежайы 100 пайыз сенімді басқаруға берілмек. Дәлірегі, әуежай түбі сатылады. Себебі, сенімді басқаруға алған компания нысанды сатып алу құқығын да иеленеді. Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне сілтеме жасаған ақпарат құралдары осындай мәлімет таратты. Мұның қоғамда қызу талқыланып жатқаны да рас.

Комитеттің мәліметінше, әуежайдың құны 5,2 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Қазіргі уақытта әуежай Шымкент қаласы әкімдігінің коммуналдық меншігі болып табылады. Сауда-саттық 8 қазанда басталған.

Келісім бойынша жаңа басқарушы әуежайға кемінде 6 миллиард теңге инвестиция құюы тиіс. Бұл қаражаттар терминалды қайта жаңғыртуға, арнаулы техникамен қамтамасыз етуге жұмсалуы керек.  Сонымен бірге, компания әуежайдағы жұмыс орнын сақтап, 2021 жылға қарай, әуе тасымалынан түсетін пайданы 150 миллион теңгеден кем болмайтындай, дәрежеге жеткізуі тиіс.

Осы ақпараттар жарияланысымен, мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов премьер-министр Асқар Маминнен Шымкент әуежайын сату бойынша тендерге қатысушыларды тексеруді және өтінімдерді қабылдау мерзімін қайта қарауды сұрады. Депутаттың айтуынша, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Шымкент әуежайына қатысты  тендер жариялаған. Тендердің талабы бойынша, әуежайды  сенімгерлік басқару мерзімі 10 жылды құрайды, ал тендерге өтінімдерді беру  үш апта ғана –18 қыркүйектен 8 қазанға дейін қабылданған.

– Бұл байқауды тез әрі шусыз өткізген біреуге тиімді сияқты болып көрінеді. Таңғаларлығы, байқауға азаматтар мен жеке кәсіпкерлер де қатыса алады. Бір жеке тұлға бүкіл әуежайды қалай басқара алады?  Бұл қала әуежайының болашағына күмән келтіреді.  Сонымен қатар сарапшылардың бағалауы бойынша, 5,2 миллиард теңге бастапқы баға мұндай нысан үшін өте төмен болуы мүмкін, – деді А.Жамалов.

Аманжан Жамалов әуежайдың стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, Шымкент әуежайын сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі тендерге өтінімдерді қабылдау мерзімін ұзартуды, сонымен бірге, тендерге әлеуетті қатысушылар үшін біліктілік талаптарын қайта қарауды және объектінің құнына қайта тәуелсіз бағалау жүргізуді сұрады.

Ал Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исақовтың айтуынша,  әуежайды сатуда әдеттен тыс ештеңе жоқ. Бәрі қалыптасқан тәжірибеге сай жүргізіліп жатыр.

–Шымкент әуежайы 2015 жылы үкіметтің қаулысымен жекешелендірілетін нысандар тізбегіне енгізілген болатын.

Сол қаулыға сәйкес, 2018 жылы ол жекешелендіруге түсуі керек болған. Алайда түрлі себептермен бұл шаруа шегеріле беріп,  2020 жылға дейін жетті. Біз 18 қыркүйек күні республикалық газет-сайттарға хабарландыру бердік.  8 қазан соңғы күні. Үкіметтің қаулысы, құжаттарға қол қойылу сынды дүниелер өз кезегімен жүріп жатыр. Ал құны турасына тоқталсақ, тәуелсіз бағалаушылар әуежайды 5 миллиард 200 мың теңгеге бағалаған. Оны «көтер, түсір» деп, ешкім айта алмайды, өйткені тиісті мемлекеттік сараптамадан өткен. Неге мұндай шешімге келдік? Себебі, Шымкент секілді қалаларда әуежай  өзін-өзі дамытуға, яғни ақша табуға мүмкіндігі бар нысанаға жатады. Қазіргі таңда ол қалалық меншікте. Екі жылдан соң, ұшу-қону жолағына күрделі жөндеу жүргізу қажет, автобустарын ауыстыру керек, тағы сол секілді жұмыстары бар. Олардың бәріне қыруар қаржы жұмсалатындықтан, қалалық бюджетке салмақ салады. Сол себепті, біз  ондай нысандар өз-өзін асырау керек, – деп ойлаймыз.

Әуежайды сату бойынша жарияланған конкурс талаптарына сәйкес, сатып алушы бюджетке 5 миллиард 200 мыңды төлейді. Оған қоса, әуежайдың дамуына он жыл ішінде 6 миллиард теңге салуы тиіс.

–Қазіргі әуежай өзінің шығындарын ғана жауып отырғандықтан, ары қарай дами алмайды. Сол себепті, ол бүгіннен бастап, одан әрі кеңейіп, коммерциялық бағыттарға жұмыс істей беру керек, – деді ақпарат құралдарына парламентте көтеріліп жатқан мәселеге түсінік берген  әкім орынбасары.

М.Исақов еліміздің ең үлкен мегаполисі Алматыдағы әуежайдың жекеменшікке өткенін, жергілікті билік оған бір тиын да ақша бермейтінін, керісінше, иесі қалалық бюджетке салық төлейтінін алға тартып отыр.

– Бізде де солай болуы керек. Неліктен біз өзін-өзі асырайтын нысанды алып жүруіміз керек?, – деді М.Исақов.

Ал енді бұған сарапшылар не дейді? Шымкент әуежайын кім сатып алады? Жекеменшікке өткен нысан қаншалықты өзгереді? Бұл сауалдардың жауабы алдағы уақытта белгілі болмақ.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Батырхан Тоғызов 20.10.2020, 10:58
Әр адамның еңбек өтілі дербес есептелсін
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 20.10.2020, 10:51
Биотехнопаркті мақсат еткен Аэлита
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.10.2020, 10:41
Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 20.10.2020, 10:17
Карантиндік шектеулер күшейтілді
Миуа БАЙНАЗАРОВА 20.10.2020, 10:13
Күштінікі – диірмен тартады
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 20.10.2020, 10:05
Қарағанды билігі жасыл желекке неге шүйлікті?

Аңдатпа


  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16
  • Ашық хат
    15.10.2020, 10:44
  • Билік жұртта қалған елу отбасыны көшіре алмай отыр
    15.10.2020, 10:38