Скриптонит пен Иманбек қолдай ма екен?

Павлодарлықтар қойма мен зауыттың салынуына қарсы

Мариям МАҚСАТ

18.06.2021, 11:24

1654

Күллі қазақ халқына қасірет әкелген Семей ядролық полигонының зардабын ел әлі ұмыта қойған жоқ. Қайдан ұмытсын?! Жүздеген жарылыстар талай адамның тағдырында өшпес із қалдырды. Енді сол жарылыстар кезінде уланған топырақ, содан қалған радиоактивті қалдықтар Павлодар облысының Май ауданында сақталмақ. Ол аздай, өңірде су тапшылығын тудыруы мүмкін кальцийленген сода зауытының құрылысы басталғалы отыр.

Семей ядролық полигонында сынақтар жүргізілген кейбір аумақ бүгінде Павлодар облысының Май ауданына жатады. Бәлен жыл бойы ашық аспан астында жатқан қауіпті қалдықтар енді осы ауданда салынатын қоймада сақталатын түрі бар. ҚР Ұлттық ядролық орталығы осыны көздеп отыр. Алайда бұл жобаның жүзеге асуына жергілікті жұртшылық пен экологтар үзілді-кесілді қарсы. Көпшілік қалдықтардың «жұрнағы» ұлт денсаулығына қауіп тудыруы мүмкін дегенді айтып дабыл қағуда. Бірақ биліктегілерге бәрібір сияқты.

ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас инженері Александр Коровиков «1800 шаршы метр аумақты алатын қойманың жұртқа тигізер зияны жоқ» деп бет бақтырмайды. Әрине, сол қойманың іргесінде өмір бойы тұрмайтындықтан, оған айту оңай. Ал сол қоймадан бірнеше шақырым жердегі ауылдардағы ағайынның жайы не болмақ?

Павлодарлық эколог Юрий Павленконың пайымынша, қойманы металл құралымдардан емес, бетоннан салу керек.

– Сынақ алаңының суреті де, ол жерде қалдықтың қандай көлемде жатқаны туралы ақпарат та жоқ. Металл контейнерлерден салынған қойма 30 жылдан кейін герметизациясын жоятыны тағы бар. Бұл қосымша қиындықтар тудыруы әбден мүмкін. Жұмысшыларды жеке қорғаныс заттарымен қамту, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу де қарастырылмаған. Бір сөзбен айтқанда, жоба әлі «піспеген», – дейді эколог.

Сондай-ақ қоғам белсенділері қалдықтың күніне жүздеген көлік өтетін жолмен тасымалдануы, контейнерлер тиелген көліктердің елді мекендердің жанынан өтуі қауіп тудыруы мүмкін екенін де алға тартып отыр. Сондықтан уланған топырақты сынақ алаңынан сақтау орнына төте жолмен жеткізу керек деген пікір білдірді. Бірақ бұл ұсынысты Ұлттық ядролық орталық қолдай қоймады.

Павлодар қаласында кальцийленген сода зауытының салынуына қарсы шыққан топтың сөздерін де ескерген ешкім жоқ. Бұл өндіріс орнының жобасы 2019 жылдан бері талқыланып келеді. Сол уақыттан бастап тұрғындар мен қоршаған ортаны қорғаушылар 200 мың тонна сода шығаратын зауыттың құрылысынан қауіп көп екенін айтудай-ақ айтып келеді. Бірақ оған құлақ асып жатқан шендінің қарасы көрінбейді, сол баяғы «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегеннің кері болып тұр.

Кезекті рет өткен қоғамдық тыңдау кезінде белгілі эколог Светлана Могилюк жаңа кәсіпорын іске қосылса, тұрғын үйлер мен басқа да нысандар сусыз қалатынын тағы да ескертті.

– Жоспар бойынша зауытқа өндірістік қажеттілік үшін Ертістен жылына 1,8 млн текше метр су алынады. Бұл өте үлкен көлем. Бүкіл қала халқы тұтынатын судың оннан бір бөлігін және кәсіпорындар алатын судың шамамен 8 пайызын сода зауытына берсек, тапшылықтың туындайтыны анық. Сондықтан кәсіпорындар өздеріне керек соданы сырттан сатып алсын, – дейді Светлана Могилюк.

Жұртшылық зауыттың салынуына наразы болғанымен, атқамінерлер кәсіпорынға инженерлік-коммуникациялық желілерді тарту жобасын құптап қойды. Тіпті ол үшін бюджеттен 460 млн теңге ақша да бөлді. Павлодарлықтар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының шындыққа мүлде жанаспайтынына тағы бір мәрте көз жеткізіп отыр.

Жақында Ақмола облысының Степногорск қаласында да тұрғындар полихлоринді дифенилді қалдықтар зауытына қарсы шыққан болатын. Бірақ шенеуніктер олардың сөзін құлаққа да ілмеді. Тек осы қаланың тумасы, қазірде ТМД елдеріне танымал стенд-ап комик Нұрлан Сабыров әлеуметтік желідегі парақшасына «Біз, степногорлықтар, зауытқа қарсымыз!» деп жазып, президентті, «Нұр Отан» партиясын белгілегені сол еді, Ақмола облысының әкімдігі жобаның Степногорск аумағында іске асуына рұқсат бермейтіндерін хабарлады.

Сол сияқты Май ауданында радиоактивті қалдықтарды сақтайтын қойманың, Павлодар қаласында кальцийленген сода зауытының салынуын болдырмау үшін есімдері ТМД елдерінде дүркіреп тұрған павлодарлықтар – рэпер Скриптонит пен «Грэмми» сыйлығының иегері, ди-джей Иманбек Зейкеновті ортаға салатын сыңайлы. Әйтпесе біздің билік қарапайым қатардағы мыңдаған тұрғынның емес, есімі Ресейге етене таныс бір-екі адамның ғана сөзін бұлжытпай орындайтын көрінеді.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 27.05.2023, 19:33
Алматыда ішімдікке тәуелділердің саны 7,5%-ға азайған
Сайт әкімшілігі 27.05.2023, 10:45
Алматыда "Халық заңгері" кең ауқымды акциясы өтті
Сайт әкімшілігі 26.05.2023, 17:00
Оңтүстіктегі диқандар су тапшылығын тартып отыр
Сайт әкімшілігі 26.05.2023, 16:00
Оралдағы тергеу изоляторы құрылысын аяқтауға тағы 6 миллиард теңге қажет
Б.СӘРСЕНБІ 25.05.2023, 16:30
Шіркеймен күрес тамызға дейін жалғасады
Еркежан АРЫН 25.05.2023, 09:00
Алматы жастары арасында суицидтің алдын алу жұмыстарының маңызы

Аңдатпа


  • Келген қазақ құжатсыз, туған бала тұрақсыз
    26.05.2023, 10:25
  • Қазақтың жерін саудалап жүрген кім?
    26.05.2023, 09:51
  • Құқығың бұзылса, депутатқа айтасың, депутат бұзылса, кімге айтасың?
    26.05.2023, 09:13
  • Ғинияттың 207 мың кемшілігі
    25.05.2023, 10:00
  • Орталық Азияның «отағасы» кім?
    25.05.2023, 09:31