Солтүстікте үй құстары неге жаппай қырылып жатыр?

Мариям МАҚСАТ

29.09.2020, 11:22

585

2020 жыл күллі әлем үшін оңайға соқпай тұр. Коронавирус деген пәленің атпалдай азаматтарды арамыздан алып кеткені аздай, енді құс тұмауы көпшіліктің күнкөріс көзіне айналған үй құстарына ащы тырнағын батырды.

                                               Арам қатты

Күз келсе, құстардың солтүстіктен оңтүстікке қарай қанат қағатыны белгілі. Алайда биыл жылы жаққа ұшатын құстар ел арасында дүрбелең туғызып тұр. Ресейдің кейбір облыстарынан бет алған қанаттылар Қазақстанға құс тұмауы деген жұқпалы ауру әкеліп, біздің құстар солармен бір айдыннан су ішіп, содан бес аймақтағы құстар жаппай қырылып жатыр.

Солтүстік Қазақстанда алғаш рет тіркелген бұл дерт кейін Павлодар, Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстарынан да анықталды. Ресми сандар елімізде 13 мыңнан астам үй құсының арам қатқанын көрсетіп отыр. Басқасын айтпағанда, Солтүстік Қазақстан облысындағы бір құс фабрикасының өзінде 41 мың бас құс қырылып қалған.

Елге бұл індет келген соң, бірден республикалық қордан қаржы қарастырылып, миллиондаған вакцина алынды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева вакцина жеке аулалардағы 14,7 миллион бас құстың барлығын бірдей екпемен қамтуға мүмкіндік береді деп сендіріп отыр.

Осы министрлік өкілдері «тұтынушылар тауық жұмыртқасы мен етінен тарықпайды» дегенді алға тартты. Мал шаруашылығы өнімдері және қайта өңдеу департаментінің басшысы Еркебұлан Ахметовтің сөзіне сүйенер болсақ, елдегі 35 құс кешені отандық нарықты толығымен қамтып қана қоймай, экспортқа шығаруға да қауқарлы. Олар жылына шамамен 5 миллиард дана жұмыртқа өндіреді.

Мамандардың айтуынша, жұмыртқадан да, құс етінен де адамға келер қауіп жоқ. Тұмаудың бұл түрі құстан құсқа ғана жұғады. Десе де, қауіпсіздік үшін әбден қайнатып немесе қуырып алу керек. Жұмыртқаны да сұйық сарысын қалдырмай пісірген дұрыс.

                               Үш ауыл карантинге жабылды

Елге келген бұл дерт Павлодар облысын да айналып өтпеді. Мұндағы үш ауылда құс тұмауына байланысты карантин жарияланды. Алдын ала есептеулер бойынша, өңірде қыркүйек айында 5000-ға жуық құс өлімі тіркелді. Тереңкөл ауданындағы Жаңа құрылыс ауылында – 1500, Железин ауданындағы Жаңа жұлдызда 2000-нан астам, осы аудандағы Ақтау ауылында 1600 үй құсы қырылды. Індет ошағына айналған елдімекендерде ор қазылып, қоршалды. Ауылдарға кіреберіс жолдарда блокбекеттер орнатылып, полиция мен ветеринарлық қызмет өкілдері кезекшілік етуде. Құс өнімдерін бұл елдімекендерге кіргізіп-шығаруға тыйым салынған. Қауіпті аурудың одан әрі таралуын болдырмау үшін тұмауға шалдықпаған үй құстары да инсинеторға жиналады. Себебі, олар вирус жұқтырып, қазіргіден де зор қауіп тудыруы мүмкін. Ал тұрғындардың қатынауына еш шектеу қойылған жоқ.

Ендігі ретте ауылдықтарды өтемақы мәселесі алаңдатып отыр. Әзірше бір құс үшін неше теңге берілетіні, қашан төленетіні белгісіз болып отыр. Эпизоотияға қарсы республикалық отряд жеке ауладағы құстардың иелеріне барлығы 390 миллион теңге беруді жоспарлап отырған көрінеді. Дегенмен кейбір тұрғындар тиісті қаражаттың дер кезінде түсе қоярына күмәнмен қарайды.

– Құс тұмауының қаупі жоғары екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан жаз бойы өсіріп-баққан сау тауықтар мен қаздардың бәрін құрттық. Олар күзде азық, сатсақ ақша болатын еді. Ал енді не тамақ, не күнкөріс көзі жоқ. Үкімет үй құстарының орнын тезірек толтырып, бағасын төмендетпей берсе жақсы болар еді. Бұған дейін малы бруцеллезге шалдыққан кейбір таныстарымыз пәлен ай бойы өтемақы ала алмай, талай табалдырықты тоздырған еді. Бізге де сондай күн туа ма деп қорқамыз, – дейді Ақылбек есімді ақсақал.

Өтемақы төлеуге жауапты отряд қызметкерлері тиісті құжаттар дұрыс берілсе, үй құстарының иелеріне үш күн ішінде төлем берілетініне сендірді.

Абырой болғанда, Павлодар облысындағы ірі құс фабрикалары – «Қызылжар Құс» пен «Павлодар Құс» кәсіпорындарындағы тауықтардан тұмау табылған жоқ. Мысалы, «Қызылжар Құс» фабрикасында 365 мың тауық бар. Құс өнімдері күн сайын сауда орталықтарына әдеттегідей жөнелтілуде. Соған қарамастан, тұрғындар құс өнімдерін алуға асықпайды. Коронавирустан әбден қорқып, зәре-құты қалмаған көпшілік құс тұмауынан да қауіптеніп отыр.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

М.СӘУЛЕБЕК 09:34
Бюджет жобасын халық жасайды
М.СӘУЛЕБЕК 09:31
Агроиндустриалды аймақ құрылады
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 09:25
Күнгейдің көлеңкелі тұстары
Сайт әкімшілігі 28.10.2020, 14:08
Алматы облысының полициясы қауіпті қылмыскерді іздестіруде
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 27.10.2020, 11:30
«Біз оны жұмысқа алған жоқпыз...»
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 27.10.2020, 10:39
Трактор табанына тапталған балалар алаңы

Аңдатпа


  • Мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
    11:03
  • Қайда кеткен? Қоймада коронавирустан емдейтін 12 дәрі жоқ болып шықты
    28.10.2020, 16:24
  • Kaspi.kz сервистері жұмыс істеп тұр
    28.10.2020, 15:38
  • Жалт етіп сөнген бір жасын
    27.10.2020, 09:53
  • Бүгін еліміздің басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауады
    26.10.2020, 10:04