Сот – тазалық пен әділдіктің айнасы

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

30.09.2021, 08:20

871

Соңғы жылдары еліміздің сот саласындағы қазылардың қара қылды қақ жарған әділдігіне, кәсібилігіне қатысты талаптар айтарлықтай күшейтілді. Әсіресе олардың сыбайлас жемқорлық әрекеттерінен бойын аулақ ұстап, халықтың сеніміне лайық сот шешімдерін шығаруына аса мән берілуде. Бұл дұрыс та, өйткені халқымызда «Ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді?» деген нақыл сөз қалыптасқан. Яғни еліміздің сот саласының мамандары заңдылықтың, сатылмайтындықтың, кәсібиліктің үстемдік құруына қызмет етіп, қоғамды сыбайластықтан тазартуға ықпал етуі тиіс.

«Тура жолдан таюға бейім тұратын жандарға сот саласында орын жоқ», – деген президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев құқықтық мемлекет пен әділетті қоғам құру жолында судьялардың тазалығына көп нәрсе байланысты екенін атап өткен болатын. Осы орайда айта кетер жайт, тек соңғы бес жылдың ішінде сыбайлас жемқорлық фактісі үшін Фемиданың 17 өкілі жауапқа тартылған көрінеді. Пара алудан бөлек, 30-ға жуық судья теріс әрекеті үшін жұмыстан қуылған. Бұдан түсінгеніміз – судья сот әдебін бұзбауы керек, заңсыз шешім шығармауы қажет, ал сыбайластық пен жемқорлықтан әрқашан бойын аулақ ұстауы тиіс. Сондықтан қазіргі таңда саладағы өзгерістер де осы бағытта жүргізіліп жатыр. Мәселен, дүниежүзі бойынша пандемиялық жағдай қалыптасқан тұста соттардың отырысы толығымен онлайн форматқа жедел көшті. Жағдайға тез бейімделіп, сот саласының заман сұранысына дайын екенін, сандық жүйеге дер кезінде көшкенін дәлелдеп бере алды. Шын мәнінде бұл үлкен жетістік болатын. Өйткені сала техникалық тұрғыдан дайындығын көрсете алғандықтан, қашықтан сот ісін жүргізуде абдырап қалмады. Мәселен, төтенше жағдай енгізілген алғашқы аптада соттар күніне мыңға жуық істі қашықтан қараса, кейіннен күніне төрт-бес мыңға дейін сот процесін алыстан өткізуге мүмкіндіктері барын көрсеткен.

Мұндай мүмкіндіктер судьялардың тазалығы мен кіршіксіздігін дәлелдеуге де ықпал етті. Мәселен,  Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов: «Жергілікті жерде судьяны тұрғындардың бәрі таниды. Жеңіліп қалған тарап міндетті түрде жеңуші тараптың судьямен байланысы бар деп күдіктенеді. Сондықтан бұдан былай сотқа келіп түскен істі судьяларға сот төрағасы емес, IT-жүйе өзі автоматты түрде бөліп береді. Мәселен, жауап беруші тараптар Шымкенттен болуы мүмкін, ал істі Петропавл немесе Оралдағы сот қарауы мүмкін. Арада ешқандай тікелей байланыс болмайды, сондықтан сыбайлас жемқорлықтың да болуы мүмкін емес», – деген болатын. Яғни салаға енгізілген кез келген өзгеріс сала қызметкерлерін тазалыққа жетелеп, заман сұранысына сай бейімделе отырып, халықтың салаға деген сенімін күшейтуге бағытталғаны қуантады.

Мемлекет басшысының да соттың құзыреттілігін аумақпен шектемеу керектігін айтқан ұсынысы халықты бір серпілтіп тастады. Соның бір дәлелі қазіргі таңда халықтың сот орындарына қатысты арыз-шағымдары да айтарлықтай азайған көрінеді. Сала ұдайы мемлекет басшысы тарапынан қадағаланып, заманға сай өзгерістер жасалуының арқасында үнемі даму үстінде.

Атап айта кетер жайт, судьяларға қатысты ғана емес, олардың шығаратын сот шешімдеріне қатысты да талап күшейіп келеді. Бұл жөнінде мемлекет басшысы: «Дұрыс қабылданбаған шешімдердің кесірінен қателік туындау қаупі де бар. Бізде үкім шығаруда өрескел қате жіберген судьялардың да нақты статистикасы жоқ екен. Өйткені заң бойынша олар тәуелсіз, ешкімге есеп беруге міндетті емес. Сот шығарған солақай шешім кейде баз біреулердің өміріне нұқсан келтіріп жатады. Судьялардың біркелкі жағдайда әртүрлі шешім қабылдайтыны жөнінде маған бірнеше рет баяндаған. Мұндай келеңсіздіктерге жол беруге болмайды. Соның салдарынан қоғамда наразылық туындап, соттардың бәрі жемқор деген жағымсыз ақпарат тарайды. Соттар қылмыстық процесті жүргізу барысында тергеу органдарына жалтақтамауы керек. Егер сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдей алмаса, айыптау үкімін шығаруға болмайды. Судьялар табандылық танытса, тергеу амалдары сапалы жүргізілетіні анық. Қылмыстық қудалауға түскен азаматтардың құқықтары да лайықты қорғалары сөзсіз. Қазір елімізде әрбір төртінші аза­маттың басы дауға шатылған. Статистикамен сөйлесек, 3 миллионға жуық арыз сотта жатыр. Республика бойынша күн сайын 6000-нан астам шешім мен үкім шығарылады. Бір судья орта есеппен төрт, ал елорда мен Алматыда 10-ның үстінде сот актісін қабылдайды. Ал ешкімнің шен-шекпеніне, атақ-дәрежесіне қарамай шешім қабылдау – кез келген судьяның парызы. Бірақ қазақта сөз бар, «Билік айту оңай, біліп айту қиын». Сондықтан әділ шешім қабылдап, даулы іске төрелік айтатын сот өте сауатты, қарым-қабілеті жоғары болуы шарт», – деген болатын. Демек, саладағы әрбір іс толық мемлекеттік қадағалауда, сот саласының сапалық тұрғыдан жақсаруына толық жағдай жасалып жатыр деп айта аламыз.

         Жалпы, елімізде сот төрелігін заман талабына сай жаңғырту жылдар бойы үздіксіз жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде сот саласының жұмысы тың серпін алып, сот ашықтығы мен қолжетімділігі арта түсуде. Сот жүйесінің көпсатылығы жойылды, судьялардың кадрлық іріктеу жүйесі жаңғыртылды, судьялар әдебінің жаңа кодексі қабылданып, тараптарды бітістіру рәсімдері мен дауларды соттан тыс реттеу тетіктерін жетілдіру қолға алынды. Сондай-ақ сот жүктемесі азайтылды, сот актілерін ұғынықты тілде түсіндіру тәжірибесі енгізілді, жаңа электрондық сервистер мен жобалар іске қосылды, сот жүйесінің материалдық базасы нығайтылып, өңірлерде фронт-кеңселер ашылды. Бұл өзгерістердің барлығы салаға оң ықпал етті, сот жүйесін белсенді дамытудың жаңа қырын қалыптастырып, судьялардың жұмысына тың серпін берді. Ендігі жерде сот беделін нығайту бағытындағы жұмыстар қолға алынып, оң шешім тапса халықтың да сотқа деген сенімі арта түсері анық. Ал сот беделі сот шешімдерінің әділдігіне, судьялардың кәсіби біліктілігіне, ұстанымы мен жеке басының адамгершілік қасиеттеріне байланысты қалыптасатынын ескерсек, сот беделінің де биіктеуі уақыт еншісіндегі мәселе екенін байқаймыз. Соттан әділдік іздеп келген әр адам сот шешіміне қанағаттанып, билік төрінен ішкі жанайқайын түсініп тыңдай алатын, ұғына білетін парасатты, білімді, білікті судьяларға кезігуінің маңызы зор болғандықтан, саланы да осы бағытқа икемдеу уақыт талабы болып отыр.

Тегтер: сот жүйесі цифрландыру бастама шешім шара

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:14
Орал тұрғындары үйді бұзуға қарсы наразылыққа шықты
Сайт әкімшілігі 15.10.2021, 17:20
Жаңа заң жобасы қабылданды
М.СӘУЛЕБЕК 15.10.2021, 12:19
Үлкен жолайрық – үлкен қалаларға тән құбылыс
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 15.10.2021, 08:25
«Мұнайдың үстінде отырып мұнайға жарымаймыз»
Еңлік АРЫҚБАЙ 15.10.2021, 08:23
Мектеп құлап жатыр: рас па?
Сайт әкімшілігі 14.10.2021, 12:01
«Атамекен-Түркістан» микро қаржы ұйымы алғашқы жобаны қаржыландырды

Аңдатпа


  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29