Соттың өзі сотталатын қоғамда әділдік бар ма?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

18.02.2021, 09:08

1119

Жоғарғы сот пен Түркістанда судьялардың ұсталып, бірінің «пара алды», екіншісінің «пара берді» деген күдікке ілігуіне қатысты президенттен бастап, жұрттың бәрі пікір білдіріп жатыр. Үндемей отырған әзірге жоғарғы сот пен Түркістан облыстық соты ғана.

Құзырлы органдардың таратқан мәліметіне қарағанда, пара түркістандық судьяны бір соттан екінші сотқа ауыстыру үшін берілген.  Жоғарғы соттың судьясы М.Жанғұттинов осыған ықпал еткенге ұқсайды.

М.Жанғұттинов былтыр желтоқсанға дейін Жоғары сот кеңесінің мүшесі болған. Бұл мәліметті Жоғары сот кеңесінің өзі таратты. Біз осы оқиғаға қатысты Түркістан облыстық сотынан түсінік сұраған болатынбыз. Алайда  баспасөз қызметіндегілер операцияны жоғарғы соттың ішкі қауіпсіздік қызметі мен антикордың бірлесіп жүргізгенін, бұл жөнінде өздерінде ешқандай ақпараттың жоғын мәлім етті. Дегенмен сот саласында жүрген қызметкерлердің айтуынша, пара берді деген күдікке іліккен азаматша Түркістан облыстық кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі сотының судьясы қызметін атқарған. Ол бұл жерге  былтыр қарашада Шымкент қаласындағы аудандық соттардың бірінен ауысып келген. Яғни осы деректерден сыбайластық әрекеттердің  былтыр қарашаға дейін болғаны аңғарылады.

Бұл істің бір ерекшелігі – құзырлы органдарға ешкім арызданбаған. Параны беруші де, алушы да бірдей ұсталған. Шамасы, антикор қос судьяның телефонын тыңдап, олардың әрекеттерін ұзақ уақыт бойы аңдып келгенге ұқсайды. Төбебилер ақырғы сәтте, яғни ақпанда  алдын ала уәделескен параны алу, беру кезінде қолға түскен сыңайлы. Бұл істің толық мән-жайы алдағы уақытта ашыла жатар. Біздің негізгі айтпағымыз бұл емес.

 Түркістан облысында судьялардың парамен ұсталуы тоқтамай келеді. Былтыр  жыл басында облыстық соттың судьясы Ә.Рахымбаевтың 3 миллион теңге парамен өзінің пәтерінде құрықталғаны белгілі. Маусымда облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы Түгел Бекімбетов ұсталды.

Бекімбетовке үкімді Шымкент қаласының Қаратау аудандық соты шығарды. Себебі пара алу оқиғасы Шымкент қаласында орын алған. Т.Бекімбетовтің сотта берген жауабына қарағанда, ол пара беруші Ережеповті 2000 жылдан бері жақсы таныған. К.Ережеповтің иелігінде компаниясы болған. Наурыз айында осы компанияға қатысты Түркістан облысының ауданаралық экономикалық сотының ұйғарымы шыққан. Ережепов өзінің «жақын танысы» Бекімбетовке осы ұйғарымды апелляциялық алқада өзгеріссіз қалдыруды өтінген. Төраға оның өтінішін қанағаттандырып берген.

26 сәуірде Ережепов ұйғарымды күшінде қалдырып бергені үшін Бекімбетовке 300 мың теңге параны оның Шымкент қаласындағы үйіне апарып берген. Шамасы, Бекімбетов қылмыс үстінде ұсталмаған сияқты. Өйткені ол алған ақшаның 46 мың теңгесін жаратып үлгерген. Төраға сол күні 15 сағат 45 минутта құрықталған.  Тінту барысында одан  қағазға оралған 220 мың теңге және әмиянынан 34 мың теңге шыққан.

Пара беруші Ережеповті қайтар жолда полиция қызметкерлері тоқтатып, карантин талаптарын бұзғаны үшін Қаратау полиция басқармасына алып барған. Сол жерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің қызметкерлері де келген. Олар Ережеповті күні бойы ұстап, түнгі сағат 2-лердің шамасында босатқан. Кейінірек ол Бекімбетовке пара бергені туралы құзырлы органдарға ресми түрде хабарлаған. Алайда сот «К.Ережепов бұл әрекетті өз еркімен жасамаған» деп тапқан.

Сот Ережеповті пара беру бабы бойынша кінәлі деп тауып, екі жарым  жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ал Бекімбетов пара алу бабы бойынша бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Осы жағдайлардан кейін Түркістан облыстық сотының төрағасы Талғат Баратбековтің отставкасы туралы мәселе көтерілді. Тамызда кейбір ақпарат құралдары Талғат Баратбековтің президент Тоқаевқа жазған хатын жария етті. Осы хатында төраға қарамағындағы қызметкері парамен ұсталса, басшысына отставкаға арыз жазуды міндеттейтін тәртіптің сот саласына жүрмейтінін, себебі соттардың ісіне араласуға болмайтынын, әр судья шешімді дербес, тәуелсіз жағдайда қабылдайтынын алға тартады. Ол Рахымбаевтың судьялық қызметке 90-жылдары, ал Бекімбетовтің азаматтық алқаның төрағалығына 2015 жылы тағайындалғанын атап өтеді.  Расында да, Ата заңда жазылғандай, жергілікті соттардың төрағаларын, судьяларын Жоғары сот кеңесінің кепілдемесі негізінде президент тағайындайды.  Яғни Жоғары сот кеңесі кепілдеме береді, президент тағайындау жөнінде жарлық шығарады, ал судья парамен ұсталса, сот төрағасы жауап береді. Бұл әділетті ме?

Ақыр аяғында Талғат Баратбеков қызметінен кетті. Жуырда облыстық сотқа басқа төраға тағайындалды. Бірақ одан бір нәрсе өзгерді ме? Судьяларға қатысты соңғы сорақы жағдай «балық басынан шіриді» деген мәтелді еріксіз еске түсіреді.

Ал осындай жағдайлардан кейін жұрт кімге сенеді? Соттың өзі сотталатын қоғамда әділдік бар ма?   

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 05.06.2023, 08:20
Таиландта комаға түскен қазақстандық көз жұмды
Сайт әкімшілігі 02.06.2023, 20:00
Алматыда көру қабілеті бұзылған балалар арасында шоудаун бойынша Қазақстандағы алғашқы турнир өтеді
Б.СӘРСЕНБІ 02.06.2023, 13:24
Идея – жастардан, қолдау – мемлекеттен!
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 02.06.2023, 12:23
Мағынасыз көше атаулары өзгереді
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 02.06.2023, 07:55
БАӘ Қарағандыдан саумал сатып алады
Бифат ЕЛТАЕВА 01.06.2023, 13:08
Ерікті жастардың қоғамға тигізер пайдасы

Аңдатпа


  • Ораловтың барында...
    06.06.2023, 10:17
  • Ұстағанның қолындағы, тістегеннің аузындағы қазақ ураны
    06.06.2023, 09:46
  • Жалған кәсіпкерлер, алаяқ аналар
    06.06.2023, 09:00
  • Өзбекстан қай жолды таңдады?
    02.06.2023, 10:15
  • Жұманғариннің жиналыстары. Бас шұлғитын әкімдер, орындалмайтын тапсырмалар
    01.06.2023, 10:11