Су сойқаны безек қаққызды

Ақерке ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ

02.03.2021, 15:13

1122

Солқылдақтың сыры – айқын, самалы – салқын. Неше жылдан бері көзге ілікпеген жараның беті ашылып, қала әптегіндегі анша-мұнша дәріге көндікпейтіндей асқынды.

Жақында әрқайсысын жекешелеп жазса, даулы тақырыпқа арқау болатындай жайтпен таныстық.  «Үш те болса – күш» дегенге жағдай жеткізбейді, ыза мен ашу не дегізбейді? Нөсерлеп құйған жауын шатырдан өтіп, тұрғындардың өзегін оттай орап, шағымдар қарша борап тұр.

Үшінші шағынауданның гүлденуіне, өсіп-өркендеуіне жауапты «Таң» атты пәтер иелері кооперативі екенін айтпас бұрын, мән-жайға бір үңіліп алсақ. Алдымен үй мен пәтердің «келісті келбетіне» тамсану үшін, ол жайлы білу үшін №6 үйдің 45-пәтеріне соқтық. Пәтер иесі Жансая Орынбекқызы:  «Қар жауғанда, жаңбырда жатын бөлменің қабырғасынан су ағады, ПИК ешқандай шара қолданған жоқ. Былтыр өз қаражатымызға пәтеріміздің үстіндегі шатырға қара қағаз жабыстырып, жөндеу жұмыстарын жүргізгенбіз, бірақ оның пайдасы шамалы болды. Себебі биыл да жағдай қайталанып, пәтеріміздің бұрыштары, төбесі көгерді», – дейді.

Ал 47-пәтердің халі мүлде мүшкіл. Әлия Мукашованың айтуынша, қыстың күні бұл пәтерде тұру мүмкін емес. Себебі, біріншіден, көрші пәтер банкке өтіп кеткен. Жылуын, тогын, суын тиісті мекеме өкілдері кесіп тастаған. Кесапаты көршілеріне тиіп отыр. Қабырғасы ылғалданып көгеруіне, терезелерінің ашық-шашық болуына байланысты онсыз да қыста жылымық күйдегі үй одан ары қақап, ит байласа тұрғысызға айналады. Бармаған жер, баспаған тау қалмағанымен, өнген істің төбесі көрінбеді. Пәтер иелері бірбеткейленіп, құзыреттілер екі көкпеттенген. Ақыры банк есебінде тұр, қараусыз болса мұқтаж жандарға беріп, бетін бері қаратуға, болмаса, әйтеуір, бір шешімін  тапса жақсы болар еді. Тіпті бір кездері апатты жағдай орын алып, астындағы көршісіне су өткен. Соттың үкімі бойынша бір тиын өндіре алмай, 4-қабаттағы пәтер иесі жөндеуді өз қаржысына жасатқан. Екіншіден, шатырдың қырсықтығы түтінді түзу түтетіп, ошақ қасы, отбасы болуға өз кедергісін келтіруде. Түсқағаздарды қайта-қайта ауыстырып, жөндеу жұмыстарын жасай беріп жауыр болған. Қылтимадан жөнімен қылтию да бұйырмай тұр. Балконның төбесінен су өтіп, терезе жиектерінің сылағы ажырап, қақырауға таяған. «Қыстыкүні әпкемнің екі бөлмелі пәтерінде сегіз  адам күн көруге мәжбүрміз. Жақында баламды бауырыма алсам, қайда барып тұрарымды білмей дал болып жүрмін», – деген Әлия жан сырымен бөлісті.

30-пәтердің тұрғыны Гүлжан Күлбаева: «Алдыңғы жылы ПИК-ке арыз-шағымымды айтуға бардым. «Жазбаша түрде қалдырыңыз» деді. Жазып кеттім. Бірақ еш нәтиже болмады. Жасадық деп ақпарат таратылғанымен, ақырын өздеріңіз көріп тұрсыздар. Биыл 3-қабатқа дейін су өтті, су өткені не – сарқырама болып ақты. Сай-саладан аққан судың кесірінен ток есептегіш құрылғыда қысқа тұйықталу бола ма деп қорықтық, абырой болғанда, көршіміз оны целлофанмен жауып амалын тапты», – деп өз пікірімен бөлісті.

Тұрғылықты тұрғындардан бөлек, пәтер жалдап тұратындардың да өз айтарлары бар. Соның бірі, аты жасырын болуды қалаған 31-пәтерді жалға алушы: «Қаламызда пәтерді жалға алу құны аспандап тұр. Десе де, өмір сүруге қолайлы жағдай жасалса, өзімізден аямаймыз ғой. Жұмысыма жақын болғандықтан, басқа жаққа көшу мәселені шешпейді. Төбеңнен су сорғаласа да, басқа қылса да, тірлік  осы», – дейді.

Халық сайлаған үйдің үлкені Ирина апай: «Ұзақ жылдан бері жылудың жағдайымен арпалысып келеміз. Тұрғындардың арыз-шағымы еш уақытта дамыл тапқан емес. Ара-тұра жарық, су өшеді. Соңғы болған апатты жағдай шамымызға тиді. Мұның бәрі ертерек қимылдамағанның кесірі. Өзім 2-қабатта тұрамын. Жақында ғана кішігірім жөндеу жұмыстарын жасаған едім, қазір қабырғаның әгі үгіліп түсіп жатыр. ПИК басшысы Натальяға қанша барғаныммен, оңалған түк те жоқ. Өздеріңіз көріп тұрғандай, соғыстан кейінгі үй секілді жерде тұрып жатырмыз. Ал бұл қаланың кіндігінде тұрған үй. Қала келбетін бағамдай беріңіз енді», – деп біздің сұрақтарымызға жауап қатты.   

Үй жағдайын толғап, пәтер есіктерін қағып жүргенімізде шатырға көтерілетін жердің ашық тұрғанын көрдік. Ол – ол ма, шатырдың терезесі де жоқ, ашық тұр. Бетін ары қылсын, бала ойнап жүріп сатыға шығып, одан ары менмұндалап тұрған терезеден ұшып кетсе не болмақ? Сонда дау болады, шу болады, біреу баласынан айырылады, қабырғасы қайысады. «Тамаққа тұз қосқандай, шынында да, өмірге дәм береді өлім деген», – деп ақын жігіт  жырлап еді. Бір сөзбен айтқанда, «жаман айтпай – жақсы жоқтың» кері.

Бір қарағанда пәтер иелері кооперативтерінің құрғақ уәдесінен шаршаған  жұрт бәріне қолды бір сілтегендей көрінеді, алайда баспана болғасын, оның ішінде береке болуын әр тұрғын ар жағымен қалайды, тілейді де.

Қош дедік те, ертесі күні ПИК төрағасына хабарластық. Наташа апайдың берген жауабы мынадай болды: «Тұрғын үй туралы соңғы шыққан заңға сәйкес, тұрғындар алдымен меншік иелері бірлестігін құруы тиіс, одан соң кондоминиумды тіркеуге міндетті. Сонда ғана әкімдік мұны өз қолына алып, жобалау-сметалық құжатын даярлап, күрделі жөндеу жүргізеді. Ал қазір бұны жасауға қаражат жеткіліксіз, сондықтан біз үстіртін жөндеуге ғана жүгінеміз».

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сүйенсек, 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін үйлер басқарудың жаңа форматына өтуі қажет. Біз қарастырып отырған жағдайда бұл бірлестікті құрмай тұрып, күрделі жөндеу жүргізуге мүмкіндік бар. Ал бірлестік құрылған жағдайда үш жыл ішінде тұрғындар көздеп отырған күрделі жөндеудің 50 пайыз сомасын жинап болса ғана банктен қарыз сұрап баруларына болады екен. Мұның өзі тұрғын үй инспекциясы үйді күрделі жөндеуді қажет ететін көппәтерлі тұрғын үйлер тізбесіне енгізген жағдайда ғана жүзеге асады.

Пәтер иелері кооперативі жақсылық жасауға, өз қарауындағы үйлердің тұрғындарына көмектесуге ұмтылмайтын секілді. Тек бар салмақты бірлестіктердің мойнына өңгеріп бере салмақ. Заңды сөйлетсе сөйлетсін, мейлі, ал бұған дейін жасалмаған жұмыс пен жиналған ақшаның есебіне кім жауап береді?

Тегтер: пәтер иелері тұрғын үй мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 03.12.2021, 16:35
Нұр-Сұлтанда 70 мектеп салынады
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 03.12.2021, 14:24
Жалақысы 2 миллионға жуықтаған әкім
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 03.12.2021, 10:15
Кәсіпкер әйелдер көбейіп келеді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 03.12.2021, 08:47
Советский, Карл Маркс, Полторацкий
Сайт әкімшілігі 01.12.2021, 17:01
Нұр-Сұлтанда мұқтаж жандарға 56 азық-түлік себеті таратылды (видео)
Сайт әкімшілігі 01.12.2021, 15:20
Түркістанда 40-тан астам полицей марапатталды

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00