«Сыбағадан» алған сыбағамыз осы ма?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

16.11.2021, 12:30

1263

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің субсидияға қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатқаны белгілі. Осы тергеу барысында ұзақ жыл бойы мемлекеттің ауыл шаруашылығына берген қолдау қаржыларын майшелпекке айналдырған қылмыстық топтар ұсталды. Құзырлы органдар күнара жаға ұстатарлық фактілерді жариялап жатыр. «Егер президент тапсырмаса, антикор білек сыбанып кіріспесе, бюджеттің триллиондаған қаржысы осылайша есепсіз кете берер ме еді» дейсің осындайда.

Түркістан облысында заңсыз субсидиялардың мәселесі биыл тамыздан бастап айтыла бастады. Прокурорлар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының лауазымды тұлғалары тарапынан жалпы сомасы 1,9 миллиард теңгеге инвестициялық субсидияларды төлеу барысында тиісті талаптарды сақтамағаны, тексеру барысында осындай 13 факт табылғанын хабарлаған болатын. Ал қаржы мониторингі агенттігінің жуырда таратқан мәліметіне сенсек, облыста сегіз шаруа қожалығының басшыларына қатысты «Сыбаға» бағдарламасы бойынша  субсидияны заңсыз иелену дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Шаруа қожалығы басшылары аталған бағдарлама бойынша шетелден мал әкелу үшін жалған мәліметтер көрсеткен. Дәлірегі, олар Ресейден ірі қара мал сатып алуды және әкелуді растайтын жалған құжаттар ұсынған. Алайда тиісті мекемелердің мәліметтері бойынша шаруалар Ресейге ірі қара мал сатып алуға өтінім жібермеген, малды көрші елден әкелу үшін тиісті қағаздарын алмаған. Яғни олар қолдау қаржыны қалтаға басқаннан басқа ештеңе тындырмаған деген сөз.

 «Сыбаға» бағдарламасы ірі қара тұқымын асылдандыру үшін жасалғаны белгілі. Бағдарламаға қатысушы шаруаларға мемлекет арнайы субсидия және жеңілдетілген несие береді. Масқара болғанда,  жоғарыдағы сегіз шаруа қожалығына заңсыз төленген субсидияның жалпы сомасы 380 миллион теңгені құрайды, ал берілген  несие көлемі 1 миллиард теңгеден асады. Сонда кімді кім алдаған? Шенеуніктер уақтысында осы субсидиялар бойынша жыл соңында үкіметке есеп берді емес пе? Шаруалардың жүздеген миллион субсидияны жергілікті атқамінерлердің көмегінсіз алуы мүмкін бе? «Сыбағаның» ар жағында талай шенеуніктің сыбаға алғаны айтпаса да түсінікті емес пе? Тергеу амалдары осы жағын індетіп, мемлекеттің қолдау қаржысын бизнеске айналдырғандарды соңына дейін әшкерелей ала ма? Әлде «қарға қарғаның көзін шұқымайдының» керін келтіре ме?

       «Президенттің тапсырмасына дейін құзырлы, бақылаушы органдардың өздері де Ай қарап жүрген бе?» деген сауалдың көлденеңдейтіні де рас.  Заңсыз субсидиялардың бір ұшы кеденге де келіп жетті. Өткен аптада антикор тергеу аясында Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері ұсталғанын хабарлады. Олар шекарадан ірі қара мал мен ұсақ малды жедел және кедергісіз өткізгені үшін кеден бекеттерінде кәсіпкерлік субъектілерінен жүйелі түрде пара алған.  Қазіргі уақытта бірқатар лауазымды тұлға ұсталып, Шымкент қаласындағы уақытша ұстау абақтысына қамалған.   

Субсидияға қатысты тұтқындауларға әзірге ауыл шаруашылығы министрлігі жарытымды түсінік берген жоқ. Министрлік тек субсидия беру талаптарының өзгеріп жатқанын айтудан жалығар емес. Ал облыс әкімдігі не дейді?

Жуырда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов тоғыз айдың қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді. Оның айтуынша, биыл облыс шаруалары жиын-терім науқанын ғаламат табыстармен аяқтаған. Рас, биыл құрғақшылықтың салдарынан ауыл шаруашылығы саласында біраз қиындық кездесті. Үкіметтің араласуымен ағын су мәселесі біршама оңтайлы шешілді. Мақтаның бағасы жылдағыдан қарағанда қымбаттау болды. Облыста бір егістіктен жылына 2-3 өнім алу жобасы жүзеге асып жатыр. Бірақ проблема да жоқ емес.

Биылғы құрғақшылықтың салдары Сарыағаш, Келес аудандарының халқына ауыр тиді. Аталған өңірлерде жемшөптің болмауынан малдың қырылып жатқаны ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде аз жарияланып жатқан жоқ. Ал Бадырақовтың айтуынша, биыл облыстағы мал басына қажетті 3,9 миллион тонна мал азығын дайындау жоспары 4,1 миллион тоннаға немесе 108 пайызға орындалыпты. Аудан, қала әкімдеріне қысқа қажетті мал азығымен толық қамтамасыз ету және шөп бағасын көтермеу бойынша тапсырмалар беріліпті. Өткен аптадан бастап малы қырылып жатқан аудандардың шаруаларына мемлекет тарапынан пайызы төмен несие беріле бастағаны да айтылды. Бары сол ғана. Ауыл шаруашылығына жауапты басшылардың келтірген мәліметтерінің қаншалықты шындыққа жанасатынын алдағы қыс көрсетеді. 

Бүгінде ауыл шаруашылығына бөлінген миллиардтардың құмға сіңген судай жоғалғаны анықталып, оның соңы тұтқындауларға ұласуда. Ал жемшөп жеткіліксіздігінен мал қырылып жатса, қызықтың көкесі сонда болайын деп тұр.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 05.06.2023, 08:20
Таиландта комаға түскен қазақстандық көз жұмды
Сайт әкімшілігі 02.06.2023, 20:00
Алматыда көру қабілеті бұзылған балалар арасында шоудаун бойынша Қазақстандағы алғашқы турнир өтеді
Б.СӘРСЕНБІ 02.06.2023, 13:24
Идея – жастардан, қолдау – мемлекеттен!
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 02.06.2023, 12:23
Мағынасыз көше атаулары өзгереді
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 02.06.2023, 07:55
БАӘ Қарағандыдан саумал сатып алады
Бифат ЕЛТАЕВА 01.06.2023, 13:08
Ерікті жастардың қоғамға тигізер пайдасы

Аңдатпа


  • Ораловтың барында...
    06.06.2023, 10:17
  • Ұстағанның қолындағы, тістегеннің аузындағы қазақ ураны
    06.06.2023, 09:46
  • Жалған кәсіпкерлер, алаяқ аналар
    06.06.2023, 09:00
  • Өзбекстан қай жолды таңдады?
    02.06.2023, 10:15
  • Жұманғариннің жиналыстары. Бас шұлғитын әкімдер, орындалмайтын тапсырмалар
    01.06.2023, 10:11