Тарихы тасқа таңбаланған Көкпекті

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

10.12.2020, 14:02

2789

Шын мәнінде тарихтың қатпарына зер салып, аяқастынан «Америка ашқалы» отырғанымыз жоқ. Бірақ та қазақ даласының қай түкпіріне барсаңыз да, алдыңыздан шығатын, әлі күнге дейін нақты жауабы табылмай келе жатқан тылсым сырлардың баршылық екені рас. Киелі мекен, қасиетті жерлер туралы әңгімелегенде өткенімізден таңды-таңға ұрып тамсана сыр шерткенімізбен, оның шығу төркінін түгендеуге келгенде салғырттықтың «соқпағына» түсіп кететінімізді жоққа шығаруға болмас. Сондай өзекті мәселелердің бірі – Қазақстанның әр өңіріндегі тау аңғарындағы тастарға түскен таңбалар жайы.

       Тауға біткен тас бетіндегі таңбалардың бір шоғыры шығыс өңірдің Көкпекті ауданының аумағынан да табылады екен. Аталған ауданға жолымыз түскенде, осы ерекше мәселені қозғаған Аслан Танысбаев атты азаматтың айтқаны еріксіз назарымызды аударды.

— Көкпекті – Тарбағатай мен Қалбатаудың арасындағы бейтарап өңір. Ауыл сыртындағы тауға барып, таңбалы тастарды көрсеңіз таңданып қайтар едіңіз, – деді ол. Тосын ұсыныс айтқан соң, тосылып тұрудың жайы бар ма, Азамат бастаған жергілікті жігіттердің көлігімен тартып кеттік. Аса алыс та емес екен. Жарты сағаттан астам уақытта тау-қыраттың түкпіріне Асланның жөн көрсетуімен келіп жеттік.

      Тасқа түскен таңбаларға қатысты көріністер жайлы жалпы тарихи еңбектерде мәліметтер баршылық. Алайда оның тас бетіне қалай түсірілгені, көбіне аң-құстарды бейнелеумен шектелетіні неліктен екені туралы сұрақтарға жауап табудың мардымсыз екенін мойындамасқа тағы болмайды. Біз куә болған көріністе Көкпекті тауларын мекен ететін елік, арқар бейнелеріне басымдық берілген екен. Қызығы сол – қанша ғасыр өтсе де, ауа райының мың сан құбылысынан өшіп кетпей, қайта бірден көзге түсетін қалпының  құпиясын бірден түсіну қиын.

       Көкпекті өлкесіндегі бұл жұмбақтың жайын өңірдің өткен тарихы туралы энциклопедиялық еңбек жазуды қолға алған қазыналы қарт қаламгер Қайрат Мәлікаждардың айтқаны тіптен баурай түсті.

— Сенсеңіз, Көкпекті жерінің тарихы 2,5 миллион ғасырдан басталады. Оның бастауы – Бөрітостағанмен бірге түскен метеорит. Бұл қазір Биғаш ауылындағы Қабан мен Көкпектінің ортасында жатқан аумағы жеті шақырымдық кратер. Оны «Биғаш кратері», «Ақжал кратері» деп те атай береді. 1955 жылы совет астрономдары оны тіркеуге алған. Қазір ол кратердің орнында кеңестік дәуір кезінде егін салынып кеткендіктен, қызыл топырағы ғана жатыр. Бұл да тереңдей зерттеуге сұранып тұр. Ал ғылым тілінде «петроглифтер» деп аталатын таңбалы тастар жайына тоқталсақ, Қалбатаудың өн бойынан бастап, Көкпектідегі Қаракезең, Қарақолдағы Қараштан бастап, Қыраубай, Самар өңіріндегі Саурықтас, Жұмбадағы Құлынжон, Толағай, Өркентаудағы Боршабұлақ бойынан, Бестеректің шоқыларынан кездеседі. Бұл таңбалы тастардан бөлек, «Қалбай геоглифі» деген бар. Геоглифтер – жерге тастармен салынған не болмаса жыртылып салынған жұмбақ белгілер. Егіндібұлақ ауылынан 18 шақырым жердегі Қалбай тауының төбесінде диаметрі 90 метр болатын тастан қаланған геоглифтер бар, – дейді Қайрат Мәлікаждар ағамыз.

      Оның айтуынша, Қазақстан бойынша 23 мың петроглиф таңбалары бар. Қалбатау өңірінде 1500 тақтатас бар. Ақбауыр өңірінде де көптеп кезігеді. Тарбағатай, Ұлан, Самар Қалба, Жарма аумағы мұндай тарихи жәдігерге өте бай. 

      Бұл өңірдегі осы бір тарихи таңғажайыпты алғаш рет Әлкей Марғұлан зерттеген екен. Жарма ауданының Бөрітас аталатын жері де тереңдей зерттеуге сұранып тұр.

— Бір тақтатаста шамамен 20-30 петроглифтен орналасады. Көкпекті өңіріндегі тақтатас саны 1500-ге таяп қалады. Ең көбі, 119 суреті бар тақтатас «Қаракезең 2» деп аталатын жер Көкпектіден 15 шақырым қашықтықта орналасқан, – дейді өлке тарихына бойлай енген Қ.Мәлікаждар.

       Зерттеушінің сөзіне сүйенсек, таңбалы тастардағы белгілер қауымдастық кезіндегі аңшылықтан хабар береді. Сонымен бірге діни наныммен сыйыну, мінәжат ету жайын да аңғартады. Тіпті ауа райының құбылыстарын, жыл мезгілдерінің ерекшеліктерін де болжап, астрофизикалық ғылымды білгендіктерін де көрсетеді. Мысалы, Қалба өңірінің Қаракезеңіндегі бейнелер ауа райын болжағанын аңғартады. Малдың жайын, егін шаруашылығы қалай болғанын да білдіреді екен. Тіпті оның қайталанатын циклы барын да көрсетіп кеткен. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық этнографиялық музейінің ғылыми зерттеушісі Печенова Ақбауыр өңіріне тоқталған өз  еңбегінде баяндаған. Одан өзге, «Қалба петроглифтері» атты еңбек жазған орыс ғалымы Черников те назар аударған. Дегенмен бұған қатысты еңбектердің барлығының көш басында қазақтың көрнекті ғалым-археологы Әлкей Марғұлан тұр.

       Ал Шыңғыстау өңіріндегі петроглиф таңбалар туралы ғалым Жандос Әубәкірдің айтуынша, бұл қасиетті мекенге де археолог ғалымдар ертеден қызығушылығын танытқан. Академик Зейнолла Самашев, жергілікті археолог Амантай Исин сияқты ірі ғалымдар үнемі назар аудару үстінде.

— Мұндай петроглифтер еліміздің көптеген жерлерінде кездеседі. Оның барлығы толық зерттеліп болды деп айта алмаймыз. Десек те, ежелгі дәуір адамдарының мекені біздің Қазақстан болғанын біліп-тану үстіндеміз. Белгілі жазушы Мұхтар Мағауин өзінің «Мен» деген шығармасында Шыңғыстың ішіндегі атақонысына барғанда таңбалы тастарды көргенін айтады. Томарбұлақ деп аталатын жерден таңбалы тастарды табуға болады, – дейді Ж.Әубәкір.

Тегтер: тарих тағылым рухани жаңғыру пайым пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 11:50
«Солтүстікке көшсек» дегендер жетерлік
Тілек ҚАЙЫРБЕКҰЛЫ 14.04.2021, 20:36
Жасыл экономика сән бе, әлде қажеттілік пе?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 14.04.2021, 09:16
Құба даланы бұғаттағандарға бұғалық неге салынбайды?
Мамыр ТӘУКЕЕВ 14.04.2021, 08:54
Балқаш: Ем қайда, су қайда?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 12.04.2021, 17:01
Қарағанды облысында карантин талабы күшейтілді
Сайт әкімшілігі 12.04.2021, 14:14
Алматыэпидемиологиялық жағдайы айтылды

Аңдатпа


  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24
  • Ашынғаннан шыққан ащы дауыс
    09.04.2021, 09:03