Тұрғымбаевтың инспекторлары тұрғын санына қарайды

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

10.09.2020, 10:08

266

    Семей қалалық әкімдігінің құрамына 1998 жылдан бастап 16 ауылдық округ кірді. Яғни Семей облысы таратылған соң, бұрынғы Жаңасемей, Абыралы аудандарының ауылдары мен елді мекендері қалалық әкімдіктің бағынысына енді. «Балапан – басына, тұрымтай – тұсына» кеткен сол кезден бергі 20 жылдан асқан кезең қырдағы елдің тұрмысына, ішкі тәртіптің сақталуына кері әсерін тигізді.

     О бастағы 16 ауылдық округтен тұрғын қарасы сиреп, үйлер қаңырай бастаған соң, жергілікті биліктің ұйғарымымен осыдан бірер жыл бұрын Таңат және Жазық ауылдық округтері таратылғаны халықтың көз алдында өтті. Қазір Семей қаласының әкімшілік бағынысында 14 ауылдық округ бар. Оның әрқайсысына жіліктеп тоқталып, жоғын түгендеу бір мақала аясында мүмкін емес. Дегенмен біздің айтпағымыз – қаладан 300 шақырым жерге дейін қашықтықта жатқан ауылдарға учаскелік инспектордың ауадай қажеттігі.  

     Шындығын айтқан жөн, ауылдардан халықтың тұрмыстық жағдайларға байланысты қалаға жыл сайын көшуі ұрлықтың өршуіне жол ашып берді. Ауыл халқының азаюы құзырлы органдағы полиция қызметкерлерінің де жұмыс мүмкіндігін шектеп, қылмыстың алдын алу, мал ұрлығына тосқауыл қою сынды маңызды міндеттерін атқаруына кедергі келтіріп отыр. Соның салдарынан қазір Қайнар, Абыралы, Алғабас, Айнабұлақ, Ақбұлақ, тағы да басқа ауылдар учаскелік полиция қызметкеріне зәрулік зардабын тартып отыр.

— Бұрынғы Абыралы ауданының орталығы Қайнар ауылында өткен жылға дейін полиция пункті өз мүмкіндіктеріне сай жұмыстарын атқарып тұрды. Ішкі істер саласында жүргізілген оңтайландыру салдарынан қазір ауыл полициясыз қалды. Бұған халық қарасының сиреуі де себеп шығар. Бірақ қаладан шалғайдағы Алғабас, Қайнар, Абыралы – осы үш ауылда учаскелік инспектор жоқтығы ел тыныштығына қатты әсер етіп отырғаны шындық. 2006, 2014 жылдары екі рет кісі өлтіру фактілері осы Қайнарда орын алды. Аса ауыр қылмыс түріне жатады. 2014 жылғы кісі өлімінде қаладан құзырлы орган өкілдері қаптап келді. Белгілі болғандай, ұлы түн ішінде келіп, әкесін өлтірген болып шықты. Осындай оқиғалар өрбіген өңірден полицияны қысқарту ақылға қонбайды ғой.

      Қазір Абыралы өңірінде ірілі-ұсақты қылмыстар қаншалықты болғанын нақты білмеймін, бірақ мал ұрлығы белең ала бастағаны қынжылтады. Осыдан 20 күн бұрын Алғабаста төрт сиырдың басын кесіп, терісімен тауға тастап кеткен. Ұрылар табылған жоқ. Таяуда дәл осындай оқиға Қайнар ауылында да қайталанды. 300 шақырым жердегі Семейден осы ұрлықтың себеп-салдарын іздеп кім келеді? Өткен жылдың қазан айында Қайнар ауылы үшін бір жедел уәкіл тағайындалғанын Семей полиция басқармасының бір шендісі айтқан болатын. Ол болса, әлі күнге дейін келіп, жергілікті халықпен жүздескен емес. Тоқетерін айтқанда, әр жерге шашырап орналасқан, аралары қашық ауылдарда қылмыс орын алса, олардың барып қайтуы, оқиғамен танысуы оңайға түспейтінін білемін. Бірақ бұл мәселе енді оңала ма, жоқ па деген алаңдаушылығым бар екенін жасырмаймын, – дейді Қайнар ауылының тұрғыны Жәнібек Наурызбаев.

   Абыралылықтардың жанайқайына орай, Семей қалалық полиция басқармасына хабарласқанымызда, түйткілді мәселенің шешілуі неғайбыл екеніне көзіміз жете түсті. Семей қалалық полиция басқармасы ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің жетекшісі Елубек Оспановтың  айтуынша, учаскелік инспекторлардың жетіспеушілігі өңірдегі тұрғын санының азаюынан шығып отыр.

— Жалпылай айтсам, ішкі істер министрлігінің полиция қызметкерлерінің штаттық нормативін бекіту туралы №457 бұйрығына сәкес, бір учаскелік инспектор 2500-3000 тұрғыны бар ауылға қызмет жасауы керек. Қазір Абыралы өңірі тұрғындарының нақты саны – 3881 адам. Ауылдар арасының алшақтығын ескере отырып, қазір сол өңірде үш учаскелік инспектор еңбек етеді. Құқық бұзушылық фактілерінің тіркелу көрсеткішімен қарайтын болсақ, ол жерде полиция бөлімшесін ұстау ол себепке сәйкес келмейді. Соған байланысты полиция бөлімшесі қысқартылды. Дегенмен бұл ауылдар Әуезов полиция бөлімшесінің ұдайы назарында, – дейді Е.Оспанов.  

       Жалпы алғанда, ішкі істер органдарында сан түрлі реформалар жүргізілгені бәрімізге белгілі. Әлі де жалғасып жатқаны тағы бар. Алайда шалғайдағы ауылдарда ірілі-ұсақты қылмыстар етек ала берсе және оны жасағандар із суытып кетсе, оны ұстауға қаладан полиция құрамы бармаса, мұның соңы қайда апарады? Қайнарлық Жәнібек Наурызбаевтың осы тұрғыда айтқан уәжі орынды сияқты. «Жақсы, бізде халық санының азаюына байланысты полиция бөлімшесін қысқартты делік. Ал Семейдегі «Жаңасемей», «Океан» аялдамалары сайын бір-бір учаскелік инспектор жұмыс істейді. Одан қалса, патрульдік полиция көше кезіп, қоғамдық тәртіпті бақылап жүреді. Соның өзінде қаланың күнделікті өмірінде қаншама оқиғалар орын алып жатады. Бәлкім, халық тығыздығына байланысты қаптап жүретін шығар. Бірақ ауылдық жерге полиция қызметкерін бөлмеу әділетсіздік дер едім», – дейді Ж.Наурызбаев.

       Ал Абыралы өңірі үшін тағайындалған учаскелік жедел өкілдің кім екенінің әлі күнге дейін жұмбақтығы да таңғаларлық жағдай. Ол тағайындалғалы бері қанша уақыт өтсе де, әлі күнге дейін ел ішіне бармай жүргені мүлдем түсініксіз. Бәлкім, алдағы уақытта оның да себеп-салдарын   анықтап қалармыз.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:55
Шымкенттік жас ғалым ғаламат технология ойлап тапты
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:44
Кавасакимен ауырған бала жоқ
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:37
Қоқыс мәселесі шешімін табуда
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 28.09.2020, 14:28
Қарағандыда тағы да төрт елді мекенде құс тұмауы бар деген жормал жасалды
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 09:57
Павлодар облысында 9 оқушыдан коронавирус анықталды
Сайт әкімшілігі 27.09.2020, 15:39
Шымкенттің ирригация жүйелері жаңаруда

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43