05.11.2021, 10:13
446
Түркістан облысында республикалық маңызы бар трассаларға икемді жол бағаналары орнатылуда. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
2021 жылдың 10 айында Түркістан облысының автожолдарында 469 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 536 адам дене жарақатын алған. Осы орайда облыс полицейлерімен жол апатын болдырмау, алдын алу мақсатында үнемі тиісті іс-шаралар атқарылып, мәліметтер сараланып отырады. Жинақталған ақпаратқа сүйенсек, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі жүргізушілердің жолдың қарама қарсы бетіне шығып кетіп, қарсы бағытта келе жатқан автокөліктермен соқтығысуы болып отыр.
Түркістан облысында осындай оқыс жайттарға жол бермеу үшін резеңкеден жасалған «икемді жол бағаналарын» орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл жөнінде Түркістан облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасымен «ҚазАвтоЖол» және Түркістан облысы жолаушылар тасымалдау және автомобиль жолдары басқармасына арнайы ұсыныс жолданып, жазбаша ұйғарымдар берілді. Нәтижесінде осы құралдардың 37 данадан тұратын бірінші партиясы алынып, пилоттық жоба ретінде, облыстық дәрежедегі КХ-15 «Шымкент-Бадам» автожолының қауіпті бұрылысына орнатылды.
Аталған жол бағаналары қарама-қарсы қозғалыстағы көлік ағындарын бөлу үшін өте қолайлы. Оған қоса жол белгісін автокөліктер басып немесе соғып кеткен жағдайда да, тез арада өз қалпына келеді. Құрылғының түсі қызыл және түнгі мезгілде жарық шағылыстырғыш қасиеттері бар.
Сонымен қатар аталған құрылғы өзінің тиімділігін көрсеткен жағдайда, оларды бірінші кезекте А-15 «Жібек жолы-Сарыағаш-Абай-Қызыләскер-Жетісай» және «Келес-Шардара» автожолының апатты-қауіпті учаскелері мен ойлы-қыратты учаскелеріне орнату жоспарлануда.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР