Үстемеақы талап еткен дәрігер жұмысынан айырылды

Арайлым ЕРКЕБАЕВА

13.11.2020, 09:14

1105

     Қарағанды қаласында көктемде жедел жәрдем қызметіне қатысты дау-дамай шыққан еді. Дау «коронавирус жұқтырды» деген қаупі бар науқастармен жұмыс жасаған жедел жәрдем қызметкерлерінің президент уәде еткен үстемеақыны алмауынан шыққан. Наурыз айында облыстық жедел жәрдем қызметі станциясының бастығы қызметкерлерді жинап алып: «Президент тағайындаған үстемеақыны ұмытыңдар, ол төленбейді», – деп кесіп айтқан. Содан кейін салы суға кеткен жедел жәрдем мамандары шағымданып, өздеріне тиесілі үстемеақының төленуін талап еткен. Олар президент әкімшілігіне, денсаулық сақтау министрлігіне, бас прокуратураға дейін шағым түсірген. Осыдан кейін құзырлы орындар жедел жәрдем станциясын бірнеше рет тексерген. Ақыр соңында соңғы екі айда ғана  жедел жәрдем дәрігерлері мен фельдшерлеріне 425 мың теңге үстемеақы төлей бастаған.

      Қарағанды қаласындағы жедел жәрдем қызметінде дәрігер болып қызмет еткен Рахат Дүйсенбай жақында жұмысынан айырылды. Рахат жедел жәрдем қызметкерлері шағым білдіргенде аты-жөнін жасырмай көрсеткен екен. Ал қалған мамандар анонимді түрде шағымданған. Ол коронавирустың алғашқы толқынында үш ай бойы арнайы қорғаныш костюмін киіп, науқастармен жұмыс істегенін айтады. Осыдан кейін ол өзі де кесел жұқтырып алған. Екі өкпесі 45 пайызға зақымданып, жиырма күн бойы ауруханада жатқан. Рахаттың айтуынша, ол ауруханадан шыққан соң, мамандар емдеу қағазын өзгертіп жіберген. Осыдан кейін ол коронавирусты жұмыстан жұқтырғанын заңгерлердің көмегімен әзер дәлелдеп шыққан.

         «Маған сол кезде қасақана наурыз айына 44 мың, сәуірге 55 мың, мамыр айына 138 мың ғана үстемеақы төледі. Мен кейін тағы шағымданып жүріп, адвокаттарға ақша төлеп барып, сыйақыны толық алдым. Енді мені жұмыстан шығарып отыр, қосымша тау-кен құтқарушысы болып еңбек ететін едім. Алайда жедел жәрдемде көп мамандардың қосымша жұмыстары бар. Ал бұлар мені әдейілеп жұмыстан шығарып отыр», – деп қынжылады Рахат Дүйсенбай.

          Оның айтуынша, шағым жазғаны белгілі болып қалған басқа мамандарға да жұмыста қысым көрсете бастаған. Алайда жедел жәрдем станциясының бастығы бұл ақпаратпен келіспейтінін мәлімдеп отыр. «Рахат Дүйсенбайдың жұмыстан шығуына шағым жазғаны себеп болған жоқ. Ол жарты ставкамен жұмыс істеген. Орнына негізгі жұмысы осы жерде тіркелген басқа адам шықты. Сол себепті, заңға сай, біз Рахатпен келісімшартты бұздық», – деп мәлімдеді  облыстық жедел жәрдем станциясының директоры Зұлпықар Әбілқасымов.

     Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл жөнінде жақ ашпауды жөн көрді. Әкімнің баспасөз қызметі «жедел жәрдемнің пікірін біз де құптаймыз» деген ыңғай танытты. Үстемеақы даулаймын деп, жұмысынан айырылған төрт баланың әкесі енді жұмыс іздеп жүр.

     Жалпы, елімізде қауіптің ортасында жүріп жұмыс істеген дәрігерлердің үстемеақы ала алмай, шу көтергені бір бұл емес. Жазда Жамбыл облысында коронавирус жұқтырған дәрігерлер үстемеақыларын ала алмай дау болған еді. Президент жолдауында «дәрігерлер үстемеақыны дер кезінде алуы қажет» деп атап өткен. Алайда дәрігерлердің өз ақшасын өзі зар қағып жүріп сұрап алатыны әдетке айналып бара жатқандай.

     Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой күздің басында үстемеақыны жылдың соңына дейін төлейтінін айтқан-ды. Дегенмен басынан дау арылмай келе жатқан экс-министр Біртановтың қателігін қайталамайды деп әкелген Цой да президенттің өзі уәде берген үстемеақыны ың-шыңсыз шеше алмай келеді. Шағым айтқан медицина қызметкерін жұмыстан шығарып, қысым көрсету президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтып жүрген «еститін мемлекет» бастамасына көлеңке түсіріп алмас па екен? Не де болса, онсыз да сүйкімі қалмаған денсаулық сақтау саласына деген елдің сенімін нығайту үшін Цойдың мұндай «ұсақ-түйекке» де бір қайырылып қойғаны жөн-ау.

Тегтер: медицина біліктілік. коронавирус індет қауіп қатер

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 05.03.2021, 12:48
Бірінші кезекте ана мен бала саулығы
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 05.03.2021, 10:36
Қарағандыда көп қабатты тұрғын үйдің бірінен екі айлық бала табылды
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 05.03.2021, 09:15
Түркістанда жаңа аудан құрудың машақаты басталды
Миуа БАЙНАЗАРОВА 04.03.2021, 18:13
Шенеуніктер неге тәртіп бұзады?
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 04.03.2021, 12:55
Бір-бірінің кебін кимесе игі...
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 04.03.2021, 12:24
Екпіндіктер әкім Смайыловтан жауап күтіп жүр

Аңдатпа


  • "Жас Алаштың" 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан турнир өтеді
    05.03.2021, 16:25
  • Қарағандыдағы үш газет қазақшаға қалқан бола ма?
    05.03.2021, 13:12
  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    04.03.2021, 10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44