Ықтимал төтенше жағдайларға дайынбыз ба?

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

05.11.2020, 03:10

824

Облыста жиын-терім аяқталысымен Сырдарияда болуы ықтимал су тасқынына қарсы дайындық шаралары басталады. Биыл онымен қоса, пандемияға қарсы эпидемиологиялық жағдайды да қатаң бақылауда ұстау басты мәселе.

Жоғарыдан келетін Сырдария өзені төменгі жағында орналасқан Қызылорда үшін қашанда қауіпті. Әсіресе қыс-көктем айларында мұз қату және сең жүру кезеңдерінде елді мекендерге су басу қаупін төндіреді.

– Алдағы ықтимал су тасқынына дайындық шаралары бойынша өзен бойы қорғаныс бөгеттерінің қауіпті деген 56 су басу тұсы аймақтарға бөлініп, оған 122 жауапты мекеме бекітілді. Олардың қарамағында 432 арнайы техника және 1491 адам бар. Облыс бойынша су тасқынына қарсы жұмыстарға пайдаланылатын материалдық-техникалық қорлар бойынша 76,7 тонна жанар-жағармай және 99 540 дана қап бар. Сондай-ақ 27 750 бау қамыс, 5600 пашын және 6552 қарабура мен тағы басқа қажетті материалдар жасақталған, – дейді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Медет Усаин.

Су тасқынының алдын алу үшін биылға 643,5 млн теңге бөлініпті. Ол қаржы қорғаныс бөгеттерін нығайту, мұз жару жұмыстары мен қап сатып алу және тікұшақ қызметін пайдалануға жұмсалмақ.

Биылға жалпы ұзындығы 70,5 шақырымды құрайтын өзен бойындағы қорғаныс бөгеттерінің 11 қауіпті учаскелерін жөндеу, арнаны қазу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Осы қауіпті аумақтарды жедел жөндеу, су тоспаларын салу кезек күттірмейтін жұмыс екенін Гүлшара Әбдіқалықова сала басшысына қатаң тапсырды. 

– Екі ай шамасында өзен арнасында мұз қату процесі басталады. Сондықтан Қармақшы ауданы Абыла елді мекені тұсындағы Тойымбет каналына  екікөзді және Жаңақорған ауданындағы Өзгент көліне біркөзді су тоспаларын салу жұмыстарын шұғыл түрде жүргізу қажет. Қазалы ауданының Тасарық, Қызылқұм ауылдарын су басудан қорғау мақсатында Қуаңдария каналына үшкөзді су тоспасын салу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу және құрылысын салу жұмыстарына қаржы бөлуге бюджеттік өтінім жолдансын, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар тиісті сала басшыларына су басу аймақтарына жақын аумақтарға қажетті жұмыстарды ұйымдастыруды және Шардара суқоймасынан күз-көктем айларында Сырдария өзенінің төменгі ағысына түсірілетін су көлемінің бекітілген кестеге сәйкес босатылуына үнемі бақылау жасауды жүктеді.

Бүгінде коронавирус инфекциясы бойынша аймақтағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Облыста 210 инфекциялық төсек-орын бар. Десек те, 18 науқас стационарлық режимде, бір науқас жансақтау бөлімінде ем алуда. Эпидмаусымда басын қауіпке тігіп жұмыс істеген 13 380 қызметкерге 2 573,9 млн теңге төленген.

Медициналық құралдармен жабдықталу 10 айдың қорытындысымен 88,5 пайызды құраған. Ал инфекциялық стационарлардың реанимация бөлімдерінің құралдармен жабдықталу көрсеткіші 75 пайыздан 85,06 пайызға дейін жоғарылаған.

– Қазіргі таңда облыста 244 ИВЛ аппараты жұмыс істеуде. Одан бөлек, медициналық ұйымдарға гуманитарлық көмек арқылы 658 оттегі концентраторы жеткізілді. Сонымен қатар 518 оттегімен қамтамасыз етілген төсек-орындар дайын, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов.

Ал мониторингтік топтардың жұмыстарын облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Әлия Әбдіқайымова айтып берді.

– Аймақта 24 мониторингтік топ бар. Олар аудандар мен облыс орталығында тұрақты түрде мониторинг жүргізуде. Рейдтік тексеруде 2942 нысан қамтылды. Кезең-кезеңмен іске қосылған объектілерге жүргізілген мониторинг барысында 631 заңбұзушылық анықталып, айыппұлдар салынды. Бүгінгі күні төрт зертхана жұмыс істеп жатыр, қажеттілікке байланысты қосымша төрт зертхана іске қосылуға дайын, – деді бас санитар.

Той тойлаушылардың тыйылмайтын әрекетінен мезі болған әкім «маусым-шілде айларындағы жағдай қайталанбау үшін тиісті жұмыстарды уақтылы жүргізу қажет» деді.

– Отбасылық іс-шаралар жасап жатқан тұрғындарға, кафе, мейрамхана иелеріне қаншама ескерту берілсе де, айыппұл салынса да, жұмыстарын тоқтатпай отыр. Тіпті мемлекеттік мекемелердегі сақтық шаралары қызметкерлер арасында да толық сақталмайды. Талап ортақ, карантин шараларының тиімді іске асуына бәріміз жауаптымыз, – деді аймақ басшысы.

Бұдан бөлек, облыс әкімі ПТР лабораторияларының жұмыстарын 21 қазаннан бастап тәулігіне өткізілетін талдаулардың санын 1000-ға дейін жеткізу қажет екенін, медицина ұйымдарының КВИ-ға қарсы дәрілік препараттардың қажеттілік болжамын нақтылап, жеткіліксіз болған жағдайда «СК-Фармация» ЖШС-не уақтылы тапсырыс беруді жүктеді.

Тегтер: су тасқыны канал қорғаныс бөгет өзен

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

М.СӘУЛЕБЕК 24.09.2021, 15:04
Инвесторлар үшін тартымды өңір
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 24.09.2021, 11:13
Жезқазғанда экспедиция қатысушылары бұрын зерттелмеген петроглифтерді анықтады
Сайт әкімшілігі 24.09.2021, 09:25
Нұр-Сұлтаннан Ыстамбұлға шыққан ұшақ шұғыл қонды
Еркежан АРЫН 23.09.2021, 15:30
Жастардың мемлекеттік саясаты өзгеруі мүмкін
Еркежан АРЫН 23.09.2021, 13:00
Еріктілер вакцинаның маңыздылығын насихаттауда
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 23.09.2021, 08:30
Сарандағы РТБ зауыты ауданында тіршілік жаңарды

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39