«Жер сатылмайды» дейді...

Сатан НҮСІПҚОЖАЕВ

21.04.2021, 12:21

3840

Жерді сату-сатпау туралы тартыс тоқтар емес. Біз осы қолымызды кеш сермеп жүрген жоқпыз ба? Себебін түсіндіріп көрейін.

         Алматы облысының Нарынқол ауданында Сүмбе деген ауыл бар (бұрынғы Абай атындағы колхоз, кейін совхоз болған). Сол Сүмбе ауылының ең шеткі үйінен шекараға дейін 500 метр (шақырым емес). Бала кезімізде шеткі үйдің ауласында тұрып қаттырақ сөйлесең, ар жағындағы шекарашылар еститін еді. Ауыл шекараға үшбұрыш болып кіріп тұр. Шекара ауылдың шығыс жағын жағалап, тауға созылып жатады. Ар жағы Күркілдек, Ойқарағай (мұнда ашық тәсілмен көмір өндіріледі) деген таулы аймақ. Кезінде сол тауларды аралап, совхоздың малы қыста қыстауға, жазда жайлауға көшіп жүретін еді. Таудың етек жағы жайпақтау, ортан белі биіктеп, ары қарай биік жартас болып кетеді. Етегі жап-жасыл шөп, жалаң аяқ жүрсең аяғыңа тікен кірмейді. Ортан белінен ары қарай жап-жасыл қарағай, шырша. Ары қарай жартас.

         Бала кезімде мектептен шыға сала үйге жүгіретін едім. Әкем қой бағатын. Әкемнің қолы босап, мені қойдың соңына салып қоюшы еді. Мен қуана-қуана малмен бірге тауға қарай өріске кетуші едім. Табиғаттың сұлулығы, әдемілігі соншалық – қараған сайын көз тоймайтын. Шөптің құнарлығы сондай – таңертең қорадан шыққан соң, екі сағаттай жайылған мал тойып алатын да, күйіс қайырып, үйездеп үш-төрт сағат жататын. Мен болсам қарағайдың бойын өрмелеп, сағыз жинап мәз болатынмын. Одан кейін өрлеп, құз тастардың басына шығатын едім. Ең биік шыңға шығып алып, жан-жаққа көз жіберсең қандай рақат. Көз тоймас табиғаттың сұлулығына қарай бергің келеді. Таудың әрбір сайынан жеке-жеке бұлақ ағып түсетін. Суы балдай және тап-тастай. Жата қап сіміріп іше бересің. Тап-таза мөлдір су. Кейбіреулер Швейцарияны мақтайды. Мен Ойқарағайдың табиғатын он Швейцарияға айырбастамас едім.

         Осындай табиғаттың сұлулығын тамашалап жүріп, жазғы каникулдың аяқталғанын білмей де қалатынбыз. Оқуға баратын мезгіл келеді. Амалсыз табиғатпен қоштасып, мектепке баратын едім. Сөйтіп жүріп уақыт өте берді. Мектеп бітірдік, әскерге кеттік. Одан кейін Алматыға келдік, сосын осында жұмысқа қалдық. Зымырап 90-жылдар келді. Бір ауылда бір жанұядай ұйып отырған ел жұмыссыз қалды (совхоз тарады, мал талан-таражға түсті). Адамдар босып қалаға жүгірді. Қалада ерінбеген адам күнкөрістік тіршілік істейді. Ауылдағы үйлердің жартысы бос қалды. Нарықтық экономиканың әсері халыққа өте ауыр тиді. Мен жоғарыда әсерлене жазған табиғат түгелдей Қытайға өтіп кеткен. Сатылып кеткенін не тегін кеткенін ешкім білмейді. Шекара біз жаққа қарай жылжып, әдемі жерлер Қытайдың иелігіне өтіп кеткен. Үш қатар тікен темірмен қоршалып, ток жүргізіп (сигнализация), жанына жақын бара алмайтындай етіп қоршап тастаған. Бала кезден көз алдымда болған сұлу табиғатты жылына бір рет барып аралап қайтушы едім. Кейінгі кезде шекараға жақын барып, ары өте алмай, табиғатқа тесіле қарап, көзіме мөлт-мөлт жас толып, сағаттап тұрып кері қайтып жүрмін.

         Менің жасым жетпісте. Бұл жағдай менің көз алдымда болып жатқан құбылыс. Шекара таудың қырымен жүріп отырып, ары қарай Шонжының жеріне өтіп кетеді. Онда да тау-қырат. Табиғаты әдемі, сұлу. Сол таудың ішінде үлкен погран-застава бар. Сол заставада кезінде ЦК-ның үлкен бір шенеунігі әскери қызметін өтеген екен. Көп адамдардың есінде болар, 1984 жылы Черненко деген алжыған шал ЦК КПСС-тің бас хатшысы болып тағайындала қалған. Жастық шағы есіне түскен болар, сол адам генсек бола салып, сол заставаға келген. Ол жердің сұлу табиғаты кімді болса да баурап алатыны сөзсіз. Сол застава да Қытайға өтіп, қоршаудың ішкі жағында қалды. Қанша гектар жер кетті, ешкім ештеңе айтпайды. Болжам бойынша 5-25 мың гектар жер Қытайдың иелігіне өтіп кеткен. Өйткені қоршаудың арғы жағында қалып отыр.

       Ал қазақ болса «жер сатылмасын, жалға берілмесін» деп аттандап, шуылдап жүр. Ал жер баяғыда-ақ Қытайдың иелігіне өтіп кеткен. Президентіміз «жерді сатпаймыз, жалға да бермейміз» деп, халықтың құлағынан «теуіп» жүр. Баз біреулер, академик, профессор, ғылым докторлары «жерді бал банитетке бөлу керек, категорияға бөлу керек» т.б. деген сияқты құлаққа кірмейтін былжыраған сөздерді айтады. Бұл процесс жердің агротехникалық мақсаттарын анықтауға қажет те шығар. Ал жерді алып-сатуға мұның қандай қатысы бар? ЖЕР-АНА. Жерді сату туған анасын сатқанмен бірдей. Жер-ананы тірідей сатқан, бөлшектеп, мүшелеп сату барып тұрған арсыздық. Ол адамдар жер басып жүруге, қазақ жерін басып жүруге тиіс емес. Ар жағынан да, мораль жағынан да құқығы жоқ. Бір-ақ ауыз сөз: жер сатылмайды! Жерді сатқан сұмырайлар бір кезде Алланың алдында жауап берер. Өзі болмаса баласы, ұрпағы жауап беретін болады.

         Қазақ елінің тағы бір көтерген мәселесі – Қытайдың 56 зауытын қазақ жерінде салдырмау. Бұл зауыттар да қарқынды түрде салынып жатыр. Алматы қаласындағы Бауыржан Момышұлы даңғылының батыс жағында, Алғабас ауылынан бастап, Рахат ауылының шығысы түгел, Алматы жылу жүйесінің (ТЭЦ) солтүстік жағы түгелдей зауыттардың құрылысына берілген индустриялық аймақ. Момышұлынан әрбір зауытқа дейін зыңғыраған үшжолақты асфальт жолдар. Ауыл-ауылдың арасында ондай жол жоқ.  Индустриялық аймақтың бойында инфрақұрылым ғимараттары, коммуникация (жылу, су, канализация, электр жүйесі, телеком желілері) түгел тартылған. Қанша зауыттың құрылысы салынып жатқаны белгісіз, бірақ 56 зауыттың 50-60 пайызы сол төңіректе орын тепкені сөзсіз. Бұл құрылыс ғимараттарының көбі бітуге дайын.

         «Жер сатылмасын! Қытайдың 50 зауыты салынбасын!» деп айқай-аттанға басқан ҚАЗАҚ.

Алты сотық жерге таласқан ҚАЗАҚ.

Жұмыссыз, айлықсыз күн көріп, баласын қамап, өртке берген ҚАЗАҚ.

Баласын арқалап, баспана сұрап, әкімдіктің алдын күзеткен ҚАЗАҚ. 

Жаңа туған нәрестесін баға алмай, қоқысқа тастаған ҚАЗАҚ.

Шетелдік компанияда жұмыс істеп, шетелдік жұмысшыдан он есе төмен еңбекақы алған ҚАЗАҚ.

Құқығын қорғап шеруге шықса, қылмысты болып түрмеге қамалған ҚАЗАҚ.

Қайда барсаң, шырылдаған ҚАЗАҚ. Осындай акцияның ішінде бірде-бір басқа ұлттың өкілі жоқ. Жер ҚАЗАҚТЫКІ. Азап ҚАЗАҚТЫКІ. Қызығын басқалар көреді.

         Біздің қоғам ішінен құрт жеп, шіріген үлкен емен ағашына ұқсайды. Бұл ағаштың діңін құрт жеп қойған. Қаттырақ жел соқса, бүкіл емен құлайды. Жан-жағындағы өсімдіктердің бәрін қирата құлайды. Орнына жас емен ағашын отырғызу керек. Бірақ ол емен өсіп-жетілгенше қаншама уақыт керек.

Тегтер: жер реформа комиссия ереже өкім

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:49
Сенаторлар ауылдарды аралап жүр
Сайт әкімшілігі 10:44
Несібесін «Еңбектен» тапқан кәсіпкер
Миуа БАЙНАЗАРОВА 13.05.2021, 18:17
Қамбаштан бақ тайды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 13.05.2021, 15:49
Сұлулық қуғандар жер сипап қалды
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 13.05.2021, 14:40
Бордақы малдан жем қымбат
Сайт әкімшілігі 13.05.2021, 10:46
"Hayat-vax" вакцинасы Түркістанға жеткізілді

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06