10.10.2020, 03:38
987
Жаңа үлгідегі госпитальдің қазығы небары екі ай бұрын қадалған болатын. Қазіргі кезде құрылыс жұмысы толық аяқталып, ғимараттың іші қалыпқа келтіріліп жатыр. Мердігерлер емдеу мекемесін қазан айының соңында тапсыруға кепілдік беріп отыр. 200 сырқатқа арналған ауруханада жан-сақтау сондай-ақ, жүкті әйелдер мен балаларға және жеке емделушілерге арналған бөлмелер бар. Қауіпті індетке шалдыққан жандар емделетін мекемеге соңғы үлгідегі медициналық қондырғылар сатып алынған. Айта кетерлік тағы бір жәйт, мұндағы барлық бөлмелер толыққанды оттегі қондырғыларымен жабдықталған. Бүгінгі күні мұндағы сандық рентген қондырғыларымен қатар, газдандыру жүйесі, ультра дыбыстық зерттеу жасайтын компьютерлік томография бөлмелері іске қосылды. Аурухананың әр емдеу бокстарында бөлек есік орнатылған. Сақтық шарасын бекемдейтін ақылды желдеткіш жүйесі де сақадай-сай тұр. Әр кереуеттің тұсында бекеттегі кезекші медбикені шақыратын түймешік құралы бар. Облыстан шалғай жатқан мысты шахарда кәсіби мамандар тапшылығы жоқ емес. Жезқазғанда жұқпалы сырқаттарды емдейтін 5 дәрігер мен 82 медбике іс басында жүр. 84 977 халқы бар өңірге бұл аздық етеді. Короновирустың екінші толқынында сырқаттар саны көбейсе, мұның алдында тәжіребие жинаған ақ желең иелері тартылады. Егер ол аздық етсе, қосымша Қарағандыдан 23 маман жіберу жоспарлануда.
Мысты өңірге облыс әкімі Жеңіс Қасымбек іс-сапармен барып,құрылыс нысанындағы жұмыс барысын бақылап айтты.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР