Сараптама

Оңтүстік Кореяда бюллетень жетіспей, сайлау дауға айналды: комиссия төрағасы отставкаға кетті

Оңтүстік Кореяда өткен жергілікті сайлау күтпеген жанжалмен аяқталды. Елдің ондаған сайлау учаскесінде бюллетень жетіспей, мыңдаған сайлаушы дауыс беру мүмкіндігінен айырылды.

Фото: Reuters

Оқиға қоғамда үлкен наразылық туғызып, сайлау комиссиясының төрағасы қызметінен кететінін мәлімдеді. 

3 маусымда өткен жергілікті сайлау кезінде Сеулдегі және басқа да өңірлердегі ондаған учаскеде бюллетень қоры таусылып қалған. Соның салдарынан кейбір жерлерде дауыс беру уақытша тоқтатылып, азаматтар бірнеше сағат бойы кезекте тұрған. Кейбір сайлаушылар мүлде дауыс бере алмай кеткені хабарланды. 

Оңтүстік Кореяның Ұлттық сайлау комиссиясы жоғары қатысу көрсеткішін дұрыс есептей алмағанын мойындады. Ведомство мәліметінше, дауыс берудің үш күніне сайлаушылардың шамамен 73 пайызына ғана жететін бюллетень дайындалған. Нәтижесінде 50 сайлау учаскесінде бюллетень тапшылығы туындап, 22 учаскеде дауыс беру уақытша тоқтатылған. 

Жағдай қоғамда қатты резонанс тудырды. Сеулде мыңдаған адам жиналып, сайлау нәтижесін жоюды және қайта дауыс беруді талап етті. Наразылар «Сайлауды қайта өткізу керек!» деген ұрандар көтерген. Кейбір учаскелерде сайлау жәшіктерін санау орталығына жеткізуге де кедергі келтірілген. 

Қоғамдық қысымнан кейін Ұлттық сайлау комиссиясының төрағасы Ро Тхэ Ак жауапкершілікті өз мойнына алып, отставкаға кететінін жариялады. Ол бюллетень тапшылығын демократиялық үдеріске нұқсан келтірген елеулі қателік деп бағалап, тәуелсіз тексеру жүргізілетінін айтты. 

Алайда әзірге билік пен сайлау комиссиясы сайлауды қайта өткізу туралы талаптарды қолдаған жоқ. Ресми органдар сайлау нәтижелерінің заңдылығын қайта қарау мәселесіне түсініктеме бермеген. 

Сайт Әкімшілігі