Қоғам

Нұрай Серікбайға қатысты жазбаның астына жантүршігерлік пікір қалдырған ер адамға айыппұл салынды

Әлеуметтік желіде Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты жазбаның астына «қатыгез» пікір қалдырған ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Фото: әлеуметтік желіден

Марқұмның ағасы Сұлтан Серікбайдың айтуынша, ол TikTok желісінде қарындасы туралы жазба жариялағаннан кейін пікір қалдырған қолданушылардың бірі: «Мен болсам 72 рет пышақтар едім» деген жазба қалдырған.

Араға шамамен 10 сағат салып полиция пікір авторын анықтаған. Дәурен есімді азамат кейін өз сөзін түсіндіруге тырысқан.

Оның айтуынша, бұл пікір Нұрайға емес, күдіктіге қатысты жазылған. Ер адамның сөзінше, оған пікірде: «Қызды 36 рет пышақтасаң не істер едің?» деген сұрақ қойылған. Ол жауап ретінде «72 рет пышақтар едім» деп жазып, мұны қылмыс жасаған адамға қатысты меңзегенін айтқан.

Соған қарамастан, ер адамға әлеуметтік желідегі жазбасы үшін 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 86,5 мың теңге айыппұл салынды.

Адвокат Аянхан Омаров бұл жағдай әлеуметтік желілерде жазылған пікірлер үшін де заң алдында жауапкершілік қарастырылғанын көрсететінін атап өтті.

Сайт Әкімшілігі