Қоғам

Daryn Online платформасынан 4,2 млн пайдаланушының дерегі тарады деген ақпарат тексеріліп жатыр

Киберқауіпсіздік саласындағы ThreatMon сарапшылары даркнетте Daryn Online білім беру платформасының деректер базасы таралғаны туралы хабарлама анықталғанын мәлімдеді.

pixabay.com

Алдын ала мәлімет бойынша, жарияланған базада 4,2 миллион оқушының, мұғалімнің және әкімшінің жеке мәліметтері болуы мүмкін. Атап айтқанда, жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН), телефон нөмірлері, электрондық пошта мекенжайлары, оқу үлгерімі туралы ақпарат және IP-мекенжайлары болуы ықтимал.

Алайда Daryn Online компаниясы әзірге пайдаланушылардың жеке деректерінің таралғанын растаған жоқ. Компания өкілдерінің айтуынша, жарияланған ақпарат қазіргі қолдағы мәліметтерге сәйкес келмейді және қазір техникалық тексеру жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ компания 2025 жылы ақпараттық жүйелеріне мемлекеттік органдар, оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті тексеру жүргізгенін хабарлады. Сол кезде қолданылған ақпараттық қауіпсіздік шаралары жеткілікті деп танылған.

Компания аудит аяқталғаннан кейін қорытындыны жариялайтынын мәлімдеп, оған дейін тараған деректердің шығу тегі мен мазмұнына қатысты асығыс қорытынды жасамауға шақырды.

Сайт Әкімшілігі