Әлеумет

Шымкентте 23 жастағы қыз уақытша ұстау изоляторына қамалғаннан кейін көз жұмды

Шымкент қаласында 23 жастағы қыз уақытша ұстау изоляторына қамалғаннан кейін қайтыс болды.

Фото: ашық дереккөз

Бұл туралы адвокат Мұхаммад Алиосман Оглу мәлімдеді. Оқиғаға қатысты пікірді қала полиция департаменті де білдірді.

Адвокаттың айтуынша, бойжеткен танысының шақыруымен алкоголь ішкен жастар отырған үйге барған. Оның сөзінше, сол жерде жігіттердің бірі қызды еркінен тыс интимдік жақындыққа көндірмек болып, тиісе бастаған.

Қорғаушының мәліметінше, қыз қарсылық көрсетіп, сыртқа жүгіріп шыққан. Қауіптенген ол құрбыларына геолокациясын жіберіп, полиция шақыруды сұраған.

Сондай-ақ адвокаттың айтуынша, сыртта ер адамдар арасында жанжал болған. Қыз оны видеоға түсіріп тұрған. Жазбада қатысушылардың бірінің қолында пышақ болғаны және «Оны пышақтап тастамайынша кетпеймін» деген сөз естілетіні айтылды.

Полиция келгеннен кейін үйден пышақ жарақатын алған жасөспірім табылған. Осыдан соң қыз денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді деген күдікпен ұсталған.

Адвокат оған үйқамақ немесе кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын сұрағанымен, сот өтінішті қанағаттандырмаған. Кейін қыз уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Шымкент қаласының полиция департаменті мәліметінше, қыз кәмелетке толмаған жасөспірімге қасақана ауыр дене жарақатын салды деген күдікпен ұсталған.

Тергеу нұсқасы бойынша, 2 мамырға қараған түні ол көңіл көтеру орнынан кейін танысының үйіне барған. Үйде оның інісі, қарындасы және достары болған. Полицияның айтуынша, қыз бен жасөспірім арасында жанжал туындап, соның барысында жасөспірім пышақ жарақатын алған.

Ведомство ұсталған қыздың мас күйде болғаны медициналық сараптамамен расталғанын, ал оның денесінен ешқандай жарақат табылмағанын хабарлады.

Полиция мәліметінше, қыз ұсталғаннан кейін он күн өткен соң өзіне қатысты заңсыз әрекеттер болғанын айтқан. Тергеушілер үйде болған барлық адамнан жауап алынғанын, ал куәгерлер оның сөзін растамағанын мәлімдеді. Дегенмен күдіктінің арызы сотқа дейінгі тергеу аясында тексеріліп жатыр.

Тергеу соты қызды екі айға қамауға санкция берген.

15 мамырға қараған түні ол камералас әйелдерге өзін нашар сезінгенін айтқан. Кейін шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгенімен, бірнеше сағаттан соң қайтыс болды.

Полицияның алдын ала мәліметінше, өлімге дәрілік препараттан улану себеп болуы мүмкін.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар уақытша ұстау изоляторындағы ұстау тәртібінің сақталуына қатысты ықтимал заңбұзушылықтар бойынша да сотқа дейінгі тергеу басталды.

Шымкент қаласының полиция департаменті істің тергелуі департамент басшылығының ерекше бақылауында екенін мәлімдеді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Шымкент