Қоғам

Жамбыл облысында мектеп жөндеуіне бөлінген 78 млн теңге бюджетке қайтарылды

Жамбыл облысында прокурорлар мектепті күрделі жөндеу кезінде бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалғанын анықтады.

Фото: из открытых источников

Т. Рысқұлов ауданының прокуратурасы жүргізген талдау барысында Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепті күрделі жөндеу кезінде мердігер ұйымға нақты орындалмаған жұмыстар үшін негізсіз 78 миллион теңгеден астам қаражат төленгені белгілі болды.

Прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде аталған қаражат толық көлемде мемлекет бюджетіне қайтарылды.

Сонымен қатар, аудандық білім бөлімі тапсырыс беруші ретінде, мердігер ұйым және авторлық әрі техникалық қадағалауды жүзеге асырған жауапты тұлғалар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 317-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы сомасы 1,4 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Прокуратураның мәліметінше, қабылданған шаралардың нәтижесінде мердігер ұйым құрылыс жұмыстарын толық көлемде аяқтап, мектеп белгіленген мерзімде пайдалануға берілді.

Сайт Әкімшілігі