Саясат

Трамп: Ираннан кейін Украинадағы соғысты тоқтатуға күш саламыз

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран төңірегіндегі қақтығыс реттелгеннен кейін Ақ үй басты назарын Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға аударатынын мәлімдеді.

Фото: Reuters

Бұл туралы ол Францияның Эвиан-ле-Бен қаласында өткен G7 саммиті аясындағы баспасөз мәслихатында айтты.

– Енді бұл мәселе шешілген соң, назарымызды осыған аударамыз. Оны да реттей аламыз ба, көрейік, – деді Трамп Украинадағы соғыс туралы сұраққа жауап бере отырып.

АҚШ президентінің айтуынша, ол жақында Украина президенті Владимир Зеленский және Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескен. Трамп бұл әңгімелерді «өте жақсы өтті» деп бағалады.

Оның пікірінше, қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуге мүмкіндік әлі де бар.

– Меніңше, бұл бағытта да белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болады. Шынымен солай ойлаймын. Екі көшбасшы да келіссөз жүргізуге ашық сияқты, – деді Ақ үй басшысы.

Трамп сондай-ақ соғыс салдарынан ай сайын ондаған мың адамның, негізінен әскери қызметкерлердің қаза тауып жатқанын айтып, мұндай жағдайдың жалғаса беруіне жол бермеу керегін атап өтті.

Бұған дейін Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков 14 маусым күні Путиннің Трампқа телефон шалып, оны 80 жас мерейтойымен құттықтағанын хабарлаған болатын. Ушаковтың сөзінше, әңгіме барысында Трамп Украинадағы соғысты мүмкіндігінше тезірек тоқтату қажеттігін тағы да көтерген.

Ресей тарапының мәлімдеуінше, Трамп Украина мәселесін еуропалық серіктестермен және Киевпен, соның ішінде G7 саммиті алаңында да талқылауға дайын екенін білдірген.

Соған қарамастан, Мәскеу мен Киев бір-бірін қақтығысты созып отыр деп айыптауды жалғастыруда. Тараптар азаматтық инфрақұрылым нысандарына жасалған шабуылдар үшін де өзара кінә артып келеді.

Сарапшылардың пікірінше, егер АҚШ пен Иран арасындағы келісім шынымен жүзеге асса, Вашингтон дипломатиялық ресурстарының бір бөлігін Украина бағытына қайта бағыттауы мүмкін. Алайда Ресей мен Украина арасындағы соғыс Таяу Шығыстағы дағдарысқа қарағанда әлдеқайда күрделі әрі көпқабатты мәселе болғандықтан, ықтимал келіссөздердің нәтижесі әзірге белгісіз күйінде қалып отыр.

Сайт Әкімшілігі