Саясат

Трамп Иранмен келіссөздерге көңілі толмайтынын айтып, соққылар қайта басталуы мүмкін екенін меңзеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен жүргізіліп жатқан келіссөздерге наразы екенін мәлімдеп, әскери іс-қимылдардың қайта жандануы мүмкін екенін жоққа шығармады.

Фото: Reuters

Бұл туралы ол жиын барысында айтты. Саясаткердің сөзін Ақ үйдің YouTube арнасы тікелей эфирде көрсетті.

Трамптың айтуынша, Тегеран қазір қақтығысты тікелей келіссөз арқылы шешуге дайын. Алайда Вашингтонды Иран тарапы ұсынып отырған шарттар қанағаттандырмай отыр.

«АҚШ не өзіне тиімді келісімге қол жеткізеді, не бұл мәселені түбегейлі шешеді. Не болатынын көреміз», – деді Трамп.

Оның бұл сөзі Иранмен соғыстың қайта басталуы мүмкін екеніне ишара ретінде бағалануда.

Сонымен қатар АҚШ президенті Иранның жоғары деңгейде байытылған уран қорын тапсыруы үшін санкцияларды жеңілдету ұсынысы өзін қанағаттандырмайтынын айтты.

Трамптың сөзінше, Тегеран «жоғары деңгейде байытылған уранды беруге дайын, бірақ санкцияларды жеңілдету шартымен ғана».

27 мамыр күні Reuters агенттігі Иран мемлекеттік телеарнасына сілтеме жасап, Тегеран АҚШ-пен өзара түсіністік туралы меморандумның «алғашқы әрі бейресми» жобасын алғанын хабарлады.

Жобаға сәйкес, Иран бір ай ішінде Ормуз бұғазы арқылы өтетін коммерциялық кеме қатынасын соғысқа дейінгі деңгейге дейін қалпына келтіруге міндеттеледі. Ал АҚШ өз кезегінде Иран маңындағы қарулы күштерін кері шығарып, теңіз блокадасын тоқтатуы тиіс.

Сайт Әкімшілігі