Бибісара Асаубаева Норвегияда өткен турнирде бірінші орыннан түсіп қалды
Норвегияда өтіп жатқан беделді Norwegian Chess турнирінде қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева көшбасшылық орнынан айырылды.
Турнирдің төртінші турында Бибісара қазіргі әлем чемпионы, қытайлық Джу Вэньцзюньмен кездесті. Классикалық форматтағы партия тең аяқталғанымен, қазақстандық шахматшы «Армагеддон» тай-брейкінде жеңіске жетіп, 1,5 ұпай еншіледі.
Алайда бесінші раундта Асаубаеваға украиналық Anna Muzychuk қарсы тұрды. Негізгі ойын тағы да тең нәтижемен аяқталды. Бірақ бұл жолы «Армагеддонда» қарсыласы басым түсіп, 1,5 ұпайға ие болды. Ал қазақстандық спортшының қоржынына 1 ұпай жазылды.
Осы нәтижеден кейін Бибісара Асаубаева турнирлік кестеде екінші орынға түсіп қалды. Қазіргі таңда жарысты үндістандық Дивья Дешмух бастап келеді.
Norwegian Chess әлемнің үздік шахматшылары қатысатын ең беделді турнирлердің бірі саналады.