Қазақстанда руға бөлінуді насихаттайтын ұйымдарға тыйым салу ұсынылды
Олжас Бектенов Қазақстанда ру немесе тайпаға бөлінуді насихаттайтын қоғамдық ұйымдардың жұмысына заң жүзінде шектеу енгізу ұсынылып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазТАГ.
Премьер-министрдің айтуынша, қоғам бірлігіне сызат түсіретін ұйымдардың қызметіне байланысты заңнамаға түзетулер дайындалған. Қазір бұл өзгерістер мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр.
Жаңа талаптарға сәйкес, атауында немесе қызметінде ру-тайпалық белгілер байқалатын коммерциялық емес ұйымдарды тіркеуге тыйым салу көзделген. Сондай-ақ республикалық мәртебе алу талаптары күшейтіліп, заң бұзған бірлестіктерді тарату тәртібі қатаңдатылмақ.
Үкімет басшысы мұндай шаралар қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, ұйымдардың ашық жұмыс істеуін қамтамасыз ету және қоғамдық бірлестіктердің мемлекеттік органдардың қызметіне араласуына жол бермеу үшін қажет екенін айтты. Сонымен қатар заңды тұлғалардың атауында мемлекеттік органды немесе ресми құрылымды еске салатын сөздерді қолдануға да шектеу қойылуы мүмкін.
Премьер-министрдің мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанда атауында «би», «билер кеңесі», «бас би» сөздері бар 20 қоғамдық ұйым тіркелген. Оның үшеуі республикалық, қалғаны жергілікті деңгейде жұмыс істейді.
Тексеру барысында кейбір ұйымдардың заң талаптарын толық орындамағаны анықталған. Атап айтқанда, екі республикалық ұйым ел аймақтарының жартысынан көбінде бөлімше ашпаған. Осыған байланысты оларды мәжбүрлі түрде жабу жұмыстары басталған.
Сондай-ақ бірқатар ұйымның нақты мекенжайда жұмыс істемейтіні және салық талаптарын бұзғаны белгілі болды. Төрт ұйым әрекетсіз салық төлеуші ретінде танылған.
Олжас Бектенов қоғамдық ұйымдардың сот немесе құқық қорғау органдарының қызметіне араласуына заң бойынша жол берілмейтінін де еске салды. Оның сөзінше, мұндай ұйымдардың қабылдаған шешімдерінің заңдық күші болмайды.