Қарағандыда теміржол бойында жолаушылар вагондары өртенді
Қарағандыда теміржол бойында тұрған жолаушылар вагондары өртенді.
Қарағанды облыстық ТЖД мәліметінше, өрт Новоселов көшесіндегі жеке көлік компаниясының аумағында болған.
Өрт туралы хабар сағат 12:29-да түскен.
Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер бір-біріне тіркелген, пайдаланылмай тұрған үш жолаушылар вагоны жанып жатқанын анықтаған.
Өрт салдарынан вагондардың ішкі бөлігі толықтай жанып кеткен. Жалпы өрт аумағы 120 шаршы метрді құрады.
Құтқарушылар оттың таралуын жедел тоқтатқан. Бұл аса маңызды болған, өйткені өрт шыққан жердің маңында тұрғын үйлер орналасқан.
Оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
«Оқиға орнына барған кезде көлік компаниясының аумағында пайдаланылмай тұрған үш жолаушылар вагоны өртеніп жатқаны анықталды. Өрттің жалпы аумағы 120 шаршы метрді құрады. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ», – деді Қарағанды облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Құрмет Жұмекенов.