Әлеумет

Грузияда 18 жастағы қазақстандық ұсталды: оған 20 жылдан өмір бойына дейін жаза қаупі бар

Грузияда есірткіге қатысты қылмыс күдігімен 18 жастағы Қазақстан азаматы ұсталды. Бұл туралы Грузия ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Грузия ІІМ

Мәліметке сәйкес, Имеретия өңірінде Қазақстан мен Украина азаматтары – 2008 жылы туған жігіт пен қыз әртүрлі уақытта ұсталған. Тергеу олардың ірі және аса ірі көлемде есірткіні заңсыз сақтау және өткізуге қатысы барын анықтаған.

Атап айтқанда, күдіктілердің аса ірі партиядағы метадон сақтап, таратумен айналысқаны белгілі болды. Тінту барысында олардың жеке заттары мен уақытша тұратын жерінен есірткі табылған. Сонымен қатар, тергеу эксперименті кезінде күдіктілер есірткіні «жасырып кететін» орындарды өздері көрсеткен.

Полиция сондай-ақ есірткіні қаптауға арналған құралдарды да тәркілеген.

Аталған дерек бойынша Грузия Қылмыстық кодексінің 260 және 260 (4)-баптары бойынша іс қозғалды. Бұл баптар 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Бұған дейін Дубайда 22 жастағы қазақстандық азамат өмір бойына сотталып, 300 млн теңге көлемінде айыппұл салынғаны хабарланған еді. Оның анасы ұлына тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Грузия