«Таза Қазақстан»: елордалық зейнеткерлер ағаш отырғызу экологиялық акциясына қатысты
Елордада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кезекті көгалдандыру шарасы өтті.
Бұл жолы бастамаға Астанадағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызметкерлері мен күміс еріктілер қатысып, әлеуметтік нысан аумағына ағаш көшеттерін отырғызды.
Экологиялық акцияға Алматы және Сарайшық аудандарындағы күміс еріктілер де белсенді түрде атсалысты. Олар орталық қызметкерлерімен бірге алдағы уақытта жасыл желекке айналатын аумақты абаттандыру жұмыстарына қатысты.Шара барысында қатысушылар 20 түп жас ағаш отырғызды. Мамандардың айтуынша, көшеттердің барлығы арнайы таңдалып алынған және оларды күтіп-баптау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Бірнеше жылдан кейін бұл аумақ тұрғындар үшін жайлы демалыс орнына айналып, қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға өз үлесін қоспақ.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялардың мақсаты тек ағаш отырғызумен шектелмейді. Олар тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға және қоғамның әртүрлі буын өкілдерін ортақ іске жұмылдыруға бағытталған.
Күміс еріктілердің қатысуы акцияға ерекше мән берді. Зейнет жасындағы азаматтар өздерінің белсенді өмір салтын ұстанып қана қоймай, жастарға үлгі көрсетіп, туған қаланы көркейту ісіне үлес қосуда. Олар мұндай шаралар ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, қоғамдағы бірлік пен өзара қолдауды арттыратынын атап өтті.
Экологиялық бастама барысында қатысушылар табиғатты аялау, қоғамдық орындарды таза ұстау және жасыл аймақтарды көбейту мәселелеріне де назар аударды. Олардың пікірінше, ағаш отырғызу – болашақ ұрпаққа қалдырылатын маңызды мұралардың бірі.
Мамандардың айтуынша, қалалардағы жасыл желек көлемінің артуы ауаның сапасын жақсартып, жаз мезгіліндегі ыстықты азайтуға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан соңғы жылдары Астанада көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп келеді.
Ұйымдастырушылар мұндай акциялар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтіп, қала тұрғындарын қоршаған ортаны қорғау және елорданы көгалдандыру бағытындағы бастамаларға белсенді қатысуға шақырды.