Оқиғалар

Қазақмыс өндірісті басқаруға цифрлық құралдарды жоспарлы түрде енгізуде

«Қазақмыс» Тобы өндірісті цифрлық трансформациялау бағдарламасын кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді.

Фото: Қазақмыс

2026 жылы компания ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс (ҒЗТКЖ) бағыты бойынша цифрлық құралдарды енгізуге 3,3 млрд теңге, ал геотехникалық жұмысты сүйемелдеуге және үш өлшемді геомеханикалық модель жасауға 800 млн теңгеден астам қаржы бөлді.

Негізгі бағыттардың бірі – тау-кен жұмысын жоспарлау үдерісін цифрландыру. Қазіргі уақытта кәсіпорындарда кен орындарының блоктық және қаңқалық модельдері қолданылып келеді. Келесі кезеңде литологиялық, құрылымдық және геомеханикалық деректерді біріктіретін кешенді үш өлшемді модельдерді әзірлеу жоспарланған. Бұл тау-кен-геологиялық жағдайды болжау дәлдігін арттыруға, жоспарлау сапасын жақсартуға, қорды игеру тиімділігін көтеруге және өндірістік тәуекелді төмендетуге мүмкіндік береді.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылуда. Негізгі желдеткіш қондырғыларды автоматтандыру жалғасуда, сондай-ақ аэрогаздық бақылау жүйесі кеңейтіліп жатыр. Оның аясында «Жомарт» кенішінде қосымша стационарлық датчиктер орнатылуда. Сонымен қатар персонал мен техниканың соқтығысуын болдырмайтын L9 деңгейлі жүйелер, сейсмикалық мониторинг жүйесі, газталдағыштан деректі автоматты түрде беру жүйесі және апаттардың алдын алуға арналған басқа да цифрлық шешімдер сынақтан өткізілуде.

«Jezqazgan Tau-ken Ondirisi» ЖШС Бірыңғай диспетчерлік қызметі цифрлық трансформацияның негізгі элементі болмақ. Кәсіпорынның қолданыстағы ақпараттық жүйелерін біріктіретін бірыңғай бағдарламалық платформа әзірленуде. Ол өндірістік үдерісті, өнеркәсіптік қауіпсіздікті, жабдықтардың және инженерлік инфрақұрылымның жұмысын, сондай-ақ персонал мен көліктің орналасуын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

Бұған қоса деректерді жинап, сақтауға және талдауға арналған бірыңғай өндірістік платформа құрылуда. Техниканың жағдайын, жұмыс режимін, жанармай шығынын, тоқтап қалуын және басқа да көрсеткіштерін бақылауға мүмкіндік беретін тау-кен техникасының борттық компьютерлері негізгі дерек көзі ретінде қолданылады. Бұл жабдыққа нақты техникалық жағдайына қарай қызмет көрсетуге, техниканы пайдалану тиімділігін арттыруға, шығынды азайтуға және өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

Сонымен қатар өндірістік үдерісті бақылаудың цифрлық жүйесі дамытылуда. Қолжетімділікті бақылау және басқару жүйесін (ҚББЖ), автоматтандырылған медициналық тексеру жүйесін (АМТЖ) енгізу және оларды персонал мен көлікті позициялау жүйесімен интеграциялау жұмыскерлердің өндірістік операцияларға қолжетімділігін бақылауға мүмкіндік береді және өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттырады.

Позициялау жүйесі негізінде негізгі өндірістік үдерістер де автоматтандырылуда: электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып электронды жүктелім-тапсырма беру, жұмыс орнының дайындық деңгейін бағалау, тау-кен шахталық жабдықты қабылдау-тапсыру үдерісін цифрландыру және бақылау-профилактикалық жұмысты автоматтандыру жүзеге асырылуда. Барлық ақпарат кеніштің цифрлық картасында көрсетіліп, өндірістік тапсырманың орындалуын жедел бақылауға мүмкіндік береді.

Цифрлық экожүйені толықтыра отырып, негізгі өндірістік және корпоративтік қызметтерді біріктіретін жұмыскерлерге арналған SEN мобильді қосымшасы дамытылуда. 

Аталған жобаларды кешенді түрде іске асыру өндірісті бір цифрлық жүйеге біріктіреді. Соның нәтижесінде «Қазақмыс» Тобының кәсіпорындарында жоспарлау нақтыланып, өндіріс барысы ашық бақыланады, тиімділік пен қауіпсіздік қамтамасыз етіледі.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Қазақмыс