Қырғызстанда экс-ҰҚК басшысы Қамшыбек Тәшиевке қатысты сот кейінге шегерілді
Қырғызстанда бұрынғы Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қамшыбек Тәшиевке қатысты сот процесінің басталуы кейінге қалдырылды. Бұл туралы оның адвокаты Икрамидин Айтқұлов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Бішкектегі Первомай аудандық сотындағы тыңдаулар қорғау тарапы тергеу қаулыларына қатысты шағымдарды қалалық сотта толық қарап шыққаннан кейін және барлық айыпталушылар іс материалдарымен танысып болған соң жалғасады.
Адвокаттың сөзінше, Қамшыбек Тәшиев алдағы сот отырыстарына жеке қатысуға ниетті. Бұрынғы шенеунік өзіне тағылған айыптарды толық жоққа шығарып, ақтау үкіміне үміттеніп отырғанын айтқан. Сонымен бірге ол жақтастарын сабыр сақтап, заң аясынан шықпауға шақырды.
Іс материалдары құпия болғандықтан, сот процесі жабық режимде өтіп жатыр. Қатысушыларға тергеу деректерін жариялауға тыйым салынған.
Тәшиевке қарсы қылмыстық іс «75-тің хаты» деп аталған ашық үндеумен байланысты. Биыл ақпанда бір топ саясаткер мен қоғам белсендісі Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа үндеу жариялап, мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді ұсынған еді. Олар Конституция өзгергеннен кейін президент өкілеттігінің мерзіміне қатысты құқықтық даулар туындағанын мәлімдеген.
Осы хат жарияланғаннан кейін Қырғызстан Ішкі істер министрлігі қылмыстық іс қозғап, үндеуге қол қойғандардың бір бөлігін ұстаған.
Айыпталушылар қатарында Қамшыбек Тәшиевтен бөлек бұрынғы бас прокурор Құрманқұл Зулушев пен экс-спикер Нұрланбек Тұрғынбек уулу де бар.
Оларға қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану және конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге бағытталған әрекеттер бойынша айып тағылған.