Ақтөбедегі жарылыстан кейін жанармай құю бекетінің иесі ұсталды
Ақтөбеде үш адамның өмірін қиған қайғылы оқиғаға байланысты газ құю бекетінің иесі ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді.
Тергеу мәліметінше, жарылыс салдарынан көлікте болған әйел мен екі бала қаза тапқан. Тағы бір адам ауыр күйік жарақаттарын алып, ауруханаға жеткізілген.
Құқық қорғау органдары газ құю станциясының иесін күдікті ретінде ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 281-бабы («Жарылыс қаупі бар нысандардағы қауіпсіздік талаптарын бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері мен барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша күдіктінің әрекетіне құқықтық баға беріледі.