Әлеумет

БАӘ: Иран бір айдан кейін алғаш рет ракета және дронмен соққы жасады

Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) АҚШ пен Иран арасындағы бітімнен кейін алғаш рет Тегеран тарапынан соққы жасалғанын мәлімдеді.

Фото: fdd.org

БАӘ Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, 4 мамыр күні Иран тарапынан ұшырылған 19 зымыран мен дрон әуе қорғаныс жүйелері арқылы жойылған. Олардың ішінде 12 баллистикалық зымыран, 3 қанатты зымыран және 4 дрон болған.

Эль-Фуджайра мұнай кешені маңында дрон соққысынан кейін өрт шыққан. Салдарынан Үндістанның үш азаматы жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. 5–8 мамыр аралығында БАӘ мектептері онлайн форматқа көшірілді.

Оман билігі де елдің БАӘ-мен шекарасына жақын Букха қаласына соққы жасалғанын хабарлады. Нәтижесінде тұрғын үй зақымданып, екі шетелдік жұмысшы жараланған.

БАӘ Сыртқы істер министрлігі Иранның әрекетін «қауіпті эскалация» деп атап, жауап беру құқығын өзінде қалдыратынын мәлімдеді.

Ал Иран мемлекеттік телеарнасы жоғары лауазымды әскери дереккөзге сілтеме жасап, Тегеранның БАӘ-ге шабуыл жасау жоспары болмағанын хабарлады.

АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде Иранның бірнеше нысанаға, соның ішінде Ормуз бұғазындағы оңтүстіккореялық кемеге соққы жасағанын жазды. Оның айтуынша, америкалық күштер Иранның жеті катерін жойған.

Бұған дейін АҚШ «Project Freedom» операциясы аясында Ормуз бұғазында тұрып қалған кемелерді алып жүру жоспарын жариялаған еді. Ал Иран мұндай әрекетті бітімді бұзу деп бағалайтынын ескертті.

Сайт Әкімшілігі