Оқушылардың қорытынды емтихан тапсыру мерзімі бекітілді
Оқу-ағарту министрлігі 9 және 11-сынып оқушыларына арналған қорытынды және мемлекеттік емтихандардың нақты мерзімдерін бекітті.
Министрлік мәліметінше, 9-сынып оқушылары қорытынды емтихандарын 29 мамыр мен 11 маусым аралығында тапсырады. Олар міндетті пәндер бойынша төрт жазбаша емтиханнан өтеді.
Ал 11-сынып түлектерінің мемлекеттік емтихандары 2–15 маусым күндері ұйымдастырылады. Түлектер жалпы бес емтихан тапсырады, оның біреуі ауызша форматта өтеді.
Сондай-ақ мектеп бітірушілерге аттестат тапсыру рәсімі 17–18 маусым аралығына жоспарланған. Салтанатты іс-шаралар мектеп ғимаратында өткізіліп, оны ұйымдастыру мектеп басшысының бұйрығы және ата-аналар комитетімен келісім негізінде жүзеге асырылады.