Қарағанды облысында 13 жастағы оқушы суға батқан баланы құтқарып қалды
Қарағанды облысында 13 жастағы оқушы көлге батып бара жатқан төрт жасар баланы құтқарып қалды.Оқиға Бұқар жырау ауданындағы Семізбұғай көлінде болған.
Қатты желдің әсерінен төрт жасар баланың мініп жүрген үрлемелі матрасы аударылып, бала суға түсіп кеткен. Сол маңда жүрген тоғызыншы сынып оқушысы Нұралы Алхан жағдайды көре сала көмекке ұмтылып, баланы судан алып шыққан.
Жасөспірімнің батылдығы туралы ақпарат әлеуметтік желіде тараған. Осыдан кейін Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Негмет Исмағұлов Нұралыны анасы және бауырларымен бірге кездесуге шақырды.
Полиция басшысы оқушыға ерлігі үшін алғыс айтып, Ішкі істер министрлігінің арнайы белгісі бар қолсағат табыстады. Сонымен қатар оның бауырларына да сыйлықтар берілді. Ал алты баланы тәрбиелеп отырған Нұралының анасына алғыс хат тапсырылды.
Нұралының айтуынша, ол баланы құтқару кезінде көп ойланбастан әрекет еткен. Өйткені оның бес бауыры бар. Сол сәтте суға кеткен баланың орнына өз бауырларының бірін елестеткен.
Оқушының дер кезінде көрсеткен көмегі төрт жасар баланың өмірін сақтап қалуға себеп болды.