Қоғам

Астанада жасөспірімдер самокатпен автобус жолағына шығып, жол апатына ұшырады

Астанада электросамокат мінген үш жасөспірім автобуспен соқтығысып, жол апатына түсті.

Фото: ашық дереккөз

Оқиға 13 тамызда Түркістан көшесінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірімдер электросамокатпен көлік қозғалысына қарсы бағытта автобус жолағымен жүрген. Сол кезде Yutong автобусы аялдамаға кіре бастаған.

Куәгерлердің айтуынша, үш жасөспірім автобус пен жол жиегінің арасындағы тар жерден өтіп кетпек болған. Алғашқы екеуі үлгергенімен, үшіншісі автобусқа ілініп, көліктің астына түскен. Самокат автобустың дөңгелегінің астында қалған. Соққыдан автобустың алдыңғы әйнегі де жарылған.

Жасөспірім ауруханаға жеткізілген. Алдын ала ақпарат бойынша, ол ауыр жарақат алмаған. Дәрігерлер тексергеннен кейін жасөспірімді амбулаториялық ем қабылдауға жіберген.

Қазір полиция жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Сайт Әкімшілігі