Қоғам

Alemcredit.com сайтына қатысты алаяқтық ісі тергеліп жатыр

Алматыда Alemcredit.com интернет-ресурсы арқылы азаматтарға криптовалюта түрінде микрокредит береміз деген желеумен жасалған алаяқтық дерегі бойынша тергеу басталды.

Фото: из открытых источников

Істі Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен жүргізіп жатыр.

Тергеу нұсқасына сәйкес, ықтимал қарыз алушылар әлеуметтік желілердегі жарнамалар арқылы тартылған. Жарнамада азаматтарға тиімді шарттармен қарыз берілетіні туралы ақпарат таратылған.

Қарыз рәсімдеу кезінде азаматтардан жеке басын сәйкестендіру, дербес мәліметтерін ұсыну және электронды құжаттарға қол қою талап етілген. Алайда құжаттарға қол қойылғаннан кейін мәміленің нақты талаптары бастапқыда көрсетілген шарттардан айтарлықтай өзгеше болған.

Атап айтқанда, қарыз алушылардың шоттарына уәде етілген сомадан әлдеқайда аз қаражат түскен. Оның бір бөлігі алдын ала хабарланбаған комиссиялар мен басқа да төлемдер ретінде ұсталған.

Сонымен қатар азаматтарға келісім жасалғанға дейін қарыздың толық құны, артық төлем көлемі, сыйақы мен айыппұлдар туралы ақпарат толық берілмеген.

Тергеу барысында қаражаттың үшінші тұлғаларға тиесілі банк карталары, яғни дропперлер арқылы қайтарылғаны анықталған.

Интернет-ресурстың жұмысын қамтамасыз ету және клиенттермен байланыс орнату үшін заңды тұлғалар, телекоммуникациялық ресурстар мен түрлі техникалық құралдарды қамтитын инфрақұрылым пайдаланылған.

Тінту кезінде жаппай SMS-хабарлама таратуға арналған SIM-бокстар мен көп мөлшердегі SIM-карталар тәркіленді.

Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, істің өзге де мән-жайлары жарияланбайды.

Сайт Әкімшілігі