Ақмола облысында көкпар кезінде 14 жастағы жасөспірім қаза тапты
26 мамыр күні Рақымжан Қошқарбаев ауылдық округінде өткен жеке көкпар жаттығуы кезінде 14 жастағы жасөспірім көз жұмды.
Ол аттан құлап, есінен танып қалған. Кейін қайтыс болғаны белгілі болды.
Жаттығу ересектер арасында өтуі тиіс болған. Бастапқыда балалардың қатысуы жоспарланбаған. Марқұм оқиға орнына туыстарымен бірге келген. Кейін ойыншылардың бірі келмей қалғандықтан, жасөспірімді ойынға қосқан.
Сондай-ақ бұл жарыс еш жерде ресми тіркелмеген және келісілмеген болып шықты. Ақмола облыстық спорт басқармасы оқиғаға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Аудан әкімдігі де шара туралы хабардар болмағанын айтты.
Қазіргі уақытта Ақмола облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында ұйымдастырушылар мен қатысушылардың қауіпсіздігіне жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілмек.