Оңтүстік Кореяның экс-премьеріне берілген жаза мерзімі қысқартылды
Оңтүстік Кореяда бұрынғы премьер-министр Хан Док Суға қатысты шығарылған үкім қайта қаралып, түрме жазасының мерзімі қысқартылды.
Сеул апелляциялық соты экс-премьердің ісін қарап, бұрын белгіленген 23 жылдық жаза мерзімін 15 жылға дейін азайтты. Сот шешіміне оның әскери жағдай енгізілгенге дейін мемлекет қызметінде 50 жылдан астам еңбек еткені әсер еткен.
Сот төрағасының айтуынша, іс материалдарында айыпталушының бүлік әрекеттерін алдын ала ұйымдастырғаны немесе операцияны жүйелі түрде басқарғаны жөнінде нақты дәлелдер жеткіліксіз болған.
Сонымен бірге сот Хан Док Судың өзіне жүктелген жоғары мемлекеттік жауапкершілікті толық атқармағанын және бүлікке қатысы бар тараптарды қолдағанын атап өтті.
Еске салсақ, биыл 21 қаңтарда бұрынғы премьер-министрге елдегі әскери жағдай енгізуге байланысты бүлікке жәрдемдесті деген айыппен 23 жыл түрме жазасы кесілген болатын.